30 маусым күні 10.00-ден 12.00-ге дейін «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы саябақта бейбіт митинг өтеді. Бұл туралы азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев Facebook парақшасында жазды.
Белсендінің айтуынша, оның 36-шы өтінішінен кейін Алматы әкімдігі бейбіт жиын өткізуге рұқсат берген. Әлнұр Ильяшев әкімдікке бұл өтінішті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Euronews арнасына берген сұхбатынан соң тастаған.
Жиында қазақстандықтардың митинг өткізу құқығы туралы айтылады.
Наразылыққа шығып, өз ойын айтқысы келгендерге арналған заң қабылданады. Олар тиісті органдарға өтініш жазады және оларға жиналып, ойларын айтатын орын беріледі, — деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев маусымның ортасында шыққан сұхбатта.
Белсендінің 19 маусымда түскен бейбіт жиын өткізу туралы шағымына Алматы әкімі Бауыржан Байбек қол қойып, қаулы шығарды. Онда «Қазақстанда бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заңға сай мақұлданғаны жазылған.
Қаулының орындалуын әкімнің орынбасары Арман Қырықбаев бақылайды.