Лашын Әбдукәрімова — Виза орталығында менеджер болып жұмыс істейді. Ол батарея мен зарядтағышты  қоқысқа тастамайды. Лашын мұны жақын құрбысынан үйренген. Оның айтуынша, бір жылда электр және электрон қалдықтары көп жинала қоймайды. Сондықтан оған мұндай заттарды жинап, арнайы орындарға апару қиын емес.

Күнделікті пайдаланатын пульт, зарядтағыш, фен сияқты жабдығының қалдығын қоқысқа тастамауды бір жыл бұрын бастадым. Үйде көбіне батареялар жиналып қалады. Оған қоса смартфонымның да зарядтағышы жиі бұзылады.

Лашынның айтуынша, бұған көп уақыт жұмсаудың қажеті жоқ. Жарамай қалған заттарды ешқайда тастамай, қаладағы арнайы жәшіктерге салып кетсеңіз болғаны.

Бәрі өзіміздің деніміздің саулығы үшін қажет. Қоршаған ортаның таза болғанын қалаймын. Қазақстандықтарды қайта өңделетін барлық қалдықты арнайы орындарға тапсыруға шақырамын, — дейді Алматы тұрғыны.

Электрон және электр жабдығының қалдығында қоршаған ортаға, адам денсаулығына кері әсер ететін кадмий, сүрме, қорғасын, сынап сияқты қауіпті зат болады. Олар адам ағзасына түссе, бауырда, бүйректе, сүйекте, қалқанша безде біртіндеп жиналады және онкологиялық аурулардың тууына себеп болуы мүмкін.

Мысалы, лазер принтерлерде тонер орнатылады. Тонердің химиялық құрамындағы көміртек полимері, темір оксиді, органикалық және бейорганикалық қоспалар бас ауруына, жөтелге, температураның көтерілуіне әкеп соғады.

Батареяның бір данасы қоқыста, далада жатса, 20 текше метр топырақ немесе 400 литрден астам ауызсуды улайды.

Қазір Қазақстанда электрон тауар сататын сауда желілерінің басшылығы электр жабдығының жинайтын эко-қораптарды орналастырып қойды. Олар жиналған қалдықты мамандандырылған компаниялар арқылы қайта өңдейді.

Қалдық ретінде теледидар, магнитофон, электр ойыншық, үтік, батарея, фен, тоңазытқыш, ас үй құралдары, компьютер, телефон, планшет, принтер, сканер, тонер және тағы басқаларын өткізуге болады. Сонымен қатар құрамында сынап бар люминесцент және энергия үнемдеуші лампалар, қызу өлшеуіштер де қабылданады.

ҚР Экологиялық кодексінің 301-бабына сәйкес қоқыс полигонына мынадай қалдықтарды қабылдауға тыйым салынады: жарылғыш, коррозиялы, қышқылданатын заттар, тез тұтанғыш, құрамында сынап бар лампа мен аспаптар, литий, қорғасын, уран қосылған батареялар, электрон және электр жабдығы.

Электр және электрон жабдығының адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян болуына байланысты оларды арнайы қалдықтарды жинайтын бекеттерге өткізу қажет. Төтенше жағдайлар мамандары қандай да бір экологиялық апатты болдырмау мақсатында өңдеуге келетін қалдықтарды лақтырмау қажет екенін айтады.

Кез келген қайта өңдеуге келетін қалдықты Tazalyk және EcoCity қосымшалары арқылы арнайы орындарға өткізіп немесе қаланың бірнеше жеріне орнатылған жәшіктерге салып кете аласыз.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!