Алтай Көлгінов Орталық Азиядағы экономикалық дипломатия бойынша Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің өкілі Лоро Паскальмен кездесті. Бұл туралы астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Екі ел тараптары цифрландыру, жасыл экономиканы дамыту, IT технологияларын әзірлеу, мәдениет және басқа да салалар бойынша бірқатар мәселені талқылады.
Лоро Паскаль екі елдің ынтымақтастығын атап өтті. Оның айтуынша, француз компаниялары қазақстандық компаниялармен бірге бірқатар жобаны табысты жүзеге асырып келеді. Ол ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция басшысы Эммануэль Макронның Брюссельдегі кездесуі аясында екіжақты ынтымақтастықтың үш негізгі бағыты белгіленгенін еске салды. Оған ауыл шаруышылығы, цифрландыру және баламалы энергия бағыты жатады.
Алтай Көлгінов Қазақстан мен Франция арасындағы жасыл экономика саласындағы ұқсас ұстанымдарды айтты. Ол астананы жан-жақты дамыту мәселелерінде Smart City цифрлық технологиялары, қаланың өмір сүру қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйе пайдаланылатынын жеткізді.
Нұр-Сұлтан басшысы IT-мамандарды дайындайтын №42 француз мектебі мен жергілікті колледж базасында тәжірибе алмасуға дайын екенін айтты.
Біз ұсыныстарға ашықпыз және өткен жылдың қазанындағы кездесу аясында екі ел басшылары айқындаған негізгі бағыттар бойынша өзара іс-қимыл мүмкіндігін қарастыруға дайынбыз, — деді әкім.
Кездесу соңында тараптар уағдаластықтар шеңберінде тығыз қарым-қатынас пен тиімді жобаларды бірлесе әзірлеуге келісті.