— Жанбота ханым, фильмге әдетте қандай үміткерлерді қабылдамайсыздар? Басты кейіпкерді сомдаушы қалай таңдалады?

— Жобаның сәтті шығуы кастинг-директорға байланысты. Фильм түсірілмес бұрын кейіпкерлердің сырт келбеті, мінезі жазылады. Командамен сценарийді дауыстап оқып, сол адамды көзімізге елестетеміз. Содан кейін сол образға сай актер іздейміз. Мысалы, кеше маған бір жиындағы асаба жігіттің болмысы іздеп жүрген кейіпкеріме сай келетіндей көрінді. Нөмірін алып, кастингке шақыратынымды айттым. Дәл осылай кез келген жерде адамдарға қарап, жан дүниесін зерттеп жүремін. Бірақ нағыз жұмыс кастинг өткізіп, образға келетін актерды таңдағаннан кейін басталады.

Режиссер Санжар Омаровпен жұмыс істегенде ол «Менің ойымдағы адам кім болса да, соны тауып әкел» дейтін. Бұл режиссердың өзіне байланысты. Мен оларға 2-3 актер ұсынамын, соңғы сөз режиссерда болады. Тәжірибесіз, бірақ болмысы келіп тұрған адаммен бәрі бірдей жұмыс істей бермейді. Керісінше тәжірибесі мол, кәсіби  актерды таңдаған тиімді.

«Ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сыясың», — дейді Абай. Өнерлі, мықты актер көп. Бірақ олардың ішінде мінезімен сыймай кететіні бар. Кастингте өзін тым жақсы ұстап, түсірілім алаңында ұятқа қалдыратындар да болады. Кастинг-директорлар мұндай актерды қара тізімге кіргіземіз, бір-бірімізге ескертеміз. Себебі ортаға жағымсыз мінезімен сыймайтын актер жұмыс өнімділігін төмендетеді. Актер дайын болмаса, түсірілім жалғаспайды. Сценарийді жаттамаса, процесс баяулайды. Алаңға кешіксе, жоспар уақытында орындалмайды. Біздің әр күніміз — қаражат. Сондықтан жұмысты жоспарлаған уақытта аяқтауымыз керек. Кастинг-директор актердың денсаулығына, жағдайына, алаңға келген-келмегеніне, мәтін жаттауына жауапты. Сондықтан актердың өзінікінен бөлек жұбайының, бірге тұратын жақындарының телефон нөмірін, мекенжайын біліп аламыз. Кинода форс-мажор жиі болады. Даладағы сахнаны түсірерде жаңбыр жауса, сол күнді бос өткізіп алмау үшін ғимарат ішінде жалғастыруды ұйымдастырамыз. Сондай сәтте келіп тұрған актерды қайтарып, басқасын шақыруға тура келеді. Ал мұны түсінетіні бар, айтқаныңа көнбейтін актер да бар. Бәрі рольдегі адамның мінезіне, адамгершілігіне байланысты.

Жанбота Бақытжанқызы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Мұндай жағдайда тәжірибесі мол, кәсіби актермен жұмыс істеген оңай болар?

— Кәсіби маманмен жұмыс істеген жақсырақ. Олар киноның қыр-сырын біледі, түрлі жағдайға дайын. Бір сағатқа шақырсақ, түсірілімнің 2-3 сағатқа созылуы мүмкін екенін ескеріп, дайын келеді. Жас актерлар бұның бәріне ақырындап үйренеді. Бәрі адамның талабына, жауапкершілігіне байланысты. Фильмге түсуді шын қалаған адам қандай жағдай болмасын бәріне дайын болады. Үлкендер мынадай, жастар осындай деп бөліп-жарып, айта алмаймын. Дегенмен бала актермен жұмыс істеген қиын. Олар кішкентай болған соң тентектік жасайды, сөз көтере алмай жылап қалады.

— Кастингке келген адамның қандай қасиетіне мән бересіз?

— Бірден адамның жанарына қараймын. Фильмге түскісі келетін, рольде ойнауды ұнататын адамның көзі жанып тұрады. Олар көзге тік қарайды, ұялмайды, жасқанбайды және роль таңдамайды. Екінші кезекте актердың мінезіне мән беремін. Тәкаппар адамды фильмге жолатпауға тырысамын. Олармен жұмыс істеу қиын. Ойнай алмайтын адамды фильмге түсіру, таныстарды тарту – жек көретін ісім. Бұдан кино саласы дамымайды. Актердың талпынысы мен еңбекқорлығын жоғары бағалаймын. Шебер ойнайтын актерлар еңбекқор келеді. Актерды табиғи дарын болғандықтан ғана шебер деп айта алмаймын. Егер ол ролін керемет ойнап шықса, демек жеткілікті деңгейде еңбектенген. Мықты ойнайтын болып көрінгісі келетіндер «жоқ» деген сөзді өзінен өткізбей, жай айта салады. Өз ісінің шеберлері ойнамас бұрын, бәрін өзінен өткізеді, сосын сол сіңіргенді сыртқа шығарады. Бұл фильмде анық көрінеді, оны халық та байқайды.

Актерлық жолын енді бастаған жастар түсірілім алаңында өзін кастингтен өткізген адамды «танымай кетеді». Еңбегімді бағаламады дегенім емес, тек олар жастайынан жақсы мінез қалыптастырса, қарапайым болса екен деймін. Егер мен таңдаған адам режиссерға ұнаса, үмітімді ақтап, жақсы ойнап шықса, онымен жұмыс істеу жеңіл болса, бұл — еңбегімнің ақталғаны. Түсірілім кезінде режиссердың актерға көңілі толса, мені іштей мақтаныш сезімі кернейді. Маған бұдан артық алғыс керек емес.

