Басты бетЖаңалықтарШығыс Қазақстандағы...

Шығыс Қазақстандағы Елеке сазы қорғанынан алтын жәдігер табылды

Елеке сазы жазығында археологтар Зейнолла Самашев және Әбдеш Төлеубеков бастаған зерттеушілер тобы биыл табылған құнды жәдігерлерді таныстырды. «Патша» қорымынан мүйізі алтын сымнан өрілген бұғының бейнесі, алтыннан құйылған арқар мүсіндері мен ұсақ моншақтар табылды.

Алғашқы қадамымыз өте жақсы, үмітіміз зор. Әзірше алғашқы жәдігерлерді ғана қазып алдық, қалғаны осы айдың аяғына қарай толық қазып алынады деп үміттенеміз, — дейді Зейнолла Самашев.

Биыл облыс әкімдігі «Ұлы дала алтыны» көрмесін Ыстамбұлда ұйымдастырады. Ал 2020 жылы Англия көрмелеріне жеткізу жоспары тұр.

Елеке сазы біздің заманымызға дейінгі VIII ғасыр мен біздің заманымыздың VIII ғасырына дейінгі аралықта үздіксіз даму байланысының барын білдіретін құбылыс. Жұмыстар аяқталған соң бұл халқымыздың мақтанышына айналатынына сенімдімін. Сонымен бірге Азия құрлығында кездеспейтін Қаған кешенін де зерттейміз. Біз Білге қағанның, Күлтегіннің кешендері Моңғолияда табылғанын білеміз. Елеке сазында табылған кешен олардың планеграфиясын қайталайтын бірегей кешен. Жақын арада біздің қос ғалымымыз әлемге жаңа Қазақстанды көрсететініне сенімдімін, — деді Даниал Ахметов.

Алдағы уақытта Әбдеш Төлеубековтың жетекшілігімен ірі қорғандардың бірі — «Сардар-1» қорымы ашылады.

Айта кетейік, учаскені қазу барысында ерте сақ дәуіріне тиесілі кезеңде қолданылған медициналық құралдар, темір пышақтар және қанжар қынымен табылды.