Бақыт Сұлтанов Сауда және интеграция министрі қызметіне келді.
Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі болып тағайындалсын, — делінген хабарламада.
Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов 1971 жылы Алматыда дүниеге келген. Қазақ ұлттық техникалық университетін “Робототехникалық кешендер және жүйелер” мамандығы бойынша үздік бітірген.
1994-2002 жылдар аралығында Қаржы министрлігінде басқару жұмыстарын атқарған. 2002 жылдың қыркүйегінен бастап 2003 жылдың маусымына дейін ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Бюджеттік саясат және жоспарлау департаментінің директоры қызметін атқарды.
2003 жылдың маусымынан бастап 2006 жылдың ақпанына дейін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің вице-министрі қызметіне тағайындалды. 2006 жылдың ақпанынан 2007 жылдың қаңтарына дейін ҚР Статистика агенттігінің төрағасы болып қызмет істеді.
2007 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы қаржы вице-министрі. 2007 жылдың тамыз айынан ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі. 2010 жылдың 13 наурызынан ҚР Президентінің көмекшісі болды. 2012 жылғы 21 қаңтар – 2013 жылғы 6 қараша аралығында ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары. 2013 жылдың 6 қарашадан Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, ҚР қаржы министрі қызметінде болды. Үйленген, үш баласы бар.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі құрылды. Осы Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі құрылды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы Жарлық 17 маусымда Ақорда сайтында жарияланды.
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігіне:
- Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ішкі және сыртқы сауда саясатын қалыптастыру және іске асыру, халықаралық экономикалық интеграция, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы;
- Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің техникалық реттеу, стандарттау және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы;
- Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің экспортты ілгерілету саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері берілді.