Нұр-Сұлтанда халыққа 7 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылып отыр

25-26 маусым күні сағат 10:00-13:00 аралығында Нұр-Сұлтан әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» жалпықалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізеді.

Жәрмеңке «Жастар» сарайында өтеді. Іс-шараға 100-ден астам жұмыc беруші қатысады. Олар мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынады. Жәрмеңкеге келушілер жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, түйіндемелерін қалдыра алады. Сондай-ақ, шарада оқу орындарының түлектеріне «жастар тәжірибесі» бағдарламасы айтылып, азаматтарға әлеуметтік жұмыс орындары ұсынылады.

Жыл басынан бері орталық арқылы 2800 адам жұмысқа орналасты. Олардың 92-сі әлеуметтік жұмыс орындары, 1 820-сы қоғамдық жұмыстар болса, 830-дан астам азамат тұрақты жұмысқа орналасқан, — делінген таратылған ақпаратта.

Бүгінде жұмыспен қамту орталығында 7 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылып отыр. Бұл бос жұмыс орындарының 58%-ының жалақысы 100 мың теңгеден жоғары.