Абайдың 175 жылдық мерейтойына дайындық басталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын тойлау туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Семейде зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, хәкім тойын жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселесін талқылады.

Ұлы ақынның атымен аталатын театрда өткен кездесуге Абай ауданының әкімі, мәдениет саласының өкілдері, мұражай, театр, кітапхана, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысты. Кездесу барысында айтулы мерейтойға биылдан бастап қамдану қажет екені ескертіліп, атқарылатын іс-шаралардың мән-жайы талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары былтыр Өзбекстанда Абай жылына арналған бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырылғанын айтты. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» аясында «Абай әлемі» кітаптар сериясы шығарылып жатқанын, театрлардың репертуарында «Жас Абай», «Шәкәрім. Жолсыз жаза», «Абай», «Адамзаттың бәрін сүй» сынды мазмұнды қойылымдардың бар екенін еске салды.

Әкімдіктің қолдауымен 20 жылдан бері 5-11-сынып оқушылары арасында дәстүрлі «Абай оқулары» өтсе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында былтыр «Әдеби Шығыс» жобасы іске асып, оқу-тәжірибелік тур ұйымдастырылған. Нәтижесінде екі мыңнан астам оқушы Абай-Шәкәрім мемориалы, Абайдың музей үйі, Семейдегі Абай музейі, Күшікбай бұлағы, «Еңлік-Кебек» ескерткіші, Невзоровтар отбасы мен Ф.Достоевский музейлеріне және тағы басқа тарихи-әдеби орындарға барды.

Келесі жылы қазақтың мәдениетін, тілі мен салт-дәстүрін Абай шығармалары арқылы насихаттау мақсатында өзге ұлт өкілдері арасында Абай оқуларын өткізу жоспарланып отыр. Мерейтойдың ауқымы бұдан әлдеқайда кең болады. Арнайы құрылған жұмыс тобы нақты ұсыныстарын облыс әкімі мен Мәдениет министрлігіне айтады.

Шығыс Қазақстан облысында ұлы Абай есімімен 106 көше, 15 мектеп, бір аудан, кітапхана, театр, музей және қоғамдық қор бар. Семей қаласында салынып жатқан заманауи мәдени-спорт кешені де хәкімнің атымен «Абай Арена» деп аталады.