Павлодарда ASAR IIІ республикалық форумы өтеді

Үкіметтік емес ұйымдар — бизнес — мемлекет серіктестігінің ASAR IIІ республикалық форумы биыл 21-22 тамызда Павлодарда өтеді.

Форум жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерді шешуде бизнес, үкіметтік емес сектор және мемлекеттік органдардың күш-жігерін белсенді етуге бағытталған. Форум «әр жылы — жаңа өңір» қағидасы бойынша өтеді.

Форум жұмысына бизнес-құрылым, отандық және халықаралық ҮЕҰ, сарапшылар қауымдастығы, орталық және мемлекеттік органдар өкілдері қатысады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, форум 4 бағытта болады: SOCIAL ASAR — «Бизнестің әлеуметтік саланы дамытуға қатысуының тиімді модельдері», ЕCO ASAR — «Жасыл» серіктестік форматындағы әлем», IT ASAR — «Әлеуметтік саланың инновациялық дамуындағы IT-жобалардың ролі» және INCLUSIVE ASAR — «Инклюзив қоғам уақыты.

Екі күндік форум шеңберінде «Әлеуметтік инновациялар: өңірлік даму жетістігінің формуласы» тақырыбында пленарлық отырыс өткізіледі. Оның аясында үшжақты әріптестікті және оның тетіктерін дамыту, әлеуметтік инвестициялар бағыттарының парадигмасындағы бизнестің қызметі, «кіші» отанды дамытуға қажет әлеуметтік инвестициялар және тағы басқа мәселелер талқыланады.

Сонымен қатар мастер-кластар, case-study семинарлары, workshop-тар, «#7 Спикер» интеллектуалдар конференциясы ұйымдастырылады.

Алғаш рет ASAR Аctivity жобасын ұйымдастыру жоспарланып отыр, форумға қатысушылар оның шеңберінде #Birge #TazaQazaqstan республикалық акциясына қосылады. Платформада үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларының конкурсы өткізілді. 144 өтініштің ішінен 100 жоба үздік деп танылды. Форум барысында осы жобалар таныстырылады.

Кез келген адам форумға онлайн-тіркеуден өтіп қатыса алады. Форумды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Павлодар облысының әкімдігі және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ ұйымдастырып отыр. Негізгі серіктестері — Eurasian Resources Group (ERG), Конрад Аденауэр атындағы қор және Кәсіпкерлердің «Атамекен» ұлттық палатасы.

Айта кетейік, алғашқы ASAR форумы 2017 жылы Атырауда, екінші форум 2018 жылы Талдықорғанда өтті.

ДереккөзInform.kz