Төлеген енді тезірек жағаға жетіп, Ыстанбұлдағы Сүлеймен мешітінде намаз оқуға асықты. Көңілінде үлгірмей қалмас па екенмін дегендей алаңдаушылық та бар. Құлшылық ғибадатын атқарған соң мешітке қарама-қарсы орналасқан Ерзинжанлы Али баба асханасынан тамақтанып алуды да іштей ойластырып қойды. Алып қалаға білім алуға келгелі бері әр аптаның соңында ол тарихи жерлерді аралауды әдетке айналдырған-ды. Босфор бұғазының Азия жағалауынан кемеге мініп, осында жетуге асығатыны да сондықтан.

Енді міне, ой-қиялымен құс қанатына ілесіп, ақ көбік шашқан телегей теңіздің толқындарын қызықтап отыр. Кішкентай баланың қолынан симит тоқашын жұлып әкеткен шағаланың әнтек әрекеті еріксіз назар аударады. Құстар әлемі туралы оқыған аңыз-әңгімелерді де еске салады. Кенет «Аға, шай ішесіз бе?» деген дауыстан селк ете түсті де, шай таратып жүрген жас баланың қолындағы ыдысқа қарады. Қызыл күрең шайға онша зауқы соқпады. Бұғаздың Азия жағалауынан Еуропа жағалауына қарай бағыт алған туристік кеме бара жеріне асыққан жұрттың көңіліне жайбарақат, баяу қозғалып келе жатқандай болып көрінеді.

Босфордың айдыны көзге шағылысып, жалт-жұлт етеді. Теңіздің бір шетінде қарақұрым халық, екінші тұсында тарихи ғимараттар. Жолаушылар Еминөнү айлағына жақындай бергенде азан шақырыла бастады. Төлеген кемеден жүгіре түсіп, жол бойында тұрған таксилердің біріне отырып, Сүлеймен мешітіне қарай бет алды. Ыстанбұлдың үшінші төбесінен сан ғасырлар бұрын бой көтеріп, қала сәулетіне сән қосқан мешіттің мұнаралары азан шақырылған сайын биіктей түскендей болады.

Күмбезді айнала ұшқан көгершіндер азаншының даусына құлақ түріп, жерге қона бастағандай. Әлмисақтан бері талай-талай заманалардың көзін көрген кәрі шынардың жапырақтары да сол мезетте баяу ғана сыбдыр қақты. Мешіттің алдында ойнап жүрген қайыршы балалардың күлкісі мұнда жиналған игі-жақсылардың көңіліне әрқилы ой салады.

Төлеген мешітке кірді де, жамағатқа қосылып сапқа тұрды. Құт қонған тарихи ғимараттың тылсым ауасы сыртқы әлемнен мүлде бөлек секілді. Намаз аяқталғаннан кейін имам ұзағынан дұға оқыды. Оның дұғасы – жалынып-жалбарыну, мұң-шер тарқату еді. Көкке қарай жайылған қолы аспанға жетіп тұрғандай. Имамның көңілі алабұртып, әрбір сөзін нақыштап, тәспінің моншағындай теріп отыр.

– О, Ұлы Алла тағала! Біз сенің шексіз жарығыңа зәруміз. Қараңғы түнде белгісіз бағытқа қарай сапар шегіп барамыз, – дейді имам. – Бойымызда күш, жүзімізде рең, санамызда ақыл жоқ. Жын қаққандай хал кешудеміз. Мына өмірді күйбеңмен өткіздік. Бел жазып, тура жолға түсе алмай келеміз. Ауыр күнәға батқан арсыздар мен оларға бей-жай қарап отырған санасыздар бар. Күнәһарлар тәубені ұмытып, адамдық құндылықтардан алшақтаған. Қат-қабат қателігіміз ұшы-қиырына көз жетпейтін теңізді кірлететіндей деңгейге жетті. Бір-бірімізді өлтіріп, бейкүнә жандардың көз жасына қалудамыз. Теңіздер мәйіттерді жағаға лақтыра бастады. Мұның барлығы басқалардың емес, біздің кесірімізден. О, Раббымыз! Мұңымыз осы, шеріміз осы! Жар бола гөр, жәрдем ете гөр! Өзіңнен үміт үзбейміз. Күнәһар пенделеріңді үмітсіздік ұйығына батудан сақтай гөр!

