ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқулықтарынан қате тапқанын айтты.
Оқулықтарды арнайы қарап шығып, бірнеше қате таптым. Біреулер оларды жаңылысқаннан болған немесе техникалық қате дейді. Ең бастысы — қате екені рас. Неге оқулықта қате кетеді, Білім және ғылым министрлігі оған жол бермеу үшін не істеуі керек? Сол туралы сөйлескіміз келеді, — деді Асхат Аймағамбетов мектептерді қамтамасыз ету және оқулықтар сапасы жөніндегі кеңесте.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептерге оқулықтардың 40%-і жеткізілді.
Оқулықтар сапасына қатысты мәселе жыл сайын көтеріледі. Қоғам мүшелері оқулық сапасы туралы өте көп шағым айтады. Біз көп жағдайда шағымдардың орынды екенін мойындауымыз керек. Қате де, проблема да бар. Оқулықтарды жазғаннан кейін жұмыстың сапасы мен тиімділігін ескеруіміз керек, — деді министр.
Ақпарат құралдарының нақтылауынша, Асхат Аймағамбетов ағылшын тілі, әдебиет, география және физика оқулықтарын тексерген. Министрдің айтуынша, негізінен қарапайым қателер кездескен. Есептерде дұрыс жауап көрсетілмеген және мәтіндердің аудармасында көп қате бар.