Аноним дереккөзбен жұмыс және этика

Бірақ жасырын қалуды қалаған дереккөзге сілтеме жасау БАҚ аудиториясына ұнамайды, тіпті, кей жағдайда медиаресурсқа деген сенімді төмендетуі мүмкін. Осы ерекшеліктерді ескерген New York Times 2016 жылы қызметкерлеріне арналған журналист нұсқаулығында аноним дереккөзге сүйенуге шектеу қою туралы өзгеріс енгізген еді. Басылымның стандарттар бойынша редакторының орынбасары Фил Корбеттің айтуынша, газетте бір жылдың ішінде аноним дереккөздерге сілтеме жасау 30% төмендеген.

Журналист зерттеуі үшін аноним дереккөз өте маңызды роль ойнауы мүмкін. Мысалы, АҚШ-тың 37-Президенті Ричард Никсонның қызметтен кетуіне себеп болған атақты Уотергейт дауы The Washington Post журналистері Боб Вудворд пен Карл Бернстайнның аноним дереккөзге сүйеніп жүргізген зерттеуінен бастау алғаны белгілі.

Америкалық журналистердің құқығын және сөз бостандығын қорғаумен айналысатын, журналист этикасы мен стандарттардың сақталуын көздейтін Кәсіби журналистер қауымдастығының (Society of Professional Journalists) анықтамасына сүйенсек, «Аноним дереккөздер кейде жемқорлықты әшкерелеп, үкіметтің азаматтар алдындағы жауапкершілігін сездіру үшін, журналистік миссияны орындау үшін жалғыз жол болуы мүмкін. Сондай-ақ, аноним дереккөздер кейде журналистер үшін этикалық былыққа апаратын жол да болуы мүмкін».

Жасырын  дереккөзбен жұмыс істеу БАҚ үшін үлкен жауапкершілік және репутациясын ойлайтын әр медиа қызметкерлеріне арналған кодексте аноним дереккөзбен жұмыс істеудің ретін айқындап қояды. Мысалы, АҚШ-та журналистика этикасы мен стандарттарын қатаң ұстанатын медианың бірі — NPR (National Public Radio). Ұлттық қоғамдық радионың (NPR) қызметкерлеріне арналған Журналист кодексінде аноним дереккөзбен жұмыс барысында келесідей 5 ереже қарастырылған:

  1. Аноним дереккөзді барынша сұрақтың астына алу. Аноним дереккөзге сілтеме жасамай тұрып оның мәліметті қандай жолмен алғаны және оны журналистермен бөлісудегі мақсаты туралы білу өте маңызды. Сол үшін NPR журналистері өз аноним дереккөзімен жұмыс кезінде сұрақтарына мейілінше толық жауап алуға тырысады. Радионың мақсаты — оқырманға, тыңдарманға аноним дереккөздің мәліметін журналистердің өз материалдарында неге пайдаланып отырғанын түсіндіру.
  2. Аноним дереккөзбен жұмыс істеу кезінде жол берілмеуі тиіс әрекеттер:
  • Ақпараттық шабуыл жасамау. NPR журналистері адамның ар-намысына, абыройына тиетін және ұйымның атына кір келтіретін сөздер мен пікірлерді аноним немесе аты аталмаған дереккөзге сілтеме көрсетіп, қолданбайды. Кейде лауазымды тұлғаның ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін әрекетке барғаны туралы мәліметті қоғамға жеткізу керек болса немесе танымал адам тарапынан азаматтар жыныстық зорлыққа тап болған жағдайда аноним дереккөзге сілтеме жасалуы мүмкін. Бұл жағдайда да журналист немесе продюсер өз алдына шешім қабылдамайды, маңызды мәселе бойынша шешім жаңалықтар бөліміндегі аға менджерлермен ақылдасу арқылы қабылданады.
  • Бүркемелеуге жол бермеу. Егер дереккөздің диктофон арқылы немесе жариялау үшін NPR қызметкерлерімен мәліметті бөлісуі оның өміріне қандай да бір қауіп тудырса, заңды қудалауға ұшырауына немесе өзге де қатерге себеп болса, онда оның аты-жөні журналистің материалында толық көрсетілмейді. Егер радио ұжымы дереккөздің мәліметі редакцияның аноним дереккөздерге қоятын талаптарына сай келеді деп тапса және ол мақалада оның аты аталып, фамилиясы жасырын қалуына келіссе, онда оған аноним дерккөз ретінде сілтеме жасалынады. NPR дереккөзді бүркемелеу үшін лақап аттарды қолданбайды.
  • Жасырын қалу арқылы мәлімет бөлісуге ұсыныс жасамау. Журналистер жұмыс барысында «Аты-жөні мүлдем аталмаған кезде ғана мәліметпен бөлісемін» дейтін дереккөзбен жиі ұшырасады. Сол кездері журналист асқан қырағылық танытуы тиіс. Алайда NPR бірінші болып дереккөзге «бізге аноним дереккөз болыңыз» немесе «жарияланбайтын сұхбатқа (off the record interview) келісіңіз» деп ұсыныс жасамайды. NPR редакциясының басты мақсаты — дереккөзден жариялауға жарайтын (on the record) мейлінше көбірек мәлімет алу.
  1. Аноним дереккөздің мәліметін пайдалану-пайдаланбау мәселесін БАҚ-тағы жауапты қызметкер шешеді. NPR журналистері, продюсерлері немесе блогерлері өз бетінше аноним дереккөзден алған мәліметті радионың шығарылымында қолдана алмайды. Егер NPR қызметкері аноним дереккөздің мәліметі құнды деп тапса, оны жариялау немесе жарияламауды өзінен қызметтік сатыда жоғары тұрған редактор шешеді. Ал редактор аноним мәліметке қатысты шешім қабылдауды өте жауапты міндет деп тапса, мәселені өзінен жоғары тұрған бас редактордың қарауына ұсынады. Осылайша NPR аноним дереккөзбен жұмыс істеуге жеңіл қарамауға тырысады.
  2. Аноним дереккөздерді мүмкіндігінше анық сипаттау. Аноним дереккөздің мәліметін журналистік материалда пайдалану туралы шешім қабылданған кезде NPR дереккөздің жеке басына қатысты ақпаратты құпия сақтай отырып, оны барынша анық сипаттауға ұмтылады. Ол үшін дереккөздің мәліметті қандай жолмен алғаны, оның БАҚ-пен мәліметті бөлісудегі мотиві, тыңдарманға немесе оқырманға аноним дереккөздің шыншылдығын бағалауға мүмкіндік беру мақсатында оның биографиясына қатысты қосымша ақпарат беріледі.