 Имамның сөзіне ұйыған жамағат дұға аяқталғаннан кейін орнынан тұрып, жаппай сыртқа беттеді. Тыста тұрған балалар олардың алдынан жүгіріп шығып, қайыр тілей бастады. Олар үшін рахым күтудің ең ұтымды кезі де осы – имам ұзағынан оқыған мінәжаттан кейінгі толқулы сәт еді. Төлегеннің  дұғадан әсерленгені соншалық, отырған орнында тапжылмай қала берді. Көзі жасаурады. Шағала құстың жанарына шағылысқан көкпеңбек теңіздің қараңғы тағдыры көз алдына елестегендей болды. Таудай толқындар шайқаған қайықтағы үрейі ұшқан адамдарды көрді. Айсыз қараңғы түнде өлім құшқан балалардың даусын естіді. «Ендігі қалғандарын аман-сау жағаға жеткізе гөр, Ұлы Құдірет!» деп алақан жайып, жалбарынды.

Содан соң өзі туып-өскен қаладағы көк базарда қысы-жазы сауда жасайтын шешесінің, зейнетке шыққаннан кейін такси жүргізіп, жолаушыларды тасып жүрген әкесінің, жап-жас бауырлары Айман мен Айбектің амандығын тілеп, дәл осы мезетте олар не істеп отыр екен деп қиялдады. Олармен бірге ақ дастарқан басында шүйіркелесіп, әңгімелескісі келді. Әкесінің көлігін жуып, шешесіне жәрдемдесіп, іні-қарындасымен бірге кітап оқуды армандады. Еріксіз көзінен жас ақты. Отбасын – әке-шешесін, бауырларын сағынды. Қатты сағынды…

Төлеген бір сәт еңсесін тіктеп, төңірегіне көз тастағанда өзінің жалғыз қалғанын аңғарды. Сыртқа шығып, терең тыныс алды. Сәулет өнерінің жауһары болып саналатын үлкен мешіттің келбетіне қарады. Мәрмәр тастан тұрғызылған тарихи жәдігердің іргетасына таңғалды. «Егер бұлар көшеде жатса, жай ғана елеусіз тас болып қана қалар еді. Ешкім оған мән бермес те еді. Ал мына тарихи жәдігердің бір бөлшегіне айналған соң қадірі артты. Әсілі адам баласы да солай емес пе? Абай атамыз айтқандай,  «кетігін тауып, қаланатын» болса, қадір-қасиеті артып шыға келмек. Ешкім өзінің туған жерінен алыста, айсыз қараңғы түнде, ұшы-қиыры жоқ теңіздің ортасында қалмауы керек» деп ойға батып, күрсінді. Содан соң мешітке қарама-қарсы тұрған тарихи асханаға қарай бет алды.

Дәмханаға қарай төселген тас жолдың бойында ойнап жүрген сириялық балалар Төлегенді күтіп тұрғандай түрік тілінде:

– Алла ризалығы үшін! – деп қолдарын соза бастады. Балалардың үсті-бастары алқам-салқам, жалаң аяқтарына рәзіңке сүйретпе киіп алған. Шаштары ұйпа-тұйпа, көздері ісіңкі.

Олардың ар жағында әңгімелесіп тұрған әйелдер Төлегеннің салқынқандылық танытқанын көріп, өз тілдерінде балаларға айқайлап, қойыңдар дегендей қолымен белгі беріп жатты.

Төлеген олардың көзіне тура қарамай, жанынан жылдам өтіп кеткісі келді. Кенет асханаға жақындай бергенде әлдебіреудің жіп-жіңішке саусағы пиджагінің жеңінен тартқанын сезді.

– Алла үшін көмек беріңізші, ағатай! – деген қазақ қыздың нәзік үні жүрегін шым еткізді. Ол бірден тоқтай қалды. Аң-таң болып:

– Сен қазақсың ба?  Мұнда не істеп жүрсің? – деді.

Қызыл жамау көйлек киген, шашы ұйпа-тұйпа кішкентай қыз үндемеді. Бұл қазақша сөйлейді деп күтпеген болса керек, сірә. Төлегеннің көзіне тік қараған қыз бірден түрік тіліне көшіп:

– Ne olur, Allah rızası için! (Алла ризалығы үшін жалынамын!) – деді қолын созып.

