15-16 маусым күндері Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры Алматы тұрғындары мен қонақтарын Петр Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсын тамашалауға шақырады. Бұл жолы шығарма жаңа форматта қойылады. Спектакльдің қоюшы режиссеры — Ирина Лычагина, костюмер — Карина Автандилова, қоюшы дирижер — Қанат Омаров. Либреттосы Константин Шиловскийдікі.
Біз қойылымды түбегейлі өзгерте алмаймыз, оны тек өз түсінігімізде жеткізе аламыз. Операны жаңартуымыз бұрынғы нұсқасын ескі деп қабылдағанымыздан емес. Уақыт өте көрерменнің қойылымды қабылдауы өзгереді. Сол себепті біз, тіпті, 10 жыл бұрынғы алгоритм бойынша жұмыс істей алмаймыз. Шығарманы дәл қазіргі көрерменнің қабылдау жылдамдығына қарай дайындағымыз келді. Сондықтан бұл операда үлкен команданың еңбегі жатыр, — дейді қоюшы режиссер Ирина Лычагина.
Қойылымда Евгений Онегин ролінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Андрей Трегубенко, Татьяна Ларина ролінде солист Нәдия Нәденова өнер көрсетті. Сонымен қатар «Евгений Онегин» спектаклінің қойылуына Швеция, Латвия, Армения, Беларусь елдерінің өкілдері атсалысты.
Мақсатымыз 85 жыл бойы қойылып келген шығарманы өзгерту емес, оны көрермен жақсырақ сезуі үшін біздің заманға сай жаңалау болатын. Қазіргі көрермен шығармадан бұрынғы заманды емес, дәл қазіргі уақытты, қоғамды көре алса екен деген ой болды. Бұл тұста басқаларды көшірудің қажеті жоқ. Шығарманы әр команда өзінше дайындайды. Егер шығарманы бұрынғыша қоятын болсақ, ұжым, артистер өспейді. Бұл бұрынғы Онегин емес, жаңарған Онегин, — дейді Абай атындағы ҚМАОБТ-тың директоры Ая Қалиева.
Онегиннің партитурасын орындайтын Андрей Трегубенконың айтуынша, Евгений образы — артистер үшін құнды жәдігер.
Егер «Евгений Онегин» операсының бұрынғы нұсқасын көрсеңіз, бұл қойылымда Онегиннің басқаша екенін байқайсыз. Алғашқы нұсқасы 85 жыл бойы қойылып келді. Осынша жыл біз Онегиннің образын дәл сол қалпында сақтай алдық деп ойлаймын. Бұл кейіпкерге біз құнды жәдігер ретінде қараймыз. Дәл қазіргі қойылымнан классика мен қазіргі заманның үндестігін көре аласыздар, — дейді Андрей Трегубенко.
Опера биыл 220 жылдығы тойланған ұлы ақын Александр Пушкиннің романымен аттас. Театр сахнасында бұл опера алғаш рет 1935 жылы қойылған. Татьяна бейнесін алғаш сомдаушылардың бірі — КСРО халық артисі Күләш Байсейітова болса, Евгений Онегинді КСРО халық артисі Ермек Серкебаев ойнаған. Театр музейінде бас партияларды орындаушылардың сахналық костюмдері сақталған.
Қойылым дирижеры Қанат Омаров шығарманы жаңартуда команданың үлесі мол екенін айтты.
Петр Чайковский — сүйікті композиторларымның бірі. Ал «Евгений Онегин» — оның бірегей шығармасы. Партитураны жаттағанда әр дирижерда өзінше музыкалық образ қалыптасады. Бірақ сен оны көрерменге тек өз қабылдауың бойынша жеткізбейсің. Дирижердан бөлек мұнда үлкен команданың жұмысы бар. Осы қойылымға дайындық кезінде мен тек рахаттандым. Театр ұжымы кәсіби түрде бір-бірімен жақсы көңіл-күйде жұмыс істей білді, үндестік тапты. Сондықтан да командаға алғысым шексіз, — дейді дирижер Қанат Oмаров.
Қойылымға келген көрермен театрдың ARTE галереясынан «Евгений Онегиннің» алғашқы нұсқасының архивінен фотолар мен бас кейіпкерлердің костюмдерін көре алады.