Басты бетЖаңалықтарАлмазбек Атамбаев...

Алмазбек Атамбаев тергеу изоляторына қамалды

Қырғызстанның бұрынғы Президенті Алмазбек Атамбаев тергеу изоляторына қамалды. Бұл туралы 24.kg агенттігі оның адвокатына сілтеме жасап хабарлады.

Адвокат Сергей Слесаревтің мәліметінше, Бішкектің Первомай ауданының судьясы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне шақырылып, шұғыл отырыс өткен. Судья Алмазбек Атамбаевты 26 тамызға дейін қамауға алу туралы қаулы шығарды. Ішкі істер министрлігінің тергеушісі бұрынғы Президентке қылмыс әлемінің өкілі Азиз Батукаевты заңсыз босату туралы қылмыстық іс бойынша айып таққан.

Менің қорғауымдағы адамға осы хабарламаны берді де, оған бірден бұлтартпау шарасын қолданды, — деді Сергей Слесарев.

7 тамыз күні Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таш ауылындағы резиденциясына екі рет басып кірмек болған еді. Екі операция да сәтсіз аяқталды. Атамбаевтың жақтастары арнайы жасаққа тойтарыс берді. Тәртіпсіздік кезінде 45-ке жуық (кей мәлімет бойынша 50-ге жуық) адам зардап шекті. Арнайы жасақтың бір өкілі қаза тапты.

8 тамыз күні Алмазбек Атамбаевты ұстау арнайы операциясын Ішкі істер министрлігінің арнайы жасағы жүргізді. Оқиға орнына 3 мыңға жуық милиция қызметкері мен арнайы техникалар келді. 2 сағатқа созылған текетірестен соң Алмазбек Атамбаев милицияға берілуге келісті.