Төлеген енді қос тілді араластыра сөйлеп, қайта сұрады:

– Әке-шешең қайда? Туған-туысқандарың бар ма? Мұнда не істеп жүрсің? Әлде адасып кеттің бе? Атың кім?

Қыз қайтып үн қатпады. Ол қыздың қолынан ұстап, бетіне жанашырлықпен қарап:

– Аш емессің бе? Тамақ жедің бе? – деп сұрады.

Бұған жәутеңдей қараған қыз өзінің аш екенін айтып, жылай бастады. Көз жасы шаң қонған қараторы жүзін айғыздап, ала-құла із қалдырып жатты.

Төлегеннің кішкентай қызбен сөйлесіп тұрғанын байқаған бір қара орамалды әйел лезде жүгіріп келіп, қызды құшақтап, жартылай түрікше, жартылай өз тілінде жұбата бастады. Жылап тұрған қыз әлгі әйелдің көйлегінің ұзын етегіне жармасып алды.

Төлеген өзінің Қазақстаннан оқу үшін келгенін, екі жылдан бері Ыстанбұлдың Азия жағалауында тұратындығын, ешкімге ешқандай зиян тигізгісі келмейтінін, тек мына қызға тамақ алып бергісі келетіндігін айтып түсіндіре бастады.

Қара орамалды әйел қыздың басынан сипап:

– Көрдің бе, қызым, ол да сен сияқты қазақ екен. Саған аға болады, – деп жымиды. Қыз сонда да әлгі әйелдің етегінен айырылмады.

Төлеген оларды бірге тамақтануға шақырды. Өйткені қазақ қызының бұл жерге қалай келгенін, отбасының қайда екенін, сириялық әйелдің оларға қандай қатысы бар екенін анықтап  білгісі келді.

Ал әйел болса, басын қайта-қайта шұлғып:

– Сізге үлкен рахмет! – деді. Содан соң қыздың қолынан тартып:

– Жүре ғой, асхананың артына барып тамақ терейік. Сол жердегі тоқаштар да дәмді. Кеттік пе? – деп Төлегеннен біртүрлі ыңғайсыздана бастады.

– Сонда сіздер қоқыстан тамақтанасыздар ма? – деп сұрады бұл шыдай алмай. Жағы суалған, жүдеу өңді қараторы әйел:

– Сен де біз сияқты мұсылман екенсің. Алыстан келіп, білім алып жүрсің. Біздің жағдайымыз өзіңе белгілі ғой. Оның үстіне, аз емеспіз… – деді қайыршы балаларды және оларды жұмсап тұрған бір топ әйелді көрсетіп.

Төлеген аш-арық, жүдеу қызға бір, мешіттің маңындағы сириялық балаларға бір көз тастады. Сөйтті де, есіне бірдеме түскендей:

– Қазір күте тұрыңыздаршы, мен асхананың иесімен сөйлесіп көрейін, – деп, асханаға қарай бұрылды. Ел-жұртқа мәшһүр тарихи асхананың иесі Мехмет Бейді Төлеген бұрыннан танушы еді. Әр намаздан соң осы асханадан тамақтанатын. Мехмет Бей – түркі әлемі десе ішкен асын жерге қоятын ұлтшыл азамат. Кейде мұнда Орталық Азиядан келген студенттерге тегін тамақ беріледі. «Біз де атажұрттан келгенбіз. Сіздердей бауырларымыз болмаса, мұнда жалғызсырап қалар едік,» деуші еді сонда.

Төлеген Мехмет Бейге мән-жайды айтып түсіндірген болды. Қазақ қызына, сириялық әйелдер мен балаларға тамақ алып бергісі келетіндігін, бірақ ақысын кейін төлейтіндігін айтты. Алғашқыда бұл ұсынысты Мехмет Бей бірден қабылдай қоймаған сияқты еді, бірақ артынша Төлегеннің өзіне сенім білдіріп:

– Алладан қайтсын, бауырым. Бүгін, Құдайға шүкір, табысым жаман емес. Дегенмен, саған бірдеме айтайын ба? Әуелде бізді сириялық бауырларымыздан қасақана жирендірді ғой. Қазір мұсылманның мұсылманға жаны ашымайтын заман боп кетті. Осыны біле тұра жақсылық жасауға жарамасақ, таң азаннан қара кешке дейін несіне терлеп-тепшіп еңбек етіп жүрміз? – деді.

