Алматы агломерациясын дамыту бағдарламасы жасалады

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматыны дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында қолжетімді тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар салу, жұмыспен қамту, көлік пен жол инфрақұрылымын, кәсіпкерлікті дамыту, туризм әлеуетін іске асыру мәселелері талқыланды.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев пен оның орынбасары Ілияс Өсеров қаланы дамыту жобалары туралы баяндады.

Асқар Мамин Алматының шеткері аудандары мен Алматы облысының іргелес аумағын дамыту жөнінде де кеңес өткізді.

2019 жылы ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ірі қалалардың шеткері аймақтарының мәселелерін жыл сайын шешіп отыруға 30 миллиард теңге, оның ішінде Алматының шеткері аймақтарына 10 миллиард теңге бөлінді.

Агломерация тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі шараларды жүзеге асыру қала мен облыстың 730 мыңнан астам тұрғынын тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді Аcқар Мамин.

Премьер-министр кеңес қорытындысы бойынша Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, Алматының және Алматы облысының әкімдіктерімен бірлесіп, қала маңындағы аудандарды, іргелес аумақтарды дамыту бойынша іс-шараларды уақытылы жүзеге асыруды, қаржыландыру мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Біз Алматыда және Алматы облысында бірлескен жобаларды іске асырудан синергетикалық нәтиже алуымыз керек. Ол үшін Алматы агломерациясын дамыту бағдарламасын әзірлеу керек. Қазір түрлі бағытта — энергетика, көлік, тұрғын үй, денсаулық сақтау салаларын дамытуда бірлескен жобалардың тізімі құрылды, — деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы қала мен облыстағы халық санының жоғары қарқымен өсуіне байланысты дамудың өзекті мәселелерін шешіп, сол арқылы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет екенін айтты.

Асқар Мамин бірлескен жобаларды іске асыру және алға жылжыту үшін Алматының және Алматы облысының жобалар офисін құруды тапсырды.

Үкімет басшысы «Урбанистика орталығы» мен №405 авиажөндеу зауытында болып, Алматы құрылысының жаңа жобасымен, қаланың құрылыс индустриясын дамыту жоспарларымен танысты, Құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиынға қатысты.

Алматыға жұмыс сапары барысында Премьер-министр Аюсай шатқалын тазартуға арналған экологиялық сенбілікке де қатысты.

Асқар Мамин Алматыда сенбілікке қатысты
Фото: Primeminister.kz