Жас балалар дін туралы әңгімені мектеп қабырғасында емес, көбіне үйде, туған-туыс ортасында естиді. Себебі мектепте «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсы тек 9-сыныптан бастап оқытылады. Дінге қатысты Құдай, періште, пайғамбар, күнә, о дүние жайлы әңгімелер діни мейрам кезінде және адам дүниеден қайтқанда болатын жиындарда айтылады. Бұл әңгімелерді діни білімі бар имамдар айтса да, уақыттың аз болуына байланысты балаларда негізгі діни ұғымдар туралы толық түсінік қалыптаса қоймайды.
Барлық бала болмаса да, 8-9 жасқа толған біраз бала «Мына дүние қайдан пайда болды?», «Ең алғашқы адам қайдан шықты?», «Жан, рух, өлім деген не?», «Қайтыс болғаннан кейін қайда барады?», «Өмірдің мәні неде?», «Адам неге азапқа түседі?», «Бақытты өмір сүру үшін не істеу керек?» деген сұрақтарды өзіне және басқаларға қоя бастайды. Осы кезде баланың алған жауабына байланысты оның дүниетанымы қалыптасады.
Бұл сұрақтар ата-анаға да, ұстаздарға да қойылуы мүмкін. Сол кезде бала қанағаттанатын, діни сауатты мағұлмат алуы керек. Балаға тек түсіндірумен шектелмей, оның өзі ізденуіне дұрыс бағыт берілуі керек. Кімнің, қандай кітабын оқу және қандай сайтты қарап, кімді тыңдау керегін де нақтылап айтқан дұрыс. Теріс бағытты уағыздайтын, қауіпті ағымның барлығын айтып, ескерту артық болмайды деп ойлаймын. Алған ақпаратына қанағаттанбаған бала өздігінен ізденіске түседі де, нәтижесінде ислам дінін бұрмалап, қазақ халқының дәстүрін жоққа шығаратын, бүкіл мемлекет пен қоғамда қалыптасқан көзқарас пен тәртіпті сынап, оны жоюға үгіттейтін идеологияға тап болады. Бұл идеялардың ығына ақыл тоқтатқан азаматтар да еріп кетіп жатады. Ал дін туралы мүлде білмейтін жас балалардың санасы бірден уланады.
Мектепте оқылатын «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсын оқытатын ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Себебі бұл курстан кез келген ата-ана баласы ең алдымен «діни білім» алады деп түсінеді. Себебі көпшілік қауым діни білім мен дінтану түсінігінің айырмашылығын біле бермейді.
Бұл ұғымдардың айырмашылығын көрсететін өлшем олардың негізгі мақсаттарының ерекшелігінде. Діни білім берудің мақсаты — нақты бір діни сенімге қарасты дүниетанымды қалыптастыру және соған сай діни ғұрыптарды орындауға дағдыландыру. Ал дінтану туралы білім берудің мақсаты ғылыми, діни емес, сонымен қоса барлық дінге толерант дүниетаным қалыптастыру. Осы орайда мектеп ұстаздары діннің негізгі қызметіне басымдық көрсетіп, әртүрлі діни ілімдегі ортақ гуманист идеяларды, адамгершілік принциптері туралы балаларға кеңірек мәлімет бергендері дұрыс. Мысалы, «ислам» сөзі «бейбітшілік, «амандық», «есендік» деген мағынаға саяды. Сәлемдескенде мұсылман басқаларға бейбітшілік пен тыныштықты тілейді. Христиандар да кез келген адамға «жақыныңды жақсы көр» деген уағыз айтады. Буддистер үшін адам ақиқат жолында рухани дамуға ұмтылуы керек. Осы әлемдік үш дәстүрлі діннің ілімі адамды негізгі құндылық деп біледі. Адам мен қоғамның рухани дамуының қайнар көзінің бірі дін екенін жасөспірім балаларға жан-жақты ашып түсіндіру абзал.