Алдағы күндері Қазақстанда ауа температурасы 43 градусқа дейін көтеріледі. «Қазгидромет» кәсіпорнының мамандары 11-13 шілде күндері ауа райы қандай болатынын хабарлады.
Шілде айының ортасы — жаздың ең қызу кезеңі. Алдағы үш тәулікте ауа райы нағыз жаздағыдай ыстық және жауын-шашынсыз болады. Күндіз термометрдің сынап бағанасы 30-38 градусқа дейін, ал кей жерлерде 40-43 градусқа дейін көтеріліп, орташа көпжылдық мәннен жоғары болады, — деп хабарлады «Қазгидромет» мамандары.
Синоптиктердің болжамына қарағанда 11-13 шілде күндері батыста өткінші жаңбыр жаууы мүмкін, бірақ республиканың басқа аймақтарындағыдай ыстық болады.
Айта кетейік, «Қазгидромет» кәсіпорны аптап ыстыққа байланысты бірнеше өңірде ескерту жариялады. 11 шілдеде Ақтөбе, Қарағанды облыстарында 40-41 градус, Ақмола облысында 30-38 градус, Жамбыл облысында 38-40 градус, 11-12 шілде күндері Солтүстік Қазақстан облысында 35-38 градус, 12-13 шілде күндері Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Түркістан облыстарында 40-43 градус ыстық болады.