Балабақша кезегі туралы күмәнді хабарландырулар анықталды

KZ-CERT қызметіне Нұр-Сұлтанның білім басқармасынан балаларды бақшаға орналастыру қызметін ұсынатын интернет-ресурстар туралы хабар келіп түскен. Білім басқармасы бұл парақшалардың азаматтардың жеке мәліметін талап етуінен қауіптенген.

Компьютер инциденттеріне әрекет ету қызметі интернетте мониторинг жүргізіп, Instagram мен OLX онлайн-дүкенінен күмәнді хабарламаны анықтады.

Онда: «Біздің парақшамыз балабақша орындарына күні-түні мониторинг жасау қызметімен айналысады. Электрон әкімдіктің Е.astana.kz сайты арқылы жұмыс істейміз. Бұл — жалпыға, балалары мектепке дейінгі мекеме кезегінде тұрған ҚР кез келген азаматына және тағы басқаларға ашық сайт. Сайтқа электрон-цифр қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы кіруге болады. Сізден өзіңізге ыңғайлы балабақшаны таңдап, бізге ЭЦҚ кілтін жолдау ғана талап етіледі, бәрі заң аясында. Төлемді бағыттама алғаннан кейін жасауға болады, сіздің барлық жеке мәліметіңіз түгел өшіріледі», — деп жазылған.

Ата ана Е.astana.kz порталынан баланы бақша кезегіне тегін қойып, кезек нөмірін тегін қарай алады, балабақшаға бағыттаманы да тегін ала алады. Мұндай қызметті алу үшін ЭЦҚ қажет емес. Авторизация мен ары қарай қызмет алу үшін ЖСН-ді, ата-ананың ұялы телефонының нөмірін және бірреттік тексеру SMS-паролін енгізу жеткілікті. Сондықтан бұл формаларды бөгде адамның қашықтан толтыруы ҚР заңнамасын бұзу болып есептеледі. Оларға жолдаған мәліметтеріңіз бен ЭЦҚ кілті басқа әрекеттер үшін қолданылмайтынына кепілдік жоқ, — деді Нұр-Сұлтан білім басқармасының стратегия, анализ және цифр технологиялары бөлімінің жетекшісі Жазира Асанова.

KZ-CERT қызметі мен Нұр-Сұлтанның білім басқармасы ата-аналарға баланы бақшаға орналастыру туралы мұндай хабарламаларға құлақ аспауды және бұл қызметті Е.astana.kz порталының ресми иесінен алуды ескертеді. Себебі аталған хабарландырулар бойынша жіберілген ЭЦҚ кілті алаяқтардың Еgov.kz порталынан мемлекеттік қызмет алуына және азаматтардың жеке мәліметіне қол жеткізуіне жол ашады.

Азаматтардан жеке бас мәліметтерін талап ететін интернет-ресурстар мен әлеуметтік желі парақшаларын көрген кезде «1400» нөміріне немесе Telegram-дағы @kzcert тобына хабарлау қажет.