Басты бетЖаңалықтарҰҚК қызметкерлері...

ҰҚК қызметкерлері тағы бір ірі қылмыстық топты ұстады

Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы мен Алматы облысының тұрғындарынан тұратын қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолын кесті, олар ұзақ уақыт бойы атыс қаруын, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды сатумен айналысқан.

Ірі ауқымды арнайы операция 2019 жылғы 5 маусымда жүргізілген, оған комитеттің «А» арнаулы мақсаттағы қызметі қатысты.

Тінту кезінде қылмыстық топтың 6 мүшесінен 3 гранатаатқыш, 2 «Калашников» автоматы, 5 пистолет, 3 бәсеңдеткіш, оптикалық көздеуіш пен калибрі әртүрлі 1 400 патрон табылып, тәркіленді.

Фигуранттардың бірінің тұрғылықты жері бойынша қаруды жинау мен қайта жасауға арналған жасырын шеберхана және көп мөлшерде әртүрлі құрамдас бөлік (ұңғылар, оқжатарлар, тұтқалар, бекіту тетіктері мен басқалары) табылды. Одан басқа, қолдан жасалатын жарылғыш құрылғыларды жасауға қажет компоненттер (селитра, жарылғыш дәрі және басқалары) тәркіленді, — деп хабарлады ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, оның барысында тергеу осы топтың әрекетіне қатысы бар барлық адамды, оның ішінде қылмыс қаруын сатып алушыларды анықтайды.

Еске салайық, бұған дейін ҚР ҰҚК мамандарының «Қырықбаевтар» ұйымдасқан қылмыстық тобының 4 мүшесін ұстағаны хабарланған еді. Топ мүшелері 2019 жылғы 21 мамырда Жамбыл облысындағы бір кәсіпкерге күш көрсетіп, ақшасын тартып алған.