Басты бетҚоғам"Арысқа жақын...

«Арысқа жақын ауыл тұрғындары үйлерін тастап кетіп жатыр»

Baribar.kz порталына хабарласқан Ордабасы ауданы Ықыластемір ауылының тұрғыны Қалдыбек Бекеев тұрғындардың көбі ауылдан көшіп кеткенін айтты.

Арыстағы жарылыс әлі болып жатыр деп естідік. Ауыл тұрғындары үрейленіп отыр. Олардың көбі көліктеріне мініп, Шымкентке кетіп жатыр. Адамдар көліктің багажына да отырып алған. Әке-шешем, әйелім, үш балам Шымкентке кетті. Мен үйде қалдым, — деді ол.

24  маусым күні сағат 9.20-да Төтенше жағдайлар комитеті өртке қарсы қызмет бөліміне Арыстағы №44856 әскери бөлім территориясының қоймасында жарылыс болып, өрт шыққаны туралы хабар түскен.

Осы уақытқа дейін үш адамның ауыр халде екені және 34 адамның медициналық көмекке жүгінгені туралы мәлім болды.

Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев Түркістан облысы Арыстағы төтенше оқиға туралы мәлімдеме жасаған болатын.

Арнайы комиссия құрылды. Қазіргі уақытта эвакуация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сөзсіз, бұл — төтенше оқиға, оның алып жатқан аумағын әлі айта алмаймын, — деді Тимур Дәндібаев журналистерге Сенаттың кулуарында.

Ордабасы аудандық әкімдігі Бөген суқоймасының ашылатыны туралы ақпараттың жалған екенін хабарлап, тұрғындарды сабырлыққа, қауесет сөзге сенбеуге шақырды.

Арыстағы әскери қоймада болған төтенше жағдай бойынша Бөген суқоймасында ешқандай да штаттан тыс әрекеттер іске асырылмайды. Тұрғындарды әлеуметтік желілердегі қауесет сөздерге сенбеуге, сабырға шақырамыз. Жалған ақпарат таратқан азаматтар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес жауапқа тартылатынын ескертеміз, – деді баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда арнайы штаб құрылып, әскерилер мен құқық қорғау органдары төтенше жағдай аймағына келіп жетті.

Оқиғаға байланысты Шымкент төтенше жағдайлар департаментінде «Қауырт желісі» жұмыс істейді. Тәулік бойы 8 7252 44 94 72 немесе 8 7252 35 33 66 телефон нөмірі бойынша ақпарат алуға болады.