Сол сәтте қуанғаннан Төлегеннің төбесі көкке жеткендей болды.

Аздан соң асхананың алдына жайылған дастарханға бас салған балаларға қарап отырған әйелдер көз жасын сүртіп, бірде асхананың иесіне, бірде Төлегенге алғыс айтып, ризашылықтарын білдіріп жатты. Балалардың дәл осындай дәмді бұршақ сорпасын көптен бері ішпегені көрініп-ақ тұр. Сорпаға арнайы туралған пияздың өзін апалақтап-құпалақтап ауызға тығып жатыр. Қара орамалды әйелдің қасында отырған Төлеген енді кішкентай қазақ қызы туралы білгісі келіп, сұрай бастады.

Ол асықпай-аптықпай сорпа ішіп отырып:

– Бауырым, бұл қыздың есімі Айсамал, – деп әңгіме айтуға көшті. – Биыл алты жасқа толды. Біз туысқан емеспіз. Шешесі Айнұрмен Шамда  көрші болдық. Айсамал менің оқушым еді. Мен ол жақта бастауыш сыныптың мұғалім болып істедім ғой. Міне, енді… Өзің көріп отырғандай, соғыстың кесірінен осында келіп, босып жүрміз. Айсамалдың әкесін көрген емеспін. Сирияға соғысу үшін бала-шағасымен бірге келіпті деп естігенмін. Мол табысқа кенелемін деп ойлаған болса керек. Әйелі мен қызын Шамға тастап кетіпті. Артынан оның Халептегі шайқаста өлгені туралы хабар келді. Мәйітін де жеткізген жоқ…

– Ал шешесі қайда? Оған да бірдеме болды ма? – деп сұрады Төлеген үрейленіп.

– Айнұр Сирияға келгеніне қатты өкініп жүрді. Отанына қайтып ораламын деп талай әбігерге түсті. Туған-туыстарына хат жазып еді, жауап болмады. Жалпы, Сирияға келген адамның қайтып оралуы өте қиын ғой. Қазір ол жер барса келмес секілді соғыс алаңы емес пе…

Бір күні екі баламмен бірге Айсамалды да алып мектепке кеткенмін. Құдай бізді сақтапты. Үйімізге зеңбіректің оғы түсіп, үлкен жарылыс болды. Сөйтіп, өмір бойы жиған-тергенімізден айырылып, жер сипап қалдық. Пәни дүние дегенің осы екен. Күйеуімнің қайтыс болғанына үш жылдан асты. Біз үйсіз қалдық. Айнұр сол кезде қатты жараланып, ауруханада жатты. Ол есін жиған соң Ақ теңіз арқылы Түркияға жетуге болатынын білдік. Осындағы босқындардың лагерін паналап, тыныш өмір сүреміз деп ойладық, – деді қара орамалды әйел көз жасын сүртіп.

– Теңізден қалай өттіңіздер?

– Қолымыздағы қалған дүниені беріп, бір қайық жалдадық. Бізбен бірге кеткісі келгендер көп болды. Бала-шаға, кәрі-құртаң, қатын-қалаш — бәрі ілесті. Біз шыққанда күн ашық еді. Қас қарайғанда бір сұмдық басталды…

– Сонда не болды?

– Құдай оны ешкімге көрсетпесін! Кеш түскен соң жел көтерілді. Толқындар бірте-бірте биіктей берді. Ондай қорқынышты мен соғыс майданында да сезінген емеспін. Қайығымыз түпсіз бір қараңғылыққа сіңіп бара жатты… Келесі бір сәтте таудай биік толқын кеп, бізді аспанға лақтырды. Қолымызды созсақ, бұлттарға тиетіндей болды. Сол кезде бір әйел баласымен бірге ғайып болды. Сосын тағы бір қария кетті. Қасымда отырған Айнұрдан да көз жазып қалдым. Кішкентай Айсамал менің етегіме жармасып жан сақтапты. Тағы бір толқын келіп соққанда өзімнің де есім ауып бара жатқанын білем… Кейін көзімді ашсам, кеменің ішінде жатыр екенмін. Төңірегіме жұрт жиналып қалыпты…

Қара орамалды әйел әңгімесін айта отырып еңіреп жылады. Дастарқан басындағы әйелдер де көз жасын тыя алар емес. Төлегеннің тұсында отырған Мехмет Бей де санын соғып, басын шайқай береді.

