ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Университеттің инновациялық кластерді табысты қалыптастырудың негізі болғанын атап өткен.

Назарбаев Университеті базасында құрылған Astana Business Campus инновациялық кластері ғылыми-зерттеу, тәжірибе-конструктор жұмысын жүргізуге бағытталған.

Университет қабырғасында білім алатын жастардың басым бөлігі идеясын жүзеге асыру мақсатында инновациялық кластерге топталады. Орталықта бірнеше экономикалық аймақ жұмыс істейді. Солардың бірі – Machine Shop тәжірибе-эксперимент цехы. Студенттер цехта бөлшектер мен тетіктерді, өздеріне қажет күрделі конструкцияларды құрастырады. Ондағы техниканың барлығы цифрланған компьютер жүйесінде жұмыс істейді.

Тәжірибе-эксперимент цехына ең алдымен профессорлар мен студенттерден арнайы сызба-нұсқалар келіп түседі. Олардың ішінде қарапайым және аса күрделі сызбаларды да байқауға болады. Тапсырыс түскен кезден бастап мамандар жұмысын бастап, сызба бойынша іске кіріседі.

Machine Shop

Алдымен компьютерде арнайы аппаратта дайындалатын дүниелердің 3D-нұсқасы жасалады. Толық дайын болған соң оны онлайн түрде немесе флешкаға салып, жасап шығаратын аппаратқа енгізеді.

Тәжірибе-эксперимент цехында барлық жұмыс компьютермен жүзеге асады. Біз жұмыс орнымыздан шықпай-ақ, компьютер арқылы басқарып, жұмыстың істелу барысын қадағалай аламыз, – дейді тәжірибе-эксперимент цехының басшысы Еркен Бектасов.

Machine Shop

Тапсырыс көлеміне, жасалу жолына қарай әртүрлі аппарат пайдаланылады. Мысалы, темір металды кесудің өзі лазер станоктың көмегімен жүзеге асады.

Күрделі тапсырыстар DUM 50 аппаратында жасалады. Құрылғы адам көмегін қажет етпей, өздігінен конструкцияларды дайындап шығарады. Тек тапсырманы құрылғы жадына толық және қатесіз енгізу қажет. Цифрлық жүйдегі бұл құрылғы темірді ою, кесу құралдарын да өзі таңдайды.

Machine Shop тәжірибе-эксперимент цехында білім алушылар бүгінде өздерінің арнайы жобаларын әзірлеп, жаңа идеяларын іске асыру мақсатында жұмыс істеп жатыр.

Біз орталықтың көмегімен робот құрастыру жұмысына кірістік. Робот сұлбасы дайын болып қалды. Қазір ішкі жабдықтары жасалып жатыр. Алдағы уақытта толық құрастырып, осы орталықта тестілеуден өткіземіз, — дейді Назарбаев Университетінің студенті Абылайхан Жұмағазы.

Machine Shop
Machine Shop

Студенттердің жобаларымен кез келген уақытта еркін айналысуына барлық жағдай жасалған. Олар идеяларын мамандармен кеңесе отырып құрастырады. Цехта жұмыс істейтін мамандар студенттердің дамуына, жобасын жоғары деңгейде құрастырып шығуына бірге атсалысады.

Machine Shop
Machine Shop

Мұнда көптеген жоба жүзеге асады. Назарбаев Университетінен келетін профессорлар мен студенттер тапсырыстарын Machine Shop сайты арқылы береді. Жобалар әртүрлі. Роботтан бастап, күрделі методикалық констуркциялар да бар. Олар металдан, пластиктен немесе ағаштан дайындалады. Алдағы уақытта университет студенттерімен шектеліп қалмай, қызығушылық танытқан өзге де азаматтарды оқытуды жоспарлап отырмыз. Әзірге студенттер арасында оқу-жаттығу жұмысы жүріп жатыр, — дейді Еркен Бектасов.

Machine Shop

Тәжірибе-эксперимент цехына барлық технология Жапония, АҚШ, Германия елдерінен әкелінген.

2018 жылы наурыз айының есебі бойынша 71 өтінім (екі ай ішінде) келіп түссе, 2019 жылдың шілде айына дейінгі өтінім саны 80-ге дейін артқан. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта жоғарылай түсері сөзсіз. Орталықтың да негізгі мақсаты – ішкі және сыртқа сұраныстарды толық қамтамасыз ету.

Материалды дайындаған Марфуға Қараман

Фото автордан