Басты бетЖаңалықтарАлматы әкімі...

Алматы әкімі жолдардың құрылысын тексерді

Бауыржан Байбек көлік жолдарында өлімді азайту мақсатында қолға алынған Vision Zero Almaty жоспарының орындалу барысын тексерді. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл жазда қаланың 140-тан астам жолы жөнделіп жатыр. Оның 56-сы жаяу жүргіншіге бейімделген. Олар — бекет кешендерінің айналасы, кең қозғалыс бөлігінің жиектері және өтпелі жолдардың қауіпсіз аймағы.

Қала бойынша адам көп жүретін, апаттық деңгейі жоғары 72 аумақ анықталды. Мұндай жерлердің радиусы тарылып, жүргіншілер үшін бағдаршамдар аралығы ұлғаяды, тоқтау желілері орнатылады.

Біз қала жолдарындағы өлім деңгейін барынша азайтуға тырысып жатырмыз. Кейде адамдар қателікке ұрынады. Сондықтан субьектив факторды азайтатын қауіпсіз инфрақұрылым жасаған жөн. Қозғалыс кезінде жаяу жүргіншінің ең осал қатысушы екенін ескерсек, оған басымдылық беріледі, — деді Бауыржан Байбек.

Бұдан өзге 100 жаңа өтпелі жолдар салу жоспарланды. Алматы тұрғындарының көптеген өтініші бойынша 50 учаскеде қауіпсіз аумақтар болады. Олар кең қозғалыс жиегін ажыратып тұрады.

Бауыржан Байбек қоғамдық көлік жолдары мен веложолдар желісін жасау одан әрі жалғасатынын айтты. Мүгедек жандар үшін қоғамдық кеңістікті жаңарту мен ыңғайлы орта қалыптастыруға ерекше назар аударылады.

Әкім жұмыс сапары кезінде Гоголь көшесін абаттандыруға қатысты бірқатар ескерту айтты. Мұнда жақын арада ескі ағаш діңгектері алынып, көше жарығы мен троллейбус желісі реттеледі. Қала басшысы көшені көгалдандыруға, түрлі қоршауларды сүруге, көлеңке жерлерге көше жиһазын орнатуды тапсырды.