– Жыламаңыз. Алланың бұйрығы ғой, балаларыңыз аман-есен қалыпты. Шүкіршілік етіңіз, – деп жұбатты Төлеген. Бірақ өзінің де көмейіне өксік тығылып, әрең сөйледі. Содан кейін:

– Кешіріңіз, сіздің есіміңіз кім болады? – деді.

–  Есімім Ниса, – деді әйел маңдайына түскен орамалын түзетіп. Содан соң жас жігітке тік қарап, ұзақ уақыт бойы көкірегіне жиналған ауыр салмақтан құтылғысы келгендей әңгімесін қайта жалғады.

– Ойлап қарашы өзің, Сирияда соғысып жатқандарды емес, оларды соғыстырып қойып, байлыққа белшесінен батып отырғандарды кінәлау керек емес пе? Менің білуімше, жүздеген қазақ, қырғыз, түрікмен және басқа да ұлттың адасқан жігіттері мұнда жиһад үшін келдік деп,  алданып жүр. Оларды адастырып отырған ағымдардан: «Сонда қалай, біреудің үйіне келіп, шырқын бұзу да жиһад болып па?» деп сұрағым келеді. Алла тағала оларды кешіреді деп ойламаймын. Ондай қырғыннан ешкім де аман-сау оралған емес. Сонда бұған ешкім де тоқта деп айта алмай ма?! Біздер өлу үшін емес, өмір сүру үшін келдік емес пе бұл дүниеге! Әркім өз отанында тіршілік еткісі келеді! Балаларының бөтен елде қайыршы болып жүргенін ешкім де қаламайды. Біздің де арманымыз бар. Бесік тербетіп отырып, айтатын ертегіміз бар. Соның барлығы бір ғана сәтте тас-талқан болды. Жаны көкке ұшып кеткен балаларымызды лақтырған толқындар емес, адамдар. Мұсылман атын жамылған екіжүзділердің кесірі бізге тиіп отыр. Сирияда залымдар менің сіңлімді ұрлап әкетті. Қазір ол соғыс майданындағы бір қанішердің әйелі болып жүр. Кейін оны да өлтіреді…

Нисаның күллі адамзатты жерге қаратқандай ызалы, қорқынышты әңгімесінен Төлеген де қысылды. Шынында да, Айсамалдың әке-шешесі сынды талай қазақ баласы Сирияда не істеп жүр? Олардың мұнда не шаруасы бар? Кішкентай балаларының жазығы не? Жер бетін жайбарақат басып жүрген бақытты адамдар оқ пен оттың арасынан аман шығып келген бұл балалардың бетіне ертең қалай қарайды?..

– Ниса ханым, Айсамалмен кездесіп тұруға рұқсат етесіз бе? – деді ол өтініп.

– Әрине, болады. Өткенде бір мекемеге Айсамалдың бір-екі құжатын тапсырғанбыз. Егер анықтама қағазы шықса, қызымды өз еліне жіберемін. Бұл өте ақылды қыз, –  деп Ниса оның бетінен сүйді.

Мұны естіген Төлеген қатты қуанды. Үміт болған жерде бақыттың да болатынына іштей сенді.

ххх

Ертеңіне Төлеген мешітке тағы да келді. Қара орамалды Ниса өзге әйелдермен бірге кешегі жерде, жолдың шетінде әңгімелесіп тұр екен. Бұл жолы асыр салып ойнап жүрген балалар өздерінің ағасын көргендей қуанып, Төлегенмен жапа-тармағай сәлемдесіп жатты. Ол қалтасынан кәмпит шығарып, бәріне таратып берді. Айсамал Нисадан ажырар емес. Төлеген оның қасына келіп, шоколад ұсынды.

– Қалайсың, Айсамал?

Айсамал күлімсіреп Нисаға қарады. Ниса ала ғой дегендей қолымен белгі бергенде ғана шоколадты алып:

– Рахмет, аға! – деді.