Мемлекеттік органның қызметкері NPR журналисімен аноним дереккөз болуды қалап, қоғам үшін маңызды мәліметпен бөліскен кезде радио қызметкері оны жай ғана «мемлекеттік қызметкер» деп сипаттамайды. Ол жұмыс істейтін ұйымның аты, статусы, мәліметке қай жағдайда және қандай жолмен қол жеткізгені, журналистермен бөлісудегі мақсаты мүмкіндігінше толық сипатталады.

  1. Өзге БАҚ-тағы дереккөзге сілтеме жасағанда оны анық көрсету. Егер NPR аноним дереккөзге сілтеме жасаса, онда ол мәліметті NPR қызметкерлері тікелей аноним дереккөзден өздері алды дегенді білдіреді. Егер NPR өзге БАҚ-тың медиаматериалындағы аноним дереккөздің мәліметін қолданса, онда NPR журналистері міндетті түрде дереккөз ұсынған ақпараттың алғаш қай БАҚ-та жарық көргенін анық көрсетеді.

Оқырман, тыңдарман, көрермен алдындағы жауапкершілікке бейжай қарамайтын NPR сияқты БАҚ осы бес ережеге ұқсас ұстанымдарды ұстануға ұмтылады. Сонымен қатар аноним дереккөзге сілтеме жасау-жасамауды редакциядағы жауапты қызметкер шешкенімен олармен алғаш болып сөйлесетін әрі мәліметке қол жеткізетін журналистер, яғни ұжымда дереккөз жайлы бірнеше адам ақылдасып, қызметі жоғары тұлға дұрыс шешім қабылдауы кезінде журналист маңызды рөл ойнайды. Сондықтан өз материалында аноним дереккөзге сілтеме жасамас бұрын журналист пен редактор келесідей сұрақтарға жауаптарын айқындап алуы тиіс:

  • Не себепті дереккөз мақалада өзінің аты-жөні және қызметін ашық көрсетуді қаламайды?
  • Аноним дереккөз бөлісетін мәліметті ашық бөлісе алатын басқа дереккөз бар ма?
  • Аноним дереккөз өзіне сенім тудыра ма?
  • Аноним дереккөз бөліскен мәліметті жақын арада оқырманға ашық жолмен көрсету мүмкіндігі бар ма?
  • Аноним дереккөздің мәлімет бөлісуге құлшынысы бар ма, жоқ па?
  • Аноним дереккөз өзін түрлі қауіптен қорғауға қуатты ма, әлде әлсіз бе?
  • Аноним дереккөз және ол бөліскен мәлімет түрмеге отыруға тұратындай құнды ма?

Қазақстан сияқты демократия құндылықтары енді қалыптасып жатқан елдің журналистер үшін сөз бостандығы еркін мемлекеттердегі аноним дереккөздермен этикаға сай жұмыс істеу қағидаларын білу артық етпейді. Қазақстандық журналистер де аноним дереккөзбен қарым-қатынас кезінде журналистикада этика мен стандарттардың озық үлгілерін ұстануға ұмтылатын әлемдік БАҚ-тағы әріптестері сияқты журналистік миссияны лайық атқару үшін редакцияда арнайы ережелерді қабылдап, өздеріне және дереккөздеріне дұрыс сұрақтарды қоя білу керек.