— Әсемгүл Серікқызы, сұхбатымызды «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының атқарып жатқан жұмысынан бастасақ. Мемлекеттік қызмет көрсетудің бүгінгі ахуалы қалай?
— Биыл «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының жұмыс істеп келе жатқанына үш жыл толды. Осы уақыт аралығында істелген жұмыс аз емес. Алдағы жоспар одан да көп. Қазір елімізде мемлекеттік корпорацияның 328 фронт-офисы бар. Біз реестрдегі 742 мемлекеттік қызметтің 635 түрін немесе 85%-ін көрсетеміз. Айта кетейін, БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің 2018 жылғы есебінде Қазақстан 193 елдің ішінде электрон қызметтердің қолжетімділігі бойынша 39-шы орынға тұрақтады. Ал Азия елдері бойынша үздік ондыққа енді.
Жалпы «Азаматтарға арналған үкімет» адамның дүниеге келген күнінен бастап өмір бойы қызмет көрсетеді деп айтсақ артық емес. Себебі тұрмыстағы ең маңызды құжаттар мемлекеттік корпорация қызметіне тікелей байланысты. Оның қатарында туу туралы куәлік, жеке куәлік (төлқұжат), диплом көшірмелері, босану жәрдемақысы, зейнеткер төлемдері, жеке кәсіп ашу секілді маңызды қызметтер бар.
Бүгінде 532 мемлекеттік қызмет толықтай электронды форматқа ауысты. Бұл — жалпы көрсетілетін қызметтің 71%-і. ҚР Тұңғыш Президенті тапсырмасы бойынша, 2019 жылдың соңына қарай мемлекеттік қызметтердің 80%-і автоматтандырылып, 2020 жылды 90% көрсеткішпен қорытындылаймыз деген жоспар бар.
— «Азаматтарға арналған үкіметтің» ХҚО-дағы қызмет көрсету уақытын айтарлықтай қысқартқан немесе құжат пакетін азайтқан қандай жобасын атап өтер едіңіз?
— Қазір біз мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру, бизнес-процестерді жеңілдету бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Серпінді жоба ретінде 1,5 жыл бұрын іске қосылған бала тууға қатысты проактив форматын айтуға болады. Атап айтқанда, проактив қызметі. Ананың босанғаны жөнінде ақпарат түскен соң, оның телефонына құттықтау хабарламасымен қатар сәбидің туу туралы куәлігін рәсімдеу туралы SMS-хабарлама келеді. Анасы келісім берген жағдайда баланың толық аты-жөнін жібереді. Телефонға жолданатын SMS хабарлама көмегімен баланы балабақша кезегіне қоюға, жәрдемақыға өтініш беруге және мекенжай тіркеуіне қоюға болады. Бір ғана ескеретін жайт, электрон мемлекеттік қызметтерді алу үшін болашақ аналар мобайл деректер базасында тіркелуі керек. Ол үшін egov.kz порталындағы жеке кабинетте немесе ХҚО-да байланыс номерін ЖСН-мен байланыстырса, жеткілікті.
— Мемлекеттік қызметтердің тағы қандай түрлері проактив форматқа өтуі мүмкін?
— ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарында және Нұр-Сұлтан, Алматыда іске қосылған тағы бір пилот жоба бар. Енді мүмкіндігі шектеулі жандар арнайы медициналық-әлеуметтік қызмет алу үшін тек емханаға барып, қажет тексерістен өтеді. Содан кейін медицина ұйымы құжаттарды арнайы комиссияға өзі тапсырады. Мүгедектіктің тағайындалуы жөніндегі отырыс та өтініш берушінің қатысуынсыз өтеді. Оған тек ұйғарым нәтижесі хабарланады. Осы арқылы біз сыбайлас жемқорлықтың алдын алып қана қоймай, азаматтардың уақытын да үнемдей аламыз.
— Бүгінгі таңда қандай жаңа үрдістер, бағыттар қолға алынып жатыр?