Төлеген Айсамал екеуміз әңгімелесіп, серуендеп қайтсақ бола ма деп рұқсат сұрады. Ниса:

– Иә, сендер қыдырып келіңдер. Мен әлгі мекемеге барып, анықтама қағазы дайын болды ма екен, сұрап білейін, – деді.

Төлеген Айсамалдың қолынан ұстап, мешіттің кең ауласында арлы-берлі қыдырыстап жүрді. Айсамал оған өзінің көрген-білгендерін айтып, мешіттің құбыла тұсында тұрған кесенелер мен құлпытастардың қайдан пайда болғанын, гүлзар бақтағы әр түрлі гүлдердің қалай аталатынын, тіпті осы маңда жүретін мысықтардың қайдан келгеніне шейін қызыға сұрады.

Мешіттің алдындағы алып шынарға қарай жақындай бергенде бір ақ түсті көбелек бұларға жол көрсеткендей қалықтап, тура алдарында ұшып бара жатты. Оған мәз-мейрам болған Айсамал қуалай жөнелді. Көбелек жетім қыздың көңілін көтеріп, бірге ойнап бара жатқандай еді. Кенет алып шынарға жақындай бергенде, ақ көбелек кілт жоғары көтеріліп кетті. Айсамал басын көтеріп, төбеге ұзақ қарады. Содан кейін қуанышын жасыра алмай секіріп, қол шапалақтады.

Төлеген ағаштың түбіне келіп, көк шөпке жайғасып отырып:

– Айсамал, сен қазақ тілін ұмытпапсың ғой. Жарайсың! Қазақстанда ата-әжең бар ма? – деп оны сөзге тартты.

Қыздың көзінен сағыныш оты жылт ете түскендей болды.

– Ата-әжем жоқ… – деді ол жеңіл ғана күрсініп. — Әке-шешемді сағындым. Мамам қайда?  Папам тірі ме екен? Сіз білесіз бе?..

– Ниса апаң айтып еді ғой, олар құсқа айналып кетті деп.

– Қандай құсқа? Мына құстар сияқты ма? – деді ол тап осы сәтте нанға таласып, даусы саңқ ете түскен шағалаларды көрсетіп.

– Иә, бұлар шағалалар ғой. Теңіздің үстінде ұшып жүреді. Балық аулайды.

Айсамал күлімсіреп, шағала құстарға мұқият қарап алуға тырысты. Ол әке-шешесінің құсқа айналғанына сенді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз күйде қала берді. Содан соң Төлегенге қарай бұрылып:

– Мен мамаммен бірге теңіз жағасына барғанымда шағалаларды көрген едім. Олар біздің қалада да болған. Мүмкін мына құстар сол жақтан ұшып келген шығар? – деді.

– Иә, әбден мүмкін. Демек, сендер бұрын теңіз жағасында тұрғансыңдар ғой, солай ма?

– Иә.

– Ол жақта туған-туысқандарың бар ма? Аға-әпкелеріңді білесің бе? Ұмытқан жоқсың ба?

 Айсамал үн қатпады. Тек білмеймін дегендей ақырын ғана басын шайқады. Сонсоң:

– Аға, сіз шағалалар туралы ертегі білесіз бе? – деп сұрады.

– Иә, білемін.

– Ендеше, маған айтып бересіз бе?

– Әрине, айтып беремін, – деп Төлеген енді шағалалар туралы оқыған бір ертегіні есіне түсіре бастады.

– Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, осы Ыстанбұлдай бір үлкен қала болыпты. Ол шаһарды патша билепті. Патшаның сүйікті қызы сен сияқты сұлу екен. Сондықтан да әкесі қарамағындағы ел-жұртқа қызына сұқтанып қарауға тыйым салыпты. Ханшайым сарай қызметкерлерімен серуенге шыққанда, ел-жұрт оған тік қарамау үшін бастарын иіп, көздерін төмен түсіреді екен.

Айсамал кенет Төлегеннің сөзін бөліп:

– Ал ханшайымға қараса не болады екен? – деді.

– Қараған кісіні дар ағашына асады, – деп Төлеген ертегісін ары қарай жалғастыра берді.

– Бір күні ханшайым серуенге шыққанда бір жас жігіт патшаның тыйым салғанына қарамастан басын көтеріп, оған қарап қалады. Сөйтеді де ханшайымға өлердей ғашық болады. Таңды таңға ұрып, ханшайымның сұлу жүзі көз алдынан кетпейді. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылады. Енді онсыз өмір сүре алмайтынын түсінеді. Басы кесілсе де, ханшайымды тағы бір мәрте көруге ынтызар болады.

Ханшайым да оны ұнатып қалады. Жігітке зияным тиіп кетпесін деп, апталап алтын сарайдан шықпайды. Ақыры шыдамы таусылған жігіт жасырынып, сарайдың биік қамалына шығып, ханшайымды көреді. Екеуі бір-бірімен үнсіз сырласады. Жігіт ханшайымды сүйетіндігін айтпақ болғанда патша нөкерлері оны көріп қалып, ұстап алады.

Сөйтіп, қаһарлы патшаның алдына алып келеді. Жігіт патшаға бар шынын айтып, «онсыз маған өмірдің мәні жоқ!» дейді. Ханшайым да сүйіктісі жазаға тартылмауы үшін әкесіне жалынып-жалбарынады. Қызының көз жасына шыдай алмаған патша жігітті өлім жазасынан босатады. Бірақ оны теңіздің қақ ортасындағы алыс аралдардың біріндегі зынданға апарып тастауды бұйырады.

Сонымен айлар ағып, жылдар жылжып өтіп жатады. Ханшайымды өлердей сүйіп, сағыныштан сарғайған жігіт аралдағы шағалаларға өзінің махаббат сезімі туралы жырлаудан жалықпайды. Олар жігіттің әңгімесін тыңдап, бір-біріне жеткізіп отырады. Сөйтіп, күндердің бір күнінде ол туралы Қарт шағала да естиді.

Оның өзге құстарға қарағанда дене бітімі ірі болатын. Өткір көзінен бүркіттердің өзі именетін. Қарт шағала ұшып келіп,  зынданда жатқан жігіттің мұңын тыңдайды. Содан соң оны қанатына отырғызып алып, патша сарайына дейін алып барып, ханшайыммен кездестіретінін айтады. «Бірақ, саған қоятын бір шартым бар, — дейді. – Осыдан кейін сен өмір бойы күндіз шағала болып ұшып жүресің, тек күн батқан соң ғана қайтып адамға айналасың.»

Ал жігіт болса: «Мына аралда жалғыз қалып өлгенше, күндіз құс, түнде адам болып тіршілік етуге келісемін, — дейді. — Онсыз да адамдар кейде жан-жануарлар, құстар сынды, ал кейде періштелер сынды өмір сүреді емес пе. Ендеше шартыңды қабылдадым.»

Осылайша қарт шағала жігітті патша сарайына жеткізеді. Жігітке сарайдағылардың барлығы қызыға да қызғана қарайды. Патша қызын ұзатып, әлгі жігітке қосады. Бір-бірімен қауышқан ғашықтардың қуанышында шек болмайды. Бірақ жігіт өмір бойы таң атқанда шағалаға айналып, қас қарайғанға дейін теңіздің үстінде ұшып жүретін болады…

– Онда менің мамам мен папам да сол құстармен бірге ұшып жүр ғой, – деді Айсамалдың көзі жәудіреп. – Ертегі қызық екен… бірақ жігітке жаным ашиды. Оның құс болып ұшқаны, мүмкін, жақсы да шығар…

 – Иә, ол өзінің махаббаты үшін күндізгі өмірінен айырылды, – деді Төлеген қыздың ақылына риза болып.

Сол сәтте олар өздеріне қарай жүгіріп келе жатқан Нисаны көрді. Оның бірдемеге қатты алаңдағаны байқалды.

– Полиция бізді жинап әкететін болды. Бұл жерден тезірек кетуіміз керек, – деді ол бұлардың қасына жеткен бойда Айсамалдың қолынан ұстай алып. – Әлгі анықтама қағаз болмаса, бізді не босқындар лагеріне апарып тастайды, не болмаса Сирияға қайтарып жібереді екен.

Ендігі мән-жайды тез түсінген Төлеген консулдыққа барып, Айсамалды отанға қайтару жөнінде өтініш жазатынын айтты. Ниса да олардан басқа ешкімнің көмектесе алмайтынын айтып:

– Ертең осында кездесейік. Асхананың иесі біздің қайда тұратынымызды біледі. Сенен жақсы хабар күтеміз,– деді Айсамалдың қолынан тартып.

