Пан Ги Мун Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтады

ҚР Президенті лауазымына сайлануына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтаулар түсіп жатыр.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, БҰҰ бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун Мемлекет басшысын Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, жеделхат жолдады.

Пан Ги Мун Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің бас директоры қызметін атқарған кездегі жұмыс тәжірибесі мен әртүрлі мүдделі тарапты келісімге келтіру қабілеті Қазақстанды өркендетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

Қазақстан — орнықты дамуы мен инклюзив өсімін айқын көрсетіп келе жатқан мемлекет. Сіздің дипломатияны терең түсінетініңіз еліңіздегі мемлекеттік құрылыс пен әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпал етеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта әлемнің болашағын жарқын ету мақсатында күш-жігер біріктіріп, ынтымақтастықты жалғастыра бергіміз келеді, — делінген жеделхатта.

Еске салайық, 9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96% дауыс жинап, жеңіске жетті. Президентті ұлықтау рәсімі 12 маусымда өтеді.