Біз бұған дейін үшінші елден көмек сұрайтынымызды айтқан едік қой. Негізі БҰҰ сот өтпей ешқашан рұқсат етпейтін. Заңда да солай. Бірақ мен АҚШ-қа өтініш еттім. БҰҰ-ға барлық мән-жайды жеткіздік. Ұйымның босқындар жөніндегі комиссариаты Сайрагүлге ерекше жағдай жасады, Швеция өзіне келуге рұқсат етті, — деді адвокат.
Сайрагүл Сауытбай 2018 жылы сәуір айында «Қорғас» кеден бекеті арқылы Қазақстанға шекараны заңсыз кесіп өтіп келген еді. Сол жылы мамырдың ортасында оны Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері ұстап, Талдықорғандағы тергеу изоляторына жеткізді. Оған Қылмыстық кодекстің 392-бабы 1-тармағы («Шекараны заңсыз кесіп өту») бойынша айып тағылды.
Қамаудағы Сайрагүл Сауытбайдың мәселесіне халықаралық құқық қорғау ұйымдары назар аударды. Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтармай, халықаралық құқықтарға сай міндетін орындауға шақырды. Бұл іс жайлы әлемнің ақпарат құралдары да жазды.
Сайрагүл Сауытбайдың ісін бір айға жуық уақыт қараған Алматы облысы Панфилов аудандық соты өткен жылы тамызда оны айыпты деп тануға және алты айