Ұлттық тарихи жад және тарих ғылымы тақырыбын талқылау Қазығұрттан басталып, Сайрам ауданында «Тарих методологиясы мен дереккөздерін ғылыми тұрғыдан талдаудың мәселелері» тақырыбында жалғасты. Методология — тарихты түсіндірудің әдісі. Оны батыс және отаршылдық көзқарас тұрғысында да түсіндіруге болады. Жиында тарих ғылымдарының кандидаттары Сәкен Мәжімбетов пен Қайрат Анарбаев, магистр Мақсат Елібаев дәріс оқыды.
Бізге керегі қазақи тұрғыдағы методология. Дереккөздерге әуесқой тарихшылардың сөздері емес, ғылыми тұрғыда жасалған талдаулар айналуы керек. Тарихи сана осылай қалыптасқанда тарихи жад жандана түседі, — дейді жиынға қатысушылар.
Ордабасы ауданында «Тәуелсіздік және тарих ғылымы. Жадымыздағы өзгерістер» тақырыбында өткен дәрісте салт-дәстүрге, ұлттың тарихи жадына енген өзгерістер талқыланды.
Төлебиде өткен дәріске Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, барлық ауданның ардагерлер кеңесінің төрағалары мен әжелер алқасының төрайымдары, ауданның тарихшы мұғалімдері, жастар қатысты.
«Тарихтың қоғамдық сананы өзгертудегі ықпалы мен өрісі: кеше, бүгін, ертең» тақырыбындағы дәріске аудан әкімі Бауыржан Омарбеков қатысып, жиынды жүргізіп отырды. Жиынға қатысқандар дәрістерді қағазға түсіріп тарату туралы ұсыныс айтты. Тарихшы-ғалымдармен қалай байланысуға болатынын сұрап, ауылдарына шақырған ардагерлермен мұғалімдер де болды.
Жиындарды Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы, Openkazahstan ЖШС ұйымдастырды. Сонымен қатар қоғамдық ұйымдар, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі белсенділік танытты. «Серпіліс» қоғамдық қоры ақпараттық серіктес болды.