Президент сайлауы күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда пилотсыз аппараттарды ұшыруға шектеу қойылады.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасаған Tengrinews.kz-тің хабарлауынша, пилотсыз аппараттарды ұшыруға қауіпсіздік мақсатында уақытша тыйым салынып отыр. Тыйымның мерзімі — 2019 жылдың 9 маусымы күнгі сағат 04.00-ден 10 маусым күнгі сағат 00.00-ге дейін. Екі бас қалада бұл уақыт аралығында жерден 500 метр биіктікке дейін дрондарды ұшыруға рұқсат берілмейді.
Аталған шектеу Нұр-Сұлтан және Алматы әуежайларының қызметіне және кесте бойынша әуе рейстерін орындауға әсер етпейді, — деп хабарлады Азаматтық авиация комитетінің өкілдері.
Пилотсыз аппараттарды ұшыруға шектеу қойылған аймақта осы ережені бұзған жеке тұлғаларға 10, заңды тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.