Open Almaty жобасы жүлдегер атанды

Open Almaty жобасы IDC CIO Excellence Awards 2019 байқауында жүлделі болды. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Байқауда Open Almaty жобасы клиенттермен кедергісіз қарым-қатынас жасау, адалдықты арттыру мақсатында цифрлық технологияларды қолдану және бизнес-үдерістер реинжинирингі үшін «Клиенттік тәжірибенің үздік трансформациясы» аталымы бойынша марапатқа ие болды.

IDC (International Data Corporation) – ақпаратты және консультациялық қызметтерді жеткізуші, ақпараттық технологиялар, телекоммуникация және тұтыну техникасы нарығында іс-шаралар ұйымдастырушы. IDC 110 елдегі мыңнан астам сарапшысы саланың әлемдік, өңірлік және жергілікті деңгейлердегі технологияларын, үрдістері мен мүмкіндіктерін зерттейді. 50 жылдан астам уақыт бойы IDC білімі компания клиенттеріне аса маңызды міндеттерді шешуге көмектесіп келеді.

Биыл байқауға Орталық Азия, Әзірбайжан және Монғолияның атақты IT-көшбасшылары қатысты.

Жеңімпазды анықтау кезінде мына критерийлер ескерілді: клиенттерге қызмет көрсетуде цифрлық технологияларды пайдалану және бизнес-үдерістерді жақсарту; көпжоспарлы өзара іс-қимылды дамыту және фронт-офистен бэк-офиске дейінгі интеграцияланған процесс.

Open Almaty-да өтініштер жеке келушілерден бөлек, әлеуметтік желілер, Open-almaty.kz веб-порталы және 1308 байланыс орталығы арқылы қабылданады (ұялы телефоннан қоңырау шалу тегін). Порталда қалалық қызметтердің жұмыс жоспарымен танысуға болады (көшелерді, аулаларды жөндеу, саябақтар мен скверлерді абаттандыру). Open Almaty-да қала тұрғындары мен қонақтары, кәсіпкерлер ресми тізілімге енбеген қызметтерді ала алады. Қоғамдық қабылдаудың порталында түрлі салалардағы 700-ге жуық алгоритм орналастырылған. Мысалы, баланы бір мектептен басқасына қалай ауыстыруға болады, көпбалалы отбасынан шыққан бала үшін жазғы лагерьге жолдаманы қалай алу керек, жүргізуші куәлігін жоғалтқанда не істеу қажет, жобалау жұмыстарын жүзеге асыруға лицензияны қалай алу керек, шетелдік азамат төлқұжатын жоғалтқан кезде не істеуі тиіс және тағы басқа. Осының барлығы мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетуге әрі сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Open Almaty жобасына іске қосылғаннан бері 140,7 мыңнан астам өтініш түсті. Өтініштердің 60%-тен астамы телефон арқылы түседі. Сондықтан бұл жұмыс күшейтіледі. Биыл Open Almaty базасында бірыңғай қалалық байланыс орталығы іске қосылады. Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін барлық коммуналдық, апаттық және сервистік қызметтер 109 нөміріне біріктіріледі.

Бұған дейін Open Almaty жобасы Словенияда өткен «Любляна Форум – 2017» байқауында үздіктер қатарынан көрініп, Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдері арасында «Қалалардың болашағы» аталымы бойынша екінші орынға ие болған еді. Байқаудың мақсаты — Smart City-ді дамыту саласындағы жаңашыл жобаларды анықтау және көтермелеу.

Алматы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауы 2017 жылы Smart City тұжырымдамасын іске асыру аясында құрылған. Жобаның мақсаты — жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын арттыру және қала тұрғындарына түрлі өмірлік жағдайларды шешуге көмектесу. Әрбір жүгінген адам кеңес алып, әкімдіктің, қалалық басқармалардың, прокуратураның, полицияның, мемлекеттік кірістер департаментінің және тағы басқа органдарға өтініш жолдай алады.

Марапаттау рәсімі 13 маусымда Нұр-Сұлтанда IDC СІО Summit аясында өтті. Мүсінше түріндегі марапатты «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрайымы Жанна Төлегеноваға IDС, EMEA аймағы, аға вице-президенті Стивен Францен табыс етті.