«Астана» ХҚО соты мен Халықаралық арбитраж орталығы ашылды

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсім барысында сот ғимараты мен Халықаралық арбитраж орталығын ресми түрде ашық деп жариялап, қалыптасқан үрдіске сәйкес арнайы балғамен соққы жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев заң үстемдігін сақтау қағидаты орнықты экономикалық дамуға және инвесторларға деген сенімге ықпал ететінін айтты.

Біз заманауи, кәсіби және дербес сот жүйесін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлеміз. «Астана» халықаралық қаржы орталығының соты мен Халықаралық арбитраж орталығын ағылшын құқығы қағидаты негізінде құру арқылы біз «Астана» халықаралық қаржы орталығының институционал құрылымын жасауды аяқтаймыз. Сонымен қатар Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі бастамаларының бірін жүзеге асырамыз, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы — Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін жасаған қадамдарының бірі.

Біз мұның биік мақсат екенін түсінеміз. Ол тұрақты әрі сапалы экономикалық өсімді, әртараптандыруды, жаңа инвестиция мен технологияны тартуды талап етеді. Біз реформалардан қорықпаймыз. Сондықтан бұрынғы КСРО аумағында алғаш рет ағылшын құқығы сот төрелігінің жалпы жүйесі аясында елімізде табысты қолданылып отыр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығында исламдық қаржыландыру, адам капиталын, инновация мен цифрландыруды дамыту, стартап-жобаларды қолдау салалары бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалардың мамандандырылған көрмесін аралап көрді. Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының жұмысымен танысты.

Бұдан соң Қазақстан Президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес отырысын өткізді.

Отырысқа кеңес төрағасы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин, ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, сонымен бірге кеңес мүшелері: Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабарти, JP Morgan Chase International директорлар кеңесінің төрағасы Джейкоб Френкель, Ресей «Сбербанкінің» президенті және басқарма төрағасы Герман Греф, Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар, «Яндекс» компаниялар тобының басшысы және негізін қалаушылардың бірі Аркадий Волож, Citigroup инвестициялық және корпоратив банкінің үкіметтер мен мемлекеттік сектор жөніндегі жаһандық блогының басшысы Джули Монако.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңестің жаңа мүшелеріне ризашылығын білдіріп, шетелдік инвесторлардың күш-жігері мен қолдауының арқасында «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алдағы жұмысына негіз қаланғанын айтты.

Ресми түрде іске қосылғаннан бері бір жыл ішінде Халықаралық қаржы орталығы беделді қаржы орталықтарының жаһандық индексі бойынша 37 позицияға көтеріліп, 51-орынға ие болды. АХҚО табысты жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған, қажетті инфрақұрылым бар. Енді бізге нақты нәтижелерге қол жеткізу керек, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан әлемге танымал халықаралық қаржы орталығына айналып келе жатқанын айтты.

Әлемнің жетекші сәулетшілері елорданың бірегей бейнесін жасады. Енді дүниежүзінің белгілі қаржыгерлері осы жерде табысты қаржы орталығын қалыптастыруға атсалысатын кез келді. Орталық қаржы секторын дамытумен қатар экономикаға инвестициялар тартуы тиіс. АХҚО базасында келешегі зор жобаларды қаржыландыру жөніндегі негізгі мәмілелер жасалуы қажет. Бұл жерде «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», «ҚТЖ», Air Astana сынды ұлттық компаниялардың IPO-сы өтеді, — деді Президент.

Отырыс барысында АХҚО-ның жылдық есебі бойынша ресми таныстырылымы өтті.