«Beeline Қазақстан» операторы желіні жаппай жаңғыртуды бастады. Жыл соңына дейін желінің сыйымдылығы Алматыда 3 есе, Шымкентте 4 есе артады. Сонымен бірге халқының жалпы саны 1 миллион болатын 107 елді мекен 4G желісіне қосылады.
Бұған дейін «КаР-Тел» ЖШС («Beeline Қазақстан») мен «Кселл» АҚ 4G/LTE желісін бірге пайдалану туралы келісімді бұзған еді. «Кселл» АҚ жоба бойынша серіктесіне 14,5 миллиард теңге айыппұл төледі. Осы қаражат бар, компанияның жеке инвестициясы бар, «Beeline Қазақстан» желісін жаңғыртуға барлығы 18 миллиард теңге жұмсалады.
Компания өкілдерінің айтуынша, база станцияларына орнатылатын жаңа қондырғы желінің сапасын айтарлықтай жақсартады және келешекте 5G стандартына жылдам ауысуға мүмкіндік береді.
Біз таралымды кеңейтіп қана қоймай, сапаны да арттырып жатырмыз. Былтыр Нұр-Сұлтанда MIMO 4х4 технологиясы іске қосылды. Халықаралық жіктелім бойынша ол 4,5G-ге пара-пар, биыл оны Алматы тұрғындары да пайдалана алады. MIMO 4х4 жылдамдығы әдепкі LTE-ден бірнеше есе жоғары. Келесі қадам — 2020 жылы Massive MIMO-ны іске қосу болмақ. Бұл 4,9G халықаралық стандартына жақындауымызға мүмкіндік береді. Ал биыл күзде Шымкентте 5G желісін таныстырамыз. Ол пилот жоба болады, соның негізінде технологияға алдағы уақытта салынатын инвестиция көлемі мен оны енгізу стратегиясын анықтаймыз, — деді «Beeline Қазақстанның» техника директоры Олег Снимщиков.
Пилот жоба кезінде Шымкенттің орталығында 5G стандартында сервис ұсынатын бірнеше база станциясы жұмыс істейді. Олег Снимщиковтің айтуынша, ұялы байланыстың жаңа буынын енгізу — «КаР-Тел» компаниясының «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына қосқан үлесі.
Мемлекет қазір бізге көмектесіп отыр, біздің компанияға пилот жоба үшін жиілік бөліп отыр. Бұл жұмысқа мемлекет тарапынан баға беруге әлі ерте болар. Бірақ біздің жұмысымызға қатысты Қазақстан аумағын ұялы байланыспен қамтамасыз ету, өңірлерде байланыс сапасын белгілі бір шамадан төмендетпеу сияқты басқа да көптеген талап бар, біз соны орындап келеміз, сол себепті біздің қызметімізді жоғары бағалайды деп ойлаймын. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға, экономиканы цифрландыруға біз де атсалысып отырмыз, жыл сайын жаңа желі салып жатырмыз, — деді ол.
Қазір «Beeline Қазақстан» байланысы 3700-ден астам елді мекенде бар. Бұл — халықтың 95%-ы, оның 65%-ы 4G стандартындағы интернетті пайдаланып отыр. Биыл компанияның Қазақстанның ұялы байланыс нарығында пайда болғанына 20 жыл толды.
Еске салайық, бұған дейін 2019 жылдың соңына дейін 5G желісі республикалық маңызы бар үш ірі қалада іске қосылатыны хабарланған еді. Нұр-Сұлтанда, Алматы мен Шымкентте пилот жоба үшін тиісті инфрақұрылым жасалып, бұл өңірлердегі 50 мыңнан асатын халқы бар барлық елді мекен ұялы байланыстың жаңа буынына қол жеткізеді.