Бала кезімде мектептің және ауылдың кітапханасынан шықпайтын едім. Ең алғаш ертегі кітаптарын, кейін балаларға арналған өлеңдерді оқи бастадым. Төрт жасымнан бастап «Балдырған» журналымен дос болып, әр санын жібермей, ертегілерді оқып, өлеңдерді жаттадым. Кейін өсе келе Ганс Христиан Андерсен мен Ағайынды Гриммдердің ертегілерін оқыдым. Жоғары сыныптарға ауысқанда қазақ әдебиеті мен шетел әдебиетінің шығармаларын оқыдым. Меніңше, балалар қазіргі уақытта ауыз әдебиетін оқуы қажет. «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» сияқты жырларды оқып өскен бала отансүйгіш болып өседі. Әсіресе, ұлдар жырдағы батырдай ержүрек болуға ұмтылады.
Қазіргі балалар мен жасөспірімдерге қазақ әдебиетінен Бердікбек Соқпақбаев, Сапарғали Бегалин, Сейітжан Омаровтың шығармаларын оқуға кеңес беремін. Өйткені олардың тілі жеңіл, балаға түсінікті. Өзіне тән жазу стилімен баланы кітапқа қызықтырады. Ал ақындардан Жақан Смақов, Өтепберген Ақыпбекұлының өлеңдерін оқыған жөн. Бұл өлеңдердегі автордың ұйқасы, айтар ойы, әр сөздің мағынасы балаларға ұнайтыны сөзсіз. Сонымен қатар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әли мен Тұманбай Молдағалиевтің балаларға арналған өлеңдері қай уақытта да құндылығын жоймайды.
Қазіргі заман — ол күнделікті дамып жатқан технологиялардың уақыты. Біз бала кезімізде «Ол кім? Бұл не?» деген энциклопедияны ерешке таңданыспен оқыдық. Ол кезде энциклопедиядағы әр ақпарат үлкен жаңалық болды. Ал қазір көз алдымызда жаңа техникалар құрастырылып, қолданысқа еніп жатыр. Сондықтан балалар танымдық әдебиетті оқуы керек. Иә, көркем әдебиетті де оқыған жөн, бірақ танымдық әдебиетті оқуға көп назар аудару қажет. Танымдық әдебиетті оқыған бала жаңа заманға сай мамандықтарға қызыға бастайды. Дүниенің жаратылысы, табиғат, экология, жануарларға қатысты ғылыми мақалаларды оқыған бала сол салаға қарай икемделеді. Өзім National Geographic телеарнасын сүйсініп көріп отырған бірнеше баланы байқадым. Жан-жануардың өмір сүруі, азықтануы, мекен ететін аймағы, олардың түрлері — осының бәрі балаға ерекше қызық. Сондықтан танымдық бағыттағы кітаптарды оқыған бала IT, робот техникасы сияқты мамандықтарға қызығып, өз идеясын іске асыруға ұмтылады.
Әр ата-ана баласымен бірге кітап оқып, оны талдап, жауабы жоқ сұрақтарды түсіндіруі қажет. Сонда бала кітапқа, жалпы өмірдегі құбылыстарға қызығады. Кітап оқыған баланың ойы, қоршаған ортаға деген көзқарасы мен жеке пікірі ерекше болады.