Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекке барды

Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ҚР Президенті қызметіне ресми кіріскеннен кейінгі алғашқы сапарын Қырғыз Республикасынан бастауының символдық мәні барын айтып, жылы қабылдағанына ризашылығын білдірді.

Ұлықтау рәсімінен кейін Бішкекте кездесуіміз — жақсылықтың нышаны. Біз жақында Нұр-Сұлтанда кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселені талқыладық. Біздің қазіргі міндетіміз — сол келісімдерді жүзеге асыру, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтап, бұдан әрі де екі елдің қарым-қатынастарының нығая түсетініне сенім білдірді.

Олар алдағы ШЫҰ саммитінің күн тәртібі бойынша пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ мүше мемлекет басшыларының шағын және кеңейтілген құрамда өтетін отырыстарына қатысады. Саммит қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мұхаммед Ашраф Ғанимен де кездеседі.