Алматыда 6 мыңға жуық адамның денсаулығы тексерілді

Алматыда жылжымалы медицина кешендері 6 мыңға жуық адамның денсаулығын тексерді. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз-орталығында қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев айтты. 

Қанат Төсекбаев, брифинг
Фото: Almaty.gov.kz

Басқарма басшысының айтуынша, қалада қазір тұрғындардың денсаулығын тексеру айлығы өтіп жатыр. Оған басқармаға бағынышты медицина мекемелері түгел қатысып отыр. Айлықтың алғашқы нәтижелері белгілі болды.

Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша сапалы медицина қызметін көрсететін жылжымалы топтар жасақталды.

Басты мақсат – тұрғындарға жақындау, олардың медицина қызметін алуына жағдай жасау, азаматтардың денсаулығын сақтау және қолдау көрсету, аурудың алдын алу мен дамуына жол бермеу.

Қанат Төсекбаевтың айтуынша, айлық барысында қаланың шет аймағындағы ықшамаудандардың тұрғындарына баса назар аударылды.

Тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін жылжымалы кешендер заманауи қондырғылармен жабдықталған. Алматылықтарды жоғары маманданған медицина қызметкерлері, олардың ішінде терапевтер, педиаторлар, кардиологтар, хирургтер, лор және басқа да кәсіби дәрігерлер қабылдады.

Айлық барысында пациенттер холестерин деңгейін, қандағы қант мөлшерін білді, экспресс-тестілеу жүргізу арқылы ВИЧ-инфекциясы мен терінің созылмалы ауруларының бар-жоғын және антропометрия арқылы дене массасының индексін анықтады, көз қысымын өлшеді, ФГ-тексеруден өтті, фтизиатрға және басқаларға қаралды.

Айлық аясында медицина қызметкерлері халыққа регистр арқылы тіркелу және мобайл қосымшалар орнату жөнінде ақпараттық-түсіндіру жүргізді.

1-13 тамыз аралығында қаланың 20-дан астам шет аймағындағы 5 704 тұрғын медициналық тексерулерден тегін өтіп, түрлі кеңес алды.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша медицина мекемелерінің жабдықталуына орай аудит жүргізілгенін айтты. Аудит 71 емдеу мекемесін, оның ішінде 14 стационарды, бастапқы медициналық-санитарлық көмектің 38 ұйымын, 7 перзентхана мен тағы 12 мекемені қамтыды.

Мониторинг 4 критерий бойынша жүрді, олар: санитарлық гигиена, емдеу мекемелері мен олардың бөлімшелерінің эпидемиология жағдайы, медицина қалдықтарын жинаудың, залалсыздандыру мен сақтаудың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарының орындалуы, қабылдау бөлімдерінің 3H жүйесіне сай болуы, бастапқы медициналық-санитарлық көмек пен стационарлардың жарақтанудың ең қарапайым стандарттарына сай болуы.

Қала емханалары мен ауруханаларының жоғары дәлдікті көрсететін қондырғылармен жабдықталуы 60 %-ке жуық. № 20, 21, 25, 26, 27 емханаларда бұл көрсеткіш 22%-ке жетпейді. Биыл осы емханалар үшін жоғары технологиялы диагностика қондырғыларының 35-і алынды: УЗИ, рентген, флюорограф және маммограф, тағы басқалары.

2022 жылдың соңына дейін қала медицина мекемелерінің жабдықталуы 90%-дан кем болмауы керек. Сонымен қатар биыл және келер жылы мемлекеттік-жекеменшік жобаларды белсенді жүзеге асыру жоспарланған.

Мысалы, инвестициялық шығынды қайтармай-ақ, қаланың медицина ұйымдарында қымбат диагностика қондырғыларын орнатуға мүмкіндік бар. №7 қалалық клиникалық аурухананың кардиохирургиялық бөлімінде 5 жылға дейінгі мерзімге мемлекеттік-жекеменшік жобасы жасалып жатыр.