Режеп Ердоған Мемлекет басшысын сайлаудағы жеңісімен құттықтады

Түркия Президенті Режеп Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа ҚР Президенті лауазымына сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Түркия Президенті сайлаудың табысты аяқталғанына қуанышты екенін айтып, алдағы уақытта Қазақстанның дамуына сенім білдірді.

Қазақстанның тыныштық пен тұрақтылық жолындағы қадамдарын одан әрі жалғастыра түсетініне және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қоса беретініне күмәнім жоқ. Халықтарымыз арасындағы тарихи және ежелгі достыққа негізделген Түркия-Қазақстан қарым-қатынастары Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мырзамен біздің бірлескен күш-жігеріміздің арқасында жоғары деңгейге жетті. Осы орайда екі ел арасындағы қарым-қатынасты барлық салада одан әрі дамыту үшін жұмыс істеуге дайын екенімді атап өткім келеді, — делінген жеделхатта.

Түркия Президенті Режеп Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа денсаулық пен бақыт тіледі.

Еске салайық, 9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала дерегі бойынша Қазақстан халқының 70,76%-ы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берді. Бұл туралы комиссия төрағасының орынбасары Константин Петров хабарлады.