Май ауданында аумағында «Қазақстан археологиялық қоғамы» ұйымының басшысы Виктор Мерц бастаған зерттеушілер жұмыс істеп жатыр. Қалмаққырылған тауы — Сарыарқаның тағдырын шешкен атышулы шайқастың орны әрі еліміздегі ірі тарихи-табиғи кешен. Мұнда қола және ерте темір дәуірінің ескерткіштері бар.
Виктор Мерц ол ескерткіштерді 2008 жылы да зерттеген. Тарихи жәдігерлер қола және ерте темір дәуіріндегі солтүстік-шығыс Сарыарқа көшпелілерінің жерлеу рәсімінен хабар береді.
8 тамыз күні мұнда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Әлкей Марғұлан атындағы археология орталығы мен Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдарынан тұратын экспедицияны алып келді.
Экспедиция кезінде Қалмаққырылған тауынан зират орындары табылып, жартастағы жазулар анықталды. Ғалымдар Әулиеүңгірді зерттеп, Қызқұлаған, Гауһар биігі, Бас малай, Орта Малай, Кіші Малай, Қарнақ орындарына қатысты көптеген аңыз-дастанды қағазға түсірді. Қалмаққырылған тауы мен Түндік өзенінің аралығындағы топонимика атаулары да ғалымдардың зерттеу нысанына айналады.