Кенет Айсамал оның қолынан сытылып шығып, Төлегенді құшақтай алды.  Төлеген оны бетінен сүйіп:

– Ертең кездесеміз, сонда мен саған тағы да бір қызық ертегі айтып беремін, – деді.

Ниса төңірекке алаңдай көз тастап, қызды өзіне қарай тартты. Сөйтті де, асыға басып кетіп қалды. Айсамал бірнеше мәрте бұрылып артына қарап, Төлегенге қолын бұлғап бара жатты.

ххх

Сол күні Төлеген консулдыққа телефон шалды. Телефон ұзақ уақытқа дейін бос болмады. Одан кейін мүлде ешкім көтермей қойды. Сөйтіп, ертеңіне консулдыққа өзі баруға бекінді.

Түнде аспанға бұлт үйірілді. Алыстан буырқанып, ашу шақырып келіп жағаға соққан толқындардың даусы жер жарады. Терезе алдындағы ағашты долы жел жұлқылайды.

«Балалар жаурап қалған жоқ па екен? Бүгіндікке тамақ ішті ме өзі?.. Ұйықтап жатқанда олар түсінде не көреді екен?» деп ойлады Төлеген.

Шарасыздықтың түпсіз шыңырауына түсіп, тіршілік қамымен жүрген балалардың қайыршы болғанына көңілі қатты налыды. Теңіздей толқып жатқан қоғамның сол балаларды жағаға лақтырып жібергеніне, адамзат баласының тап осындай сұмдық халге жеткеніне іші удай ашыды. Ең үлкен құндылық — балалар, яғни жаңа ұрпақ екенін, расында да, түсіне алмағанымыз ба деп ойлады…

Таңғы азан оқылғаннан кейін консулдыққа қарай асықты. Консулдық кеңсесінде өзін жылы қабақ таныта қабылдап, мұқият тыңдаған  қызметкер әйелге жағдайды толық түсіндіріп айтып берді. Айсамалға көмектесу қажет деді.

Консулдық қызметкері басын шұлғып, міндетті түрде көмек береміз деп уәде етті.

Қат-қабат ауыр ойлар торлаған көңіліне бір жарық сәуле түсіп, үміт оты оянғандай болған Төлеген автобусқа отырып, Сүлеймен мешітіне қарай бет алды. Сөйтіп мешітке жетер-жетпестен-ақ алаңдап, қайыршы балалар мен сириялық әйелдерді іздей бастады. Бірақ олар бүгін ұшты-күйлі ғайып болған секілді. Ол мешітті бірнеше мәрте айналып шықты. Ешкімді кездестіре алмаған соң, асхананың иесі Мехмет Бейге жолықты.

Ол ентігін баса алмай, әрең сөйлеп тұрған жігітке таңдана қарап:

– Бауырым, не боп қалды? –  деп сұрады.

Төлеген аптығып:

– Сириялық балалар мен олардың аналары қайда? Айсамал қайда? – деді үрейленіп.

Мехмет Бей төмен қарады.

– Түнде оларды алып кеткен.

– Қайда?

– Лагерьге шығар…  Кім біледі, Сирияға да алып кетуі мүмкін.

– Қай лагерьге, неге Сирияға? Айсамал ше? Ол отанына оралуы керек еді ғой. Бәлкім, осы қалада болар?.. Анық білесіз бе? Айтыңызшы.

 Мән-жайды ол әлі де толық түсінген жоқ. Мехмет Бейдің айтқанына сенгісі келмеді. Сөйтті де асханадан шыға жөнелді.

Соңынан Мехмет Бейдің:

-Оларға енді  бір Алла ғана көмектеседі, — деген даусы естілді.

 Төлеген өзінің қолынан ештеңе келмегеніне өкінді. Айсамал секілді ондаған, жүздеген, мыңдаған баланың тағдыры белгісіз бір тылсым, түнек толқындардың қақпақылына айналып бара жатқандығын ойлап, жаны шырқырады.

Кенет теңіз үстіндегі шағалалардың шулаған даусы жеткендей болды құлағына. Олардың үні бүгін әлдеқайда ащы, зарлы еді…