«Журналистердің медиаэтика бойынша кәсіби білігін арттыру» тақырыбындағы тренинг барысында Baribar.kz, 7kun.kz, Qamshy.kz, Abai.kz, Bugin.kz, Arhar.kz, Qazadauiri.kz, Arasha.kz, KZNews.kz, Kerekinfo.kz сайттарының бас редакторлары өзара келісіп жасаған ортақ құжатқа қол қойды.

7kun.kz жобасының жетекшісі Ербол Азанбектің айтуынша, қазақ сайттары үшін журналистік этика мен кәсіби стандарттардың сақталмауы үлкен проблема болып келеді.

Өкінішке қарай, қазіргі уақытта журналистикада, оның ішінде нақты интернет-журналистика саласы этика талаптарының сақталмауына байланысты әлеуметтік желілермен деңгейлес болып қалған сияқты. Журналистика деген ол — арнайы маманданатын, талай жылғы дәстүрі, заңы бар сала. Ақпарат таратудың да өз талап-тәртібі, этикасы бар. Журналистік этиканың сақталғаны дұрыс. Кейде рейтинг қуып, сары жаңалықтарды беріп жатамыз, ол журналистиканың қадірін қашырады, әлеуметтік желіден айырмашылығы болмай қалады, — дейді ол.

Журналистік этика кодексі
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ербол Азанбектің айтуынша, бір топ қазақ сайтының басшысы журналистік этика стандарттарын енгізу мәселесін бұған дейін ақпарат саласына жауапты мемлекеттік органға жеткізген. Бірақ мемлекеттік ведомство саланы бұл жағынан реттеуді медианарыққа қатысушылардың еркіне қалдырған.

Біз былтыр бұл мәселемен министрлікке хабарласқанымызда бізге «нарыққа қатысушылар өздеріңіз реттеңіздер, өздеріңіз қолға алыңыздар, біз салаға бағыт-бағдар бере алмаймыз, біз тек заң тұрғысынан қамтамасыз ете аламыз, егер бұл бағытта заң бойынша өзгеріс енгіземіз десеңіздер, бізге ұсыныс жасаңыздар» деген еді. Енді міне, бүгін 10 шақты сайттың басшысы тиісті құжатқа қол қоюға ниет білдірді. Бұл тек қол қою ғана емес, келешекте оны ары қарай іске асырсақ деген ұсыныс бар. Болашақта мұнымен шектелмей, жарнама берушілермен бірлесе жұмыс істесек деген ниетіміз бар, — дейді Ербол Азанбек.

Қазақстан медиасында ақпараттық сауат жөнінде бұған дейін жиі айтылып, ішкі цензура ретінде ғана қолданылып келген ережелер жиынтығы тұңғыш рет келісіп жазылған және редакциялардың сақтауына ұсынылған стандартқа айналды. Baribar Media ЖШС директоры Ербол Серікбайдың айтуынша, кодекс алдағы уақытта толықтырылуы мүмкін. Сайт редакциялары жұмысына қатысты жаңа тармақтар үш не одан көп қатысушының мақұлдауы негізінде енгізіледі.

Ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби этикасы мәселелеріне арналған тренингті журналист Жұлдыз Әбділда мен PR маманы Дінмұхамед Зиядин жүргізді.

Жұлдыз Әбділда
Жұлдыз Әбділда. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әлеуметтік желі мен мессенджер арқылы жалған ақпарат тез тарайтын қазіргі қоғамда медиаэтика қаншалықты маңызды? Медиаэтиканың қазіргі қазақ журналистикасындағы көрінісі қандай? Журналистің этиканы ескермеуінің себеп-салдары қандай? Қос медиатренер осы және өзге де мәселелерді нақты кейстермен түсіндірді.

Тренингті Baribar.kz жобасы АҚШ елшілігінің қолдауымен өткізді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!