Алматы облысы аумағынан көне тайқазан табылды

National Geographic Qazaqstan журналының жоба жетекшісі Мақсат Ясылбайұлының айтуынша, бұл тарихи жәдігерді Тоғызбұлақ ауылының шаруалары биыл жаз айының басында тауып алып, хабар берген. Журналист ескерткіштің құндылығын анықтау мақсатында археологтармен кеңескен.

Тарихи маңызы зор екеніне көз жеткізген соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, зерттеу мәселесіне қолдау көрсетуді сұрадым. Президентіміз дереу комиссия құруға тапсырма беріп, бұл тарихи жәдігер «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына өткізілді. Қазанды табыстау рәсімі Тоғызбұлақ ауылында Қапез Байғабылұлының 123 жылдық мерейтойы кезінде өтті, — деді Мақсат Ясылбайұлы.

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының маманы Досым Зікірия қазанның өлшемдері жайлы айтып берді.

Қуыс тағанға орналасқан қола қазанның бүйірі сыртқа шығыңқы, дөңес күйінде құйылған. Қазанның екі бүйіріне доғапішінді, жұмыр тұтқалар сәл көлбеу бұрышпен орнатылған. Ол тұтқалардың біреуі бүтін, қазанға орнатылған күйінде сақталса, екінші тұтқаның бір бөлшегі ғана табылды. Қазан табаны шұңқырлау. Қазанның ішкі және сыртқы бүйірлерінен екі қалыптың түйіскен тұсында пайда болған жік көрінеді. Мұндай жік екі тұтқаның қазан бүйіріне жанасқан тұсынан және тағанның қазанның түбіне жанасқан тұсынан да байқалады. Ернеуі сыртқа қарай сәл қайырылып, көлбеулеу орналасқан. Әзірше болжам бойынша қазан тұтастай құйылған деп есептеліп отыр. Кейіннен бір бүйірінде жаңа Ай сияқты 19х13 сантиметр жарық пайда болған және ол сырты мен ішінен қоламен жамалған, — дейді музей маманы.

Қазан қатты бүлінген, жоғарғы бөлігі бастапқы пішінін жойған. Маманның айтуынша, қазанның өлшемдері мынадай: қазанның биіктігі — 53 сантиметр, тереңдігі — 36 сантиметр, диаметрі — 55-58 сантиметр, ернеуінің ені — 3 сантиметр, ернеу қалыңдығы — 0,5-0,8 сантиметр, таған биіктігі (қиылған конуспішінді қуыс таған) — 17 сантиметр, тағанның кеңейтілген төменгі бөлігі — 23,5 сантиметр, жіңішкеріп келетін жоғарғы тұсы — 15 сантиметр, таған қабырғасының қалыңдығы — 5-8 миллиметр, ал құлақ өлшемі — 14х6 сантиметр.

Тоғызбұлақ тайқазаны
Тоғызбұлақ тайқазаны. Фото: Nationalgeographic.kz

Салыстыра кетсек, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тайқазанның салмағы — 2 тонна, сыйымдылығы — 3 мың литр, биіктігі -1,60 метр, диаметрі — 0,42 метр, тұғырының биіктігі — 0,54 метр, диаметрі — 0,607 метр.

Айта кетейік, осыған ұқсас қуыс тағанды және әртүрлі өлшемдегі қазандар бүгінге дейін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынан (1936, 1953, 1956 жылдары), Алматыдан (1930, 1956, 1977, 1984 жылдары), Қырғызстаннан (1901, 1905, 1908 жылдары) табылған. Тоғызбұлақ қазаны тәуелсіздік кезеңінде алғаш рет табылып отыр және көлемі мен пішіні жағынан алдыңғы табылғандарға ұқсай бермейді.

ДереккөзTengrinews.kz