Геннадий Головкин Стив Роллсты нокаутпен жеңді

Нью-Йоркте Қазақстан мен Канада кәсіпқой боксшылары Геннадий Головкин мен Стив Роллс арасындағы жекпе-жек аяқталды. Madison Square Garden алаңында болған бокс кешін Qazsport және Qazaqstan телеарналары тікелей трансляциялады.

Орта салмақта өнер көрсеткен спортшылар арасындағы жекпе-жек төрт раундқа созылды. Төртінші раундта Геннадий Головкин Стив Роллсқа ауыр соққы жасап, нокаутпен жеңді.

Геннадий Головкин мен Стив Роллс жұдырықтасуға Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 09.00-де шықты. Қазақстанда Президент сайлауы өтіп жатқандықтан сайлау учаскелері дауыс берушілердің бұл жекпе-жекті тікелей эфирден көруіне жағдай жасады.

Бұл — Геннадий Головкиннің DAZN стриминг сервисімен келісімшарт аясындағы алты кездесуінің алғашқысы. Бұған қоса, жаңа бапкері Джонатан Бэнкстің жаттықтыруымен  алғаш рет жұдырықтасып отыр.

Геннадий Головкин, Стив Роллс
Геннадий Головкин, Стив Роллс. Фото: DAZN

Бокс кешінде Головкинмен бірге қазақстандық Әли Ахмедов пен Бақтияр Эюбов та өнер көрсетті. Әли Ахмедов америкалық Маркус Макдэниэлді нокаутпен жеңіп, WBC титулын жеңіп алды. Бұл — оның карьерасындағы 15-жеңіс.

Ал Бақтияр Эюбов америкалық Брайан Себальодан жеңіліп қалды. Жеңімпаз төрешілер шешімі бойынша анықталды. Олар америкалық боксшыны бірауыздан жеңімпаз деп санады. Есеп: 79-73, 78-74 және 80-72. 32 жастағы Бақтияр Эюбов алғаш рет жеңіліп отыр. Бұған дейін ол 14 кездесу өткізіп, оның 12-сін нокаутпен жеңіп, бір кездесуде тең түскен еді.