Аманжан Еңсебаев Қазақ радиосында 47 жылдан бері диктор болып қызмет етіп келеді. Ол қазіргі уақытта «Шалқар» радиосында «Қазақ әңгімелері» айдарын жүргізеді. Оны әріптестері «Қазақ дикторларының соңғы тұяғы» деп атайды. Әңгімесін «Кезінде Қазақ радиосында 500-ге жуық қызметкер жұмыс істейтін» деп бастаған Аманжан Еңсебаев ауыр күрсінді. Себебі Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері қызметкерлердің саны жылдан жылға азая берген. Бүгінде бұл радиостанциялардың Алматы филиалында бар-жоғы 20 адам жұмыс істейді.
— Қазақ радиосындағы диктордың орны қандай? Қазіргі радиоға диктор керек пе, жоқ па?
— Мен Қазақ радиосына 1972 жылы желтоқсанда келдім. Сонда радиоарнаның штатында 34 диктор болатын. Оның 17-сі орыс тілінде, 7-еуі қазақ тілінде жүргізетін. Содан бері 47 жыл өтті. Тәуелсіздік жылдарына дейін осындай құрамда болдық. Кейін «Диктор қажет емес» деп қысқартты. Бірақ 2000-жылдардың басында радионың бас директоры болған Нұрлан Өнербаев 4-5 дикторды жұмысқа қайта шақырды. Содан кейін 3-4 жыл жұмыс істедік. Кейін тағы қысқартып, қайтып шақырды. Сөйтіп аумалы-төкпелі заманды бастан өткердік. Қазір, Құдайға шүкір, қара шаңырақта жастардың ортасында бірге жүрміз. «Диктор мамандығы керек пе, керек жоқ па?» дейтін уақыт өтті. Осы күні «Диктор керек» дейді. Бірақ ондай штат жоқ. «Диктор болу өнер ме, әлде мамандық па?» деген тағы бір сұрақ бар. Өйткені дикторды оқытатын жоғары оқу орны да, оны дайындайтын арнайы маман да жоқ. Оның дауысын Алла береді, туа бітеді, ана сүтімен келеді. Ал шеберлік біртіндеп, жылдар бойы қалыптасады. Ол не оқып отыр, қалай жеткізіп отыр, тыңдаушымен қалай тілдеседі — бұл диктордың шеберлігіне байланысты. Маған дейін бұл радиода небір майталман диктор қызмет еткенін ел-жұрт жатқа біледі. Қазақ радиосының пионер дикторы Мина Сейітова, Қатира Әзімбаева, Қазақ радиосының атасы, «қазақтың Левитаны» атанған Әнуарбек Байжанбаев, Мұқағали Мақатаев, Шәкен Айманов, Ермек Серкебаев маған дейін Қазақ радиосының дикторы қызметін атқарды. Олардың ізін жалғастырдым, көзін көрдім, соны мақтан тұтамын. Қазақ радиосының тарихында штаттағы ең соңғы диктор атанған да — мен. Бұдан кейін мұндай штат бола ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ менің түсінігімде радиоға диктор қажет.
— Үлгі тұтқан алдыңғы буыннан қандай тәлім алдыңыз? Олардың ерекшелігі мен шеберлігі неде еді?
— Қазақ радиосының ең алғашқы дикторы Мина Сейітованың көзін көріп, тәрбие алдым. Ол көзінің тірісінде нақақтан «халық жауы» атанған Ахмет Байтұрсынұлының жиені екенін айтпай кетті, қорқатын. Мина Сейітова 1976 жылы қайтыс болды. Сол уақытқа дейін бір ауыз «Мен радионың негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлының жиенімін» дегенді айтпады. «Абай жолындағы» Құнанбайдың тұқымы, Әзімбайдың немересі Қатира Әзімбаева да диктор болды. Қазақстанның халық артисі, Қазақ радиосының атасы Әнуарбек Байжанбаев оны «Кәке», Мина Сейітованы «Жеңеше» деп кішіпейілдік көрсетіп өтті. Бұл үшеуінің де жоғары білімі жоқ. Оларды ешкім диктор мамандығына оқытқан жоқ. Олардағы дауыс — Тәңірінің сыйы. 12-13 жастағы Әнуарбек Байжанбаев хат тасушы болып жүргенде Бейімбет Майлин оның дауысын естіп, «Әй, мына баланың дауысында бір бояу бар екен. Менің «Мырқымбайымды» оқышы» деп, оқу, сөйлеу мәнеріне сүйсінген. Сәкен Сейфуллин де оны байқап қалып, қабілетіне жоғары баға берген. Cол Әнуарбек Байжанбаевтың шәкірті болдым, соған мақтанамын. Шәкен Айманов, Мұқағали Мақатаев, Ермек Серкебаев та Қазақ радиосында диктор қызметін атқарды. Сауық Жақанова, Жаңыл Біржановалардың хабарын есіктің сыртынан тыңдайтынбыз. Олардың оқыған мәтінінің екінші данасын режиссердан сұрап алып, «мына жерін қалай оқиды, қалай жеткізді» деп көз жүгіртіп қарап тұрамыз. Әнуарбек Байжанбаев пен Сауық Жақанова, КСРО халық артисі Фарида Шәріпова мен Қазақстанның халық артисі Зәмзәгүл Шәріпова жұптасып оқығанда сөзден сурет салады, бірін-бірі толықтырып, дауыс бояуын келтіріп, адамның ішкі дүниесіндегі арпалыс пен сезімді әдемі жеткізеді, тыңдаушыны еріксіз радионың алдына байлап қоятын. Бұл — диктордың шеберлігі. Әнуарбек Байжанбаев оқығанда кейіпкерге айналып кететіні сонша, ішкі сезімін ірке алмай, көзіне жас келіп қалатын кездері болады. Ақан сері мен Қозы Көрпеш болып ойнап беру бөлек. Ал тыңдаушыны дауысыңмен сендіру — нағыз шеберлік. Оның бар байлығы — дауыс. Диктордың көркемсөз оқудағы орны дегенде осыны айтқым келеді.
— Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе? Қазіргі жастардың диктор болуға беталысы қалай?
— «Диктор болсам» деген талапты жас көп. Небір тұнық дауыс бар. Бірақ радиоарнаға диктор керек дегенді естіген жоқпын. Қазір дикторға сұраныс жоқтың қасы. Бірақ маған келген талантты жастарды бар білгеніммен үйретіп, тәжірибемді бөлісемін. Қазіргі радиоға барғысы келетін жастардың көбі маған «дауысымды қойып беріңізші» деп келеді. Бұл — қате түсінік. Дауысты еш уақытта қоймайды. Бұл тіркес орыстың «Постановка голоса речи» деген тіркесінен шыққан. Негізі оның мағынасы дауысты тәрбиелеу, шыңдау дегенді білдіреді. Ол шіңкілдеп тұрса, одан мүлде қою дауыс шықпайды. Егер туғаннан, ана сүтінен берілген жақсы дауыс болса, оны біртіндеп жетілдіруге, оқу шеберлігін шыңдауға болады. Сосын маман ретінде тәжірибе де жинақталады. Қазақ радиосының Алматыдағы филиалында жұмыс істеп жүрген мамандардың бәрі — менің шәкіртім. Мақтан тұтарлық шәкірттерімнің бірі — Нұрлан Өнербаев. Радиоға 30 жасқа жетпейтін кезінде диктор болып келді. Кейін басшы қызметіне дейін көтерілді.
— Жас радиожурналиске қандай кеңес бересіз?
— Ең біріншіден, қандай салада да тәртіп маңызды роль атқарады. Диктор 15 минут бұрын эфирге дайын болуы керек. Менің үстелімде әлі күнге дейін сөздің екпіні бойынша сөздік жатады. Қанша білікті маман болсаң да, мұны әдетке айналдыру керек. Диктор әр сөзді айтқанда екпінін дұрыс қойып, шатаспауы керек. Әрдайым ізденіп жүрген жөн. Қазіргі қазақ радиожурналисіне ана тілін бес саусағындай білу — парыз. Жастар озық үлгідегі адам боламын деп Еуропаға еліктеп, батыстың жетегінде кетпеуі үшін радиодағы сөзіміз бен әнімізді түзеуіміз керек. Радиолардың рейтинг қууының соңы жақсылыққа апармайды.
Екі жылдан кейін Қазақ радиосы 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Қазақтың бас радиосының негізін Ахмет Байтұрсынұлының қалағанын бірі білсе, бірі білмейді. Бұл туралы Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосының Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы айтып берді.
— Қазақ радиосының негізі 1921 жылы 1 қазанда Ахмет Байтұрсынұлының тікелей ықпалымен байырғы астанамыз Орынборда қаланды. Бұл туралы радиозерттеуші, ғалым, ұстазымыз Намазалы Омашев зерттеп, дәлелдеді. Ол 2001 жылы Қазақ радиосының 70 жылдығы атап өтетін тұста Қазақ радиосының тарихына қанша жыл?» деген атпен ғылыми-танымдық материалын «Егемен Қазақстан» газетіне жариялап, сол жылы Үкіметтің қаулысымен Қазақ радиосының 70 емес, 80 жылдығы аталып өтті. Біз сол тұжырым бойынша 98-маусымымызды қарсы алып отырмыз. 2012 жылдан бастап Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосы Алматыдан Нұр-Сұлтанға қоныс аударды. Сол жылдың 1 қазанынан бастап біз Алматы филиалы хабар таратуын жалғастырды. Ең қызығы — Ахмет Байтұрсынұлы да алғаш рет Орынбордан 1 қазанда әуе толқынына шықты. Бұл — сәйкестік. Сондықтан радионың 100 жылдығы қарсаңында 1 қазанды «Радио күні» деп атап өту туралы ұсыныс жасап жатырмыз. Өйткені тәуелсіздік алғалы бізде Қазақ радиосы күні деген айтулы мереке жоқ. «Радио күні» бекітілсе, оған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы төсбелгі шығарылып, соның қарсаңында республикалық деңгейде радиожурналистер байқауы өтсе, біз Ахмет Байтұрсынұлының Қазақ радиосының атасы екенін қоғамға дәріптейміз. Екіншіден, бұл еліміздегі қазіргі бар радиожиіліктің атасы Қазақ радиосы екені дәлелдейтін күн болмақ.
Филиал басшысының айтуынша, «Шалқар» радиосы өткен жылдың аяғы мен осы жылдың басындағы рейтингте үздіктер қатарынан көрінген. Бұл — тыңдаушылардың ұлттық музыкаға, ұлттық өнімдерге бейжай қарамайтынының белгісі. Оның ішінде балаларға арналған контенттің үлесі зор екен. Айта кетейік, «Қазақ радиолары» ЖШС құрамына Қазақ радиосы, «Шалқар» радиосы, «Астана» радиосы және биыл құрылғанына 8 жыл болған «Классика» радиосы кіреді.