— Актердың сымбатты, сұлу болуы маңызды ма?

— Көбі фильмге түсу үшін сымбатты, келбетті болу керек деп ойлайды. Бірақ адам ролін ойнай алмаса, оның келбетінен не пайда? Актерды түріне қарап таңдамайды. Кез келген Голливуд фильмін көрсеңіз, ондағы актерлар өмірде басқа. Олар үшін ең бастысы түр емес, рольді жақсы алып шығуы. Фильмге түсетін адамның бәрі әдемі болуы мүмкін емес. Кейде режиссерлар басты рольге көрермен ғашық болсын деп сымбатты жігітті, сұлу қызды алуға тырысады. Егер актер әдемі келбетін шеберлігімен таныта алса, әңгіме басқа.

Актердың түрін бірінші орынға қоймаймын. Көпшілік арасында «Қазақстанда кастинг әділ өтпейді. Бәрібір актерларды алдын ала таңдап қояды» деп айтатындар бар. Мұндайды жолы болмағандар айтатын шығар. Шебер ойнайтын адамды режиссер өзі-ақ шақырады.

Кастинг директор Жанбота Бақытжанқызы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Отандық актерларға қандай қасиет керек деп ойлайсыз?

— Біздің актерлар қай образбен бастады, өмір бойы тура солай қалып қалады. Олар жалқау, ізденбейді. Халық мені осылай қабылдады деп ойлайтын болуы керек. Бұрынғы роліне қарама-қарсысын берсең, жаңа образды сынап көргісі келмейді. Актер кез келген рольге кіріп кете алатындай икемді болуы керек. Әртүрлі типтегі кейіпкерді ойнайтын актерды бәрі сыйлайды. Әрі оның бұрынғысына ұқсамайтын ролі көрерменіне тосын сый болады. Мысалы, Том Хардиді алсақ, ол әр фильмінде түрлі образ сомдайды. Бір-біріне ұқсамайды да. Оның бұлай өнер көрсетуін талантының арқасында ғана деп айта алмаймын. Ол ізденеді, ерінбейді. Қазақ актерының көбі өзінің сөзін түсірілім алаңына келгенде жаттайды. Фильмнің сценарийін көбі, тіпті, басты рольдегілер де оқымайды. Мұндай нәрсе кино саласының дамуын тежейді. Кішкентай роль болмайды. Керісінше, қысқа эпизодтағы рольді керемет алып шығып, көрерменнің есінде қалатындар бар. Кейбірі «Маған басты роль беріңдер, эпизодқа түскім келмейді» деп ашық айтады. Ал режиссерлар көбіне эпизодтағы рольдерге кастинг жариялайды. Актерлардың қарапайым, жақсы мінезді болғанын қалаймын. Кино саласының деңгейі оларға тікелей қатысты екенін білсе екен.

Түсірілім алаңында түрлі жағдай болады. Сондай кезде жұмыс әрі қарай жалғасуы үшін актер ашуланса, «кетемін» десе, бүкіл тәкаппарлығыңды жиып, сол адамды көндіруіңе тура келеді. Кастинг-директорлар жұмысын «рақметі жоқ жұмыс» деп айтады. Ал команда бізді мінезі құбылып тұратын жандар деп сипаттайды. Әртүрлі мінез танытпасқа тағы болмайды. Актер жұмысын жақсы істеуі үшін отымен кіріп, күлімен шығамыз. Олардың мінезі әртүрлі, әрқайсының көңілін табуға тура келеді. Қарны ашса, тамағын беру, тоңса, үстін жабу, жаңбырда қолшатырмен бүркеу – бәрі біздің жұмысымыз. Дегенмен кино саласында жұмыс істеген ұнайды. Бір орында отырып жұмыс істей алмаймын. Күнде түрлі жағдай мен проблеманың ортасында от кешкен қызық.

— Түсірілім кезінде ерекше есіңізде қалған оқиғаны айтып берсеңіз?

«Тағы да сүй» телехикаясының түсірілімінде болған мына оқиға есімде ерекше сақталыпты. Сценарий бойынша бас кейіпкер Айдың жарығымен сүйген қызының мүрдесін қазуы керек. Алдын ала ауылдың ақсақалдарынан рұқсат сұрадық, түсірілімді бастамай тұрып бейіт басында үш рет Құран аяттарын оқыдық. Кішкентай команда жиналып, сол жерге кран орнаттық. Жерді қазып жатқандай етіп, түсіре бастадық. Бір кезде көлікпен 4-5 ер адам бізге жетіп келді. «Осында ата-әжеміз, әке-шешеміз жатыр, неге фильм түсіресіңдер?» деп бас салды. Қатты қорқып кеттім. Актерға бір нәрсе болып қала ма деп, қолындағы күрегін алып, алаңдап тұрмын. Төбелес басталып кетсе, актердан бастап бүкіл ұжымға, аппаратқа кесірі тиеді. Кәдімгідей ерегіс болып кете жаздады. Соңында бәріміз түсінісіп тарқадық. Әрі қарай түсірілімді жалғастырмадық, бар материалмен қайттық. Дегенмен сол сахна ойдағыдай шықты.

— Әңгімеңізге рақмет!