Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Құрметті қауым! Баршаңызды қасиетті Құрбан айттың келуімен құттықтаймын. Айт қабыл болсын! Отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс пен ынтымақ, Алланың амандығын тілеймін! — деді Бас мүфти.

Серікбай қажы Ораздың айтуынша, Құрбан айт — исі мұсылманның ұлық мейрамы. Айт күндері ағайын-жұрт бір-біріне: «Айт қабыл болсын!» деп, ізгі тілектерін жеткізіп, алғыстарын жаудырады. Туыс пен бауырға, көрші мен дос-жаранға айттап бару, қадірлі қонаққа айттық беріп, үлкеннің алғысы мен батасын алу — сонау заманнан жалғасып келе жатқан мұсылмандық дәстүр.

Осы игі дәстүрді қоғамда жаңғыртып, жастарға үлгі-өнеге көрсетуге шақырамын! «Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді. Өйткені Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе — жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), — деп адал ниеттің маңызын атап өткен, — деді діни басқарма төрағасы.

Серікбай қажы Ораз ел азаматтарын Құрбан айт мейрамында мал бағасын шарықтатпауға, пайданы ойламауға үндеді.

Құрбан айтта орындалатын ең қайырлы амал — құрбан шалу. Айт күні жағдайы бар кісілер құрбан шалып, оны қараусыз қалған қариялар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға таратып, сауап алуға тырысады. Алайда айт күндері мал қымбаттап кететін жағдай жиі болады. Осы ретте отандастарымды мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеймін. Өйткені Құрбан айт — қанағат пен қайырымдылықтың мерекесі, — деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.

Бас мүфти Қазақстан халқының айт күндері жасайтын бар игі ісіне сәттілік тіледі.

Ұлық мейрамда жасайтын барша сауапты амалыңыз, қайырымдылық істеріңіз қабыл болғай! Қасиетті Мекке қаласында қажылығын өтеп, еліміздің игілігі үшін дұға жасап жатқан ата-апаларымыздың, бауырларымыздың тілегі қабыл болғай! Алла Тағала баршамызды айттан айтқа аман-есен жеткізіп, ізгі істер мен қуанышты сәттерде басқосуымызды нәсіп еткей! Әмин! — деді Бас мүфти.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!