Осылайша еліміз суицид көрсеткіші бойынша әлемдегі 177 елдің ішінде 6-орында тұр. Жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткіші бойынша да Қазақстан алдыңғы орында тұрған 10 мемлекеттің тізіміне кіреді. Елімізде немесе шетелде қазақстандық суицидтен қаза болған кезде осы секілді статистикалық мәліметтерді сайттар мен газет-журнал беттерінен көзіміз шалатыны белгілі. Өкінішке қарай, өзіне-өзі қол жұмсау фактілері жайлы ақпар таратқанда журналистер этика мен журналистік стандарттарды үнемі назарда ұстай бермейді.

Журналист миссиясы БАҚ өкілдеріне қоғам өмірі үшін маңызды ақпаратты объектив таратумен қатар қоғам алдында үлкен жауапкершілікті сезінуді де жүктейді. Сондықтан суицид жайлы ақпарат тарату кезінде журналистер мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Бұл тұжырым БАҚ-та өзін-өзі өлтіру туралы материалдар суицид фактілерінің өсуіне әсер етеді деген ғылыми зерттеулер нәтижесіне негізделген. Ғылыми ортада бұл феномен «Вертер эффектісі» деп аталады. Өйткені XVIII ғасыр соңында Гетенің «Жас Вертердің азабы» атты романы жарық көргеннен кейін Еуропада тұрғындар арасында шығарманың бас кейіпкеріне еліктеу салдарынан өз-өзіне қол жұмсау фактісі жиілеп, суицид саны күрт өскен. Салдарынан бұл шығармаға көптеген елде тыйым салынды.

Бұл ойды Американың әлеуметтанушысы Дэвид Филлипстің зерттеулері де қуаттайды. Филлипс пен оның әріптестері жасөспірімдер арасында болған 13 мыңға жуық суицид фактісін зерттей келе телереопортаждар мен газеттердің басты беттерінде өзіне қол жұмсау туралы ақпараттың кең тарауы мен суицид санының өсу динамикасы арасындағы байланысты байқаған, яғни АҚШ-та суицид жайлы ақпарат шыққаннан кейінгі апталарда өзіне-өзі қол салушылардың саны өсетіні анықталған. Сонымен бірге Филлипс елді дүр сілкіндірген суицид оқиғалары еліктеуден туатын қол жұмсауға ықпал ететінін де дәлелдеген. Мәселен, Мэрилин Монроның қазасы туралы Американың ақпарат құралдары көп хабар таратқаннан кейін АҚШ-та суицид саны 10% артқан.

Осыған ұқсас зерттеулер Еуропа елдерінде де жүргізіліп, медиадағы суицид жайлы ақпардың кең тарауы тұрғындар арасында өзін-өзі өлтіру фактілерінің көбеюіне әсер ететінін көрсеткен. Мысалы, 1986 жылы Венадағы метрода суицидтің 13 және өзіне қол жұмсауға талпынудың 6 фактісі тіркелген. Зерттеушілер әрбір оқиғадан кейін медиада шыққан ақпаратты саралай келе журналистердің оқиғаны сипаттауда олқылық жіберіп, қажет емес детальдарға өте үлкен мән беретін байқаған. Нәтижесінде Австрия суицидтің алдын алу жөніндегі қауымдастығы БАҚ қызметкерлеріне арналған нұсқаулық дайындап, журналистер арасында көп талқылау жүргізген. Осындай бірлескен жұмыстардың нәтижесінде Австрияның медиасында өзіне-өзі қол салу туралы материалдардың саны азайып, суицид көрсеткіші 55% кеміген.

БАҚ-тың суицидтің алдын алуда маңызды роль атқаратынын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да (ДДСҰ) өз қызметі барысында үнемі назарда ұстайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Суицидтің алдын алу жөніндегі бағдарламасы аясында (SUPRE) БАҚ қызметкерлері үшін дайындалған арнайы нұсқаулығы бар. Ұйымның нұсқаулығы бойынша өзін-өзі өлтіру оқиғалары туралы ақпарат таратқанда журналистер келесідей аспектілерге назар аудару қажет:

  • Статистика мәліметтерін қолданғанда мұқият, ұқыпты болу керек. Тақырыпқа «айқайлап» тұратын санды енгізу арқылы мақаланың қаралымын арттыруды көздеп, ақпараттың бұрыс жеткізілуіне жол бермеу аса маңызды;
  • Сенімді ақпарат көздерінен алған мәліметтерді ғана қолдануға назар аударған дұрыс. Суицидтен қаза болғандар туралы статистикалық тексерілген мәліметтерді бірнеше халықаралық ұйымның базасынан алуға болады. Мәселен, ДСҰ-ның мәліметтер базасында 1950 жылдан қазіргі кезге дейінгі өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болғандар туралы статистика жас және жыныс категориясы бойынша іріктелген. Сол сияқты сенімді мәліметті БҰҰ Балалар қоры (UNIСEF), БҰҰ-ның Әйелдер қоры (UNIFEM), Интерпол, Еуропа одағының Статистика бюросы (EUROSTAT) және Дүниежүзілік банк базасынан табуға болады. Суицидтен қаза болған қазақстандықтар туралы мәліметті ҚР Бас прокуратурасының деректер базасынан алуға болады;
  • Уақыт тапшы кезде асығыс ой қорытып, ақпаратты үстірт комментарий күйінде таратудан сақ болған дұрыс;
  • Бірнеше суицид фактісі қатар тіркелген жағдайда аз сандық мәлімет негізінде жалпылаудан қашып, оқиғаны «суицид эпидемиясы» деп сипаттауға асықпай, оқиға орны туралы сөз болғанда «әлем бойынша суицид ең аз болатын жер» деген теңеулерді қолданбаған абзал;
  • Суицидке бейім мінез-құлықты әлеуметтік және мәдени өзгерістерге немесе қоғамдағы жағдайдың нашарлауына қарсы табиғи реакция ретінде сипаттамаған дұрыс.

Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы суицид фактілері туралы ақпарат таратқанда мына жайттарды ескеруге кеңес береді:

  1. Өз-өзіне қол жұмсау жайлы ақпаратты сенсациялық жаңалық күйінде беруден бас тартқан абзал. Әсіресе, марқұм танымал тұлға болса, бұл жайтқа мұқият болған жөн. Жаңалық мүмкіндігінше қысқа болғаны дұрыс. Егер қаза болған адамның психикалық денсаулығында кінәрат болса, ол туралы айтып өту қажет. Фактіні асырып айтудан аулақ болған жөн. Қаза болған адамның, оқиға болған жердің және суицид жасауға қолданылған құралдың суретін таратпаған дұрыс. Газеттің немесе сайттың басты бетінде суицид жайлы ақпаратты көзге ұрып тұратын сенсациялық тақырыппен шығармаған жөн;
  2. Марқұмның өз-өзіне қалай қол салғанын тәптіштеп сипаттаудың еш қажеті жоқ. Зерттеулерге назар аударсақ, БАҚ-тағы суицид туралы ақпараттар адамдарға өз-өзіне қол жұмсаудың белгілі бір амалдарын таңдауға әсер етеді екен.
  3. Өз-өзіне қол жұмсауды түсіндіруге келмейтін факті күйінде немесе қарапайым себеппен сипаттауға болмайды. Суицидке адамдар ешқашан бір ғана фактордың немесе оқиғаның кесірінен бармайды. Оған психикалық және физикалық саулықтың нашарлауы, психоактив заттарды қолдану, отбасындағы кикілжің немесе қайғылы оқиға, адамдар арасындағы түсініспеушілік, стресс туғызатын жағдайлар секілді бірнеше фактор себеп болуы мүмкін;
  4. Суицидті қаржылық қиыншылықтан шығудың, оқудағы мәселелерді шешудің, қайғыны жеңілдетудің жолы ретінде сипаттамаған абзал;
  5. Ақпар таратқанда суицидтің қайғыға тап болған отбасының туыстары мен жақындарына әсерін естен шығармаған дұрыс;
  6. Өз-өзіне қол жұмсап қаза болған кісілерді ерлік жасаушылар ретінде көрсетпеген дұрыс. Өйткені жеңіл-желпі дайындалған материалдар өмір қиындықтарын басынан кешіп жүрген, психикалық денсаулығы нашар адамдардың санасында «қоғам суицидал мінез-құлықты мақұлдайды» деген ой туғызуы мүмкін.

Тағы бір маңызды жайт — журналистер суицид жайлы ақпаратты дұрыс тарату арқылы мәселенің өзектілігіне көпшілік назарын аударып қана қоймай, оның алдын алуға, мәселенің оң шешілуіне септігін тигізе алады, яғни өз-өзіне қол жұмсау фактілері жайлы жаңалық таратқанда мынадай ақпараттарды өз материалдарында көрсету арқылы БАҚ суицидтің алдын алуға үлес қоса алады:

  • Психологиялық көмек беретін орталықтардың нақты телефон нөмірлерін, сайты мен мекенжайын бөлісу. Мәселен, CNN журналисті Энтони Бурденнің қаза болғаны туралы жаңалықтың соңында Американың көп БАҚ-ы психологиялық көмек берумен айналысатын мекемелердің телефон нөмірлерін көрсетті;
  • Суицид белгілеріне жеке-жеке тоқталып, психолог пен суицидологтың пікіріне сүйеніп, оларды барынша ғылыми тұрғыдан сипаттау;
  • Депрессияның соңы көп жағдайда суициал мінез-құлыққа ұрындыруы мүмкін екенін және оны емдеуге болатыны жайлы айту;
  • Марқұмның жақындарына көңіл айта отырып, психологиялық көмек пен рухани қолдау білдіретін ұйымдардың (отбасы мүшелері суицидетен қаза болған адамдардың басын қосатын бірлестіктер бар болған жағадайда) телефондарын көрсету маңызды. Өйткені осындай ақпараты бөлісу қайғылы жағдайға тап болған адамдардың психологиялық көмекке жүгіну ықтималдығын арттыруы мүмкін.

Қорытындылай айтқанда, казақстандық БАҚ өкілдері де өз қызметі барысында суицид жайлы ақпарат таратқанда халықаралық ұйымдардың ұсыныстарын ұқыптылықпен ұстанса, суицид мәселесі туралы халық арасындағы түрлі мифті сейілтіп қана қоймай, қажет мәліметтерді тиімді жариялау арқылы қайғылы жағдайларды болдырмауға үлес қоса алады.