Көпбалалы аналарға арналған іс-шара аясында тігін және қолданбалы өнерден тегін шеберлік сыныптар ұйымдастырылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шара астана күні қарсаңында қала әкімдігінің бастамасымен «Асыл ана» жобасы аясында ұйымдастырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған көпбалалы аналар 6-10 маусым аралығында өткен «Асыл ана» семинар-тренингтерінен алған білімдерін ортаға салды. Олар өз жұмыстарын көрмеге қойып, жұртшылық назарына ұсынды.
Шараның ашылуына Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қатысты.
Жиынға қатысқан қала әкімі Алтай Көлгінов әйел, ана тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, өмірге және елімізді дамыту жұмыстарына белсенді араласатын қоғам мүшесі екенін атап өтті. Сөз арасында ол қазіргі уақытта әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері кеңейіп жатқанын, олардың белсенділігі әсіресе шағын және орта бизнес секторында байқалатынын жеткізді.
Ал шеберлік сыныптарын ұлттық қолөнер бұйымдарын шығаратын этно-дизайнер, ҚР Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Ырза Тұрсынзада өткізді. Ол осы саланың құпияларын, жеке кәсіпті ашудың қыр-сырын әрі оны әлеуметтік желілерде жүргізу әдісін бөлісті.
Ежелгі дәстүрлерімізді жаңғырту арқылы жетістікке жетеміз. Бүгінгі көрмеге қойылған дүниелерге мән берсек үлкен еңбекті ғана емес қолөнер қазақ әйелдерінің қанында барын байқауға болады. Біз төрт жыл бойы қайырымдылық мастер-класстармен айналысып келеміз. Бүгінде елордада ұлттық қолөнермен айналысып, 500 мың қаржы табатын аналар бар. Олар өз еңбегімен бастаған бизнесі арқылы қаржы тауып, табысқа жету мүмкін екенін іспен көрсетті, – деді Ырза Тұрсынзада.
Қатысушылар дипломмен марапатталды. 50 әйелге тігін машинасы мен өзге де бағалы сыйлықтар табысталды.