Алматы кардиология орталығының директоры, жоғары санатты кардиохирург дәрігер Алмат Қодасбаевтың айтуынша, бұрын кең таралған аурулар жөнінен онкология бірінші орында болса, қазір жүрек-қан тамырлары алғашқы орынға шығып отыр.
Жүрек-қан тамырлары ауруларының себептері де сан түрлі. Мәселен, мұндай дерттің 10-15%-і тұқымқуалаушылықтан болса, қан құрамында қанттың нормадан жоғары болуы, қан құрамындағы холестериннің жоғары болуы, жүректен тыс басқа да органдардың зақымдануы, ми қабатының зақымдануы, бүйрекүсті безі аурулары, қалқанша без гормондарының бұзылуы және тағы басқа.
Жүрек-қан тамырлары жүйесіне қауіпті әдеттер қатарына темекі шегу, кальян шегу, спирттік ішімдіктерді жиі пайдалану жатады. Алкоголь құрамындағы сивуха майы тамырды кеңейтіп, жүрекке салмақ түсіреді. Темекі құрамындағы никотин, керісінше, тамырды тарылтып, қанның жүруіне кедергі жасайды. Аурудың туындауына тамақ құрамының да әсері бар. Майлы, тұзды, кептірілген, қуырылған тамақ қандағы холестеринді көбейтеді. Халқымыз «Ауру астан» деген. Дұрыс тамақтанбаудың өзі асқорыту жүйесіне ғана емес, жүрек-қан тамырлары ауруларына да кері әсерін тигізеді. Сондықтан күнделікті пайдаланатын тамақтың құрамы мен сапасына аса мән берген абзал, — дейді дәрігер.
Тамырлардағы қан қысымының жоғарылауы жүректің әлсіреуі мен зақымдануына себеп болады. Сондықтан осы күні әлем дәрігерлері гипертонияны жүрек ауруларымен бірге емдеуді жолға қойып отыр. Бүгінде жастар арасында қан қысымының жоғарылауы жиі кездесіп жатыр. Ол зиянды әдеттерге ғана емес, жалпы стресс жағдайларына да байланысты екені дәлелденген.
Жастар арасында бұл аурулардың кең етек алуы қимыл-қозғалыстың азаюынан да белең алып отыр. Себебі қазір адамдардың дене белсенділігі шынымен аз. Сондықтан денсаулығын ойлаған әр азамат дене еңбегін ой еңбегімен өзара ұштастыра білгені дұрыс болар еді,- дейді Алмат Қодасбаев.
Маманның айтуынша, инфаркт пен инсульт те — күретамыр гипертония ауруларының басты салдар, яғни адам өз денсаулығына салғырт қарайтын болса, қан қысымының жоғары екенін біле тұра оған көңіл аудармаса, болашақта инфаркт пен инсультқа шалдығуы әбден мүмкін.
Қазіргі таңда жүрек-қан тамырлары ауруларын болдырмау мақсатында елімізде біршама бағдарлама бекітілген. 40 жастан асқан әр азамат тегін скрининг тексерісінен өте алады. Скрининг нәтижесінде қант диабеті, семіздік, күретамыр гипертониясының алғашқы сатылары ертерек анықталады. Ол уақытында ем қолдану үшін қажет, — дейді кардиохирург.
Бүгінде медицинада жүрек сырқаттарын анықтаудың заманауи әдістері дамыған. Мысалы, оның емханалық түрі — пациенттің шағымдануы арқылы электр кардиография (ЭКГ) аппараты арқылы тексеруге болады. Бірнеше қан талдауы алынып, қан қысымы өлшенеді. Егер пациент стационар емге мұқтаж болса, арнайы коронарография әдісімен тексеру жүргізіледі. Ол қан тамырларына арнайы құрылғыларды жібере отырып ауру белгілерін түбегейлі зерттейді. Электр кардиостимулятор қондырғысын орнату арқылы сырқат адамның жүрек ырғағын бақылап емдеу тағы бар. Дәрігердің айтуынша, науқастар көбіне ауру асқынып кеткенде ғана медициналық көмекке жүгініп жатады.
Кез келген аурудан емделгеннен гөрі ауырмайтын жол іздеу керек. Жақында елімізде кардиологтар конгресі өтті. Онда жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайту, аурудың салдарын жою мен оған жол бермеу мәселелері талқыланды. Мұндай ауруларды болдырмауға қатысты ең қарапайым кеңес — ең әуелі спортпен шұғылдану, тамақ сапасын қадағалау, майлы тамақты көп жемеу. Аурудың қандай да бір белгілері байқалса, уақыт созбай дәрігерге қаралған абзал. Дәрігер ауру адамды емдейді, ал аурудың алдын алу әрбір адамның өз қолында, — дейді маман.
Еске сала кетейік, Қазақстанда қоғамдық ұйымдар бірнеше жылдан бері қоғамдық денсаулық сақтау ісінде зиянды азайту тұжырымдамасы принциптерін енгізуді ұсынып отыр. Өйткені адамдар өз денсаулығы үшін жауапты екенін түсінуі және зиянды әдеттерден бас тартуы керек. Бірақ көп жағдайда зиянды әдеттерден толық бас тарту үшін адамға ерік күші жетпейді. Бұл жағдайда зиянды азайту тұжырымдамасы көмекке келеді. Тұжырымдаманың мәні мынадай: егер адамдар зиянды әдеттерден бас тарта алмайтын болса, онда олар зияны барынша аз баламаларды таңдауға тиіс, мысалы, күшті алкогольдің орнына жеңіл алкогольді ішуге, өте майлы тағамның орнына аз майлы тағамды пайдалану, тағысын тағы. Осылайша адамдар өз ағзасына, оның ішінде жүрек-қан тамырлары жүйесіне келетін айтарлықтай нұқсаннан құтыла алады.