— Электрон қызмет көрсетудің ең тиімді тұсы уақытты үнемдеуінде. Қазір адамдар бір қызметті алу үшін тиісті мекемелерге барғысы келмейді. Электрон қызметтердің қолжетімді екенін түсінгендердің саны артып отыр. Олар уақытын тиімді пайдалануды қалайды. Мысалы, коммунал төлемдер, онлайн несие алу, электрон сауда-саттық және тауарларға интернет арқылы тапсырыс беру. Мұның барлығы электрон қызметтің оң ықпалын байқатып отыр. Бұрын азаматтар egov.kz порталын қолдануды қиынсынатын. Сол себепті ХҚО-ға баруға қажеттілік туындайтын еді. Ал қазір тұтынушылар портал қызметінен бөлек, mgov.kz мобайл қосымшасы мен Telegram-дағы EgovKzBot-ты меңгеріп жатыр.
— Telegram-дағы бот жайлы толығырақ тарқатып өтсеңіз. Қазір пайдаланушылар саны қанша? Біздің қоғам бұл жаңа үрдіске қаншалықты дайын?
— Telegram бот — бұл түрлі сервисті бірден қамтамасыз ететін робот деп айтсақ болады. Ол өте ыңғайлы және ең бастысы жылдам. Мысалы, 2 минут ішінде сіз қажет құжатыңызды рәсімдеп, жеке e-mail-ыңызға жолдай аласыз. Бүгінгі таңда Telegram-бот арқылы ең жиі қолданылатын және азаматтарға арналған 25 түрлі қызмет бар. Атап айтқанда, мекенжай, жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы, псих-нарко, туберкулезге қарсы диспансерлер анықтамалары, кезекті онлайн броньдау, дәрігер қабылдауына жазылу және тағы басқалары.
Қазір түсіндірме жұмысын жүйелі жүргізу нәтижесінде EgovKzBot Telegram-ына жарты миллионға жуық пайдаланушы тіркелді. Танымал мессенджердің көмегімен 600 мыңнан астам қызмет алынды.
— ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Facebook парақшасында мекенжай анықтамасын қолданыстан алу туралы жазды. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылып жатыр?
— Біз сараптама жұмысын жүргіздік. Нәтижесінде қазақстандықтардың жыл сайын түрлі ұйымға тапсыру үшін 21,5 миллион мекенжай анықтамасын сұрататынын анықтадық. Нақтырақ айтсақ, бір жыл ішінде 2 миллионнан астам анықтама жұмыспен қамтуға, 3 миллионнан астамы мектептер үшін, 3 миллионы тұрғын үйге және 9,5 миллионы әртүрлі мемлекеттік мекемеге тапсырылады екен. Бұл — өте жоғары көрсеткіш.
Цифрландыру — қағазбастылықтан арылудың бірден-бір жолы. Қазір мекенжай анықтамасын қағаз жүзінде сұратпау үшін, барлық тиісті мемлекеттік орган мен үкіметтік емес ұйымға электрон жолмен сұрату ұсынылып отыр. Демек, кез келген ұйым азаматтың мекенжай анықтамасын онлайн сұрата алады. Тек оған оң жауап алу үшін азаматтың egov.kz порталындағы жеке кабинетінде тіркеуі болуы тиіс.
— Осы тұста мемлекеттік қызмет көрсету сапасы туралы сұрағым келеді. Азаматтарға арналған үкімет жұмысына тұтынушылардың көңілі тола ма?
— Біздегі мемлекеттік қызмет көрсету сапасы үнемі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тарапынан бақыланады. Сонымен қатар тәуелсіз ұйымдар тұрақты түрде қызмет алушыларға көрсетілетін қызмет сапасы, қызмет көрсету мәдениеті бойынша зерттеулер жүргізеді. Соңғы көрсеткіштер бойынша азаматтардың қызмет сапасына қанағаттану деңгейі 85,6% болды. Одан бөлек, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «құпия тұтынушы» әдісін қолданып, жасырын түрде мемлекеттік қызметтердің өз деңгейінде көрсетілуін тексеріп тұрады.
Қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін біз қызметкерлеріміздің біліктілігі мәселесіне де көп көңіл бөлеміз. Корпоратив мәдениетін қалыптастыру бағытында арнайы зерттеулер жүргізіп, Sana цифрлық мәдениет кодын қабылдадық. Былтыр біз Елбасының Ұлт жоспары — бес институционал реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100-ші қадамды орындап, сапа менеджментінің ISO 9000 сериясына сәйкес халықаралық сертификат алдық.
Бұл ретте, қызметкерлеріміздің тарапынан туындайтын проблемаларды жоққа шығармаймыз. Өйткені адамдармен жұмыс істеу оңай нәрсе емес. ХҚО-ның қызметкері стреске төзімді және қарым-қатынас құруға бейім болуы керек. Бұдан бөлек, мемлекеттік корпорация тарапынан ұсынылатын 600-ден астам мемлекеттік қызмет стандартын білуі де шарт. Дегенмен жұмысын өте тиянақты, жоғары деңгейде білетін мамандар жеткілікті. Олар сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, білгендерін жас мамандармен үнемі бөлісіп отырады.
Бос жұмыс лауазымдарына қабылдауды барынша ашық қылу үшін біз биыл жұмысқа алу тәртібін де өзгерттік. Енді тестілеу бұрынғыдай бізде өтпейді. ҚР заңнамасы бойынша білім деңгейін растау үшін бізге жұмысқа тұруға ниеттілер тестілеуден ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және оның аймақтардағы өкілдіктерінен өтеді.
-Бүгінде ХҚО-дағы кезек мәселесі әлеуметтік желілерде жиі айтылып жүр, мұны қалай шешіп жатсыз?
— Жаз маусымында халыққа қызмет көрсету орталықтарына баратын азаматтардың саны күрт өсетінін бірнеше жылдан байқап келеміз. Бұл ең алдымен демалушылардың сапарға шығуға қажет құжаттарын жасатуымен байланысты. Ал кезекті демалысқа шыққан өзге азаматтар баспаналарының қағаздарын жасатып, тұрақты тіркеуге тұрып, көліктерін сатып, жаңасын алып жатады. Қазіргі уақытта мемлекетіміз әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға жәрдем беріп, олар үшін әлеуметтік бағдарламалар құрып, қолдау саясатын белсенді жүргізіп келеді. Сондықтан сол жеңілдіктерді алуға мүмкіндік беретін құжаттарды жинау үшін де адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтарына ағылады. Олар жалдамалы баспана кезегіне тұру үшін келеді, студенттер уақытша мекенжай тіркеуіне тұрады, тағы басқалары өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы түрлі диспансерлердің есебінде тұрмайтыны жөніндегі анықтамаларды алады. Мұны шешудің оңай жолы – тағы да сол электрон үкімет. Қажет анықтама мен құжатты egov.kz сияқты электрон портал, mgov.kz мобайл қосымшасы және Telegram-дағы EgovKzBot арқылы онлайн алуға болады. Демек, ХҚО-сыз да құжаттарды алудың балама жолы бар. Цифрлық болашаққа бір қадам жақын болуды қалайтындар ХҚО-ға бармай-ақ, барлығын онлайн, санаулы минуттардың ішінде алуды үйренгені абзал. Бүгінде мемлекет ол үшін барлық жағдай жасады. Қалғаны азаматтарымыздың цифрлық заман талабына сай болу ниетіне байланысты. Электрон цифрлық қолтаңбаны қолдану қиын, бәрінде компьютер жоқ деген сылтауды айтушылар болатыны түсінікті. Бірақ шын ниетімен жаңа нәрсені үйренуді қалайтын адам ізденіп, қандай да шешімін табатыны белгілі. Сондықтан да цифрлық жаңашылдықтарға асық болатын қазақстандықтардың саны көбейе түсетініне сенімім мол.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Назерке Байділда