Біріншіcі — Ғабидолла Әбдірахымовтың өзге әкімдерден ерекшеленетін қоғамдық имиджі. Экс-әкімнің БАҚ-тағы немесе Instagram-дағы сөзі, пікірі сайттарда түрлі жаңалықтың тақырыбына және әлеуметтік желілерде талай мемге негіз болғанын жақсы білеміз. Екінші себеп — республикалық маңызы бар үшінші қаланың әкімінің ауысуы. Үшінші себеп — ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев ресми түрде жаңа әкім Ерлан Айтахановты таныстырғанша елдегі бірнеше жаңалық сайттарының Ғабидолла Әбдірахымовтың орнына сенатор Асқар Бейсенбаевты «тағайындауы».

Асқар Бейсенбаевты әкім қызметіне «тағайындаған» БАҚ-тың қатарында Tengrinews.kz, Nur.kz, Zakon.kz, 365info.kz, Today.kz, Sputniknews.kz, Holanews.kz, Qamshy.kz, Interfax.kz, Inbusiness.kz, Zona.kz, Azh.kz, Times.kz, Kp.kz, Almaty.tv, Matrica.kz, Newsroom.kz, Newtimes.kz, Total.kz, Egemen.kz, Bugin.kz, Qaa.kz, Caravan.kz, Express-k.kz, 7kun.kz, Dixinews.kz, Time.kz, Platon.asia, Mediaunion.kz, Rknews.kz, Kaznews.kz, Mail.kz, Koshetau.asia, Qostanay.tv, Aqparat.info, Titus.kz, City04.kz, Regtv.kz, Mediaworld.kz және Massaget.kz сайттары бар. Жаңалық сайттарының басым көпшілігі жергілікті Otyrar.kz сайтына сілтеме беріп, сенаторды жаңа әкім ретінде таныстырды. Кейбірі тіпті «Шымкенттің жаңа әкімі Асқар Бейсенбаев туралы не білеміз?» деген сияқты материалды да жариялап үлгерді.

Кейін ресми дереккөзден Шымкент әкімі болып Ерлан Айтаханов тағайындалғаны мәлім болғаннан кейін аталған сайттардың бір тобы мұның алдында жариялаған материалын Ақордаға сілтеме жасап, өзгерткен. Сайттардың екінші тобы қате жаңалықтарын өшіріп үлгерсе, үшінші тобының қазақ тіліндегі нұсқасында Асқар Бейсенбаевтың Шымкент әкімі болып тағайындалғаны туралы ақпарат әлі күнге дейін тұр.

Аталған сайттардың ішінде Holanews.kz өзінің жаңартылған материалында Kaztag.kz cайтына сілтеме жасап, сенатордың әкім болғаны жайлы ақпараттың шындыққа сай келмейтінін жеткізген. Tengrinews.kz порталының орыс тіліндегі нұсқасында «Асқар Бейсенбаев — Шымқаланың жаңа әкімі» деген жаңалықты Otyrar.kz порталының таратқаны бір сөйлеммен жеткізіліп, скриншотпен дәлелденген. Ал сайттың қазақ тіліндегі нұсқасындағы расталмаған жаңалық еш өзгеріссіз тұр. «Комсомольская правда» газетінің сайты (Kp.kz) Шымкенттің жаңа әкіміне қатысты жаңалығына «Мұның алдындағы Асқар Бейсенбаевтың әкім болып тағайындалғаны туралы ақпарат расталмады» деген сөйлемді қосқан. Осылайша 41 сайттың үшеуі ғана өздері бұрын таратқан ақпараттың шындыққа сай келмейтінін жазып, бірақ ешқайсы оқырманнан кешірім сұрамаған.

Жарияланған ақпараттың жалған немесе қате екені белгілі болса, қазақстандық медиаресурстардың ол материалды өшіруге ұмтылуы — қалыпты нәрсе. Сол себепті оқырманға қате мәліметтің түзетілгенін ескерту, не үшін қате кеткенін түсіндіру және олардан кешірім сұрау туралы сөз қозғаудың өзі артық болып көрінуі мүмкін.

Нақты ақпаратты тарату қате мақаланы сайттан үн-түнсіз алып тастаудан немесе оқырманға ескертусіз түзетіп қоюдан ғана тұрмайды. Нақты ақпаратты таратуға қатысты төмендегі ұстанымдарды ескеру маңызды.

Әрбір фактіні дереккөз арқылы тексеріп алу. Өз кәсібіне әрі оқырманына құрмет таныта білетін журналистер сенімді дереккөзсіз ақпаратты таратпайды. Медиаэтиканың сақталуын көздейтін журналист мақала, аудио немесе видеоматериал жарияланып кеткен соң дереккөздің сенім туғызатыны немесе туғызбайтыны туралы ойлануға кіріспеуі керек. Шымкенттің жаңа әкімін тағайындау туралы жаңалыққа оралатын болсақ, қате ақпаратты таратқан жаңалық сайттары бір ғана дереккөзге, яғни жергілікті Otyrar телеарнасына сілтеме жасады. Әкімдерді Президенттің өзі тағайындайтынын жақсы білетін республикалық БАҚ журналистері Президент әкімшілігінің баспасөз қызметіне немесе Президенттің баспасөз хатшысына, ал жергілікті журналистер Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметіне, қалалық мәслихаттың жауапты хатшысына немесе депутаттарына хабарласып, ақпараттың растығына көз жеткізуді мүлдем ойламаған. «Otyrar-дың дереккөзі кім?», «Дереккөз Асқар Бейсенбаевтың әкімі болып тағайындалғаны жайлы мәліметті қайдан алды?», «Дереккөз қаншалықты сенімді?», «Ол мәліметті растайтын басқа тәуелсіз дереккөз бар ма?», «Ол аноним дереккөз бе?», Өкінішке қарай, бұл сұрақтың ешқайсы қазақстандық медиа тарапынан қойылмады.

  • Қатені түзеу. Журналист этикасы мен стандарттарға бейжай қарамайтын БАҚ қатесін мойындаудан қашпайды. Қате жібергенде оны тез түзеуге тырысады және қатенің материалдың қай тұсында (мақаланың мазмұнында, кейіпкердің пікірінде, суреттің авторы немесе атауында) кеткенін ашық көрсетеді. Ең бастысы, сөз бостандығын және баспасөз еркіндігін қасиетті санайтын БАҚ жіберген қателерін жасырмайды, келесі материалда оны оқырманға білдіртпей түзетіп қоймайды немесе өшіріп тастамайды. Одан бөлек олар журналистік стандарттарды толық сақтамаған медианың жаңалығына күмәнмен қарайды және шындықты іздеуге талпынады. Мысалы, 2011 жылдың қаңтарында сағат 14:01 шамасында америкалық NPR (Ұлттық қоғамдық радио) Аризона штатындағы Тусон қаласындағы атыс кезінде АҚШ Конгресінің мүшесі Габриэль Гиффордс қаза тапты деген шұғыл ақпаратты тыңдармандарына сайт, арнайы хабарлама, Твиттер және блог арқылы таратады. Радионың журналистері мәліметті бір-бірін танымайтын екі дереккөзден алған және дереккөздердің кім екені шығарылымда айтылмайды. Артынша NPR-ге сілтеме жасап CNN, Fox News, CBS, NBC және The New York Times сияқты белгілі БАҚ Габриэль Гиффордсты атыста қаза тапты деп жариялайды. Ақпаратқа AP және аризоналық БАҚ күмәнмен қарайды. 25 минуттан соң NPR-де Габриэль Гиффордстың өлімі жайлы жаңалықтың тақырыбы «Габриэль Гиффордске атыста оқ тиді» деп өзгереді. Бұл жаңалықтың қате екенін және NPR дереккөздермен жұмыс кезінде олардың мәліметті қайдан және қалай алғанын нақтылап сұрамағанын білдірген-ді. Көп ұзамай жергілікті БАҚ Габриэль Гиффордстың тірі екенін хабарлайды. Сағат 15.00-ке қарай NPR-дің қате ақпарат таратқаны мәлім болады. Жаңалықтың шұғыл әрі оқиғаның өрбуіне қарай материалдың өзгеріп тұратынын NPR журналистері қайта-қайта ескерткенімен, олар 15.00-дегі шығарылымда ертеректе радионың қате ақпарат таратқанын және қатенің түзетілгенін айтып, тыңдармандардан кешірім сұрамайды. Тек одан кейінгі күні радионың атқарушы редакторы Дик Мейер ресми түрде  кешірім сұрайды. Бұл кейстен шығатын қорытынды: медиа қатені мейлінше тез тауып, түзетіп, ескертіп, кейіпкер мен оның туыстарынан, оқырман, тыңдарман және көрерменнен  кешірім сұрауы керек.
  • Төл сөзді қолдану. Медиаматериалдағы төл сөздер — қол сұғылмайтын «қасиетті» элементтер. Кейіпкердің пікірін төл сөз арқылы берген кезде оның сөздері айтқысы келген ойымен және контекстпен сәйкес болуы тиіс. Ол үшін кейіпкердің орынсыз айтқан сөздерін немесе сөз тіркестерін туралап, алып тастап, жіберілген грамматика қателерін толығымен түзету арқылы оны тартымды етіп көрсетуге немесе тартымсыз етіп суреттеу үшін орынсыз сөздерін мақалаға мақсатты түрде қосуға болмайды. Өйткені ол — журналистің қызметі емес. Сондай-ақ төл сөзді бір тілден екінші тілге аударып қолданғанда сөзбе-сөз аудармадан гөрі мағыналық аудармаға сүйену керек. Аударма арқылы қателерге көп ұрынбас үшін кейіпкердің пікірін төлеу сөз арқылы жеткізу ең тиімді жол саналады.
  • Шынайы жағдайды жеткізу. Журналист мәтінмен жұмыс кезінде де аудио және визуал элементтермен жұмыс кезінде де әсірелеуге жол бермеуі тиіс. Өйткені әсірелеу реалды бұрмалауға себеп болады. Мысалы, қазақтілді сайттар мен басылымдарда «Үкіметтің «Х» деген бастамасын У қаласының халқы бірауыздан қолдайды» немесе сайлау кезінде «А кандидатты Б облысының жастары таңдайды» деген тақырыппен мақалалар шығып жатады. «Бірауыздан қолдау» деген 100% немесе соның шамасы дегенді білдіреді. Бір шешімнің бүкіл қала тұрғынының ойынан шығуы мүмкін бе? Толығымен қолдайды деп жазу үшін журналист қандай дереккөзге сүйеніп тұр? Ол интервью алған 2-3 адам көпшіліктің пікірін білуге жеткілікті ме? Журналистің мақсаты сенсация немесе хайп жасау да емес, биліктің пропагандасына үлес қосу да емес. Журналистің кәсіби міндеті — шынайы жағдайды сипаттау.
  • Суреттер және әдепсіз визуал элементтерді қолдану. Журналистердің өмірдің әртүрлі сәтін түрлі медиа форматта суреттейтіні белгілі. Кәсіби миссияның оқиғаны барынша шынайы әрі нақты жеткізу екені мәлім. Журналистер өздерінің тарататын фотолары мен видеоларының көрерменнің психологиясына кері әсері жайлы да ұмытпау керек. Қылмыс және қайғылы оқиға орнынан суреттер мен бейнежазбалардың, әдепсіз визуал элементтердің кейбір адамдарға ыңғайсыздық тудырып, психикалық саулығына зардап тигізуі мүмкін. Өткір мәселеге қоғамның назарын аудару үшін кейбір визуалдарды қолдану бойынша шешімді журналист қызметі сатысында жоғары тұрған жауапты редактор немесе бас редактормен ақылдасып барып қабылдауы керек.

Қорыта айтқанда, сөз бостандығы Қазақстанда тамыр жайсын және баспасөз еркіндігі кеңейсін деген әрбір БАҚ журналистік этика мен стандарттардың нұсқаулығын қабылдап, ақпаратты нақты жеткізуді негізгі миссия санап, жіберген қателерді мойындауды және оқырманнан кешірім сұрай отырып түзетуді үйренуі керек. Ең бастысы, қазақстандық медиа нақты ақпаратты тарату тек рас ақпаратты жеткізіп қоюмен ғана шектелмейтінін жақсы түсіну керек. Нақты ақпаратты тарату дереккөздерге сенуге болатын-болмайтынына ақпарат таратылмай тұрып көз жеткізуден, медиаматериалда кеткен қатені мойындап, аудиторияға ескерте отырып түзетуден, төл сөзді дұрыс әрі контекстке сай орынды қолданудан, визуалды элементтерді бұрмаламаудан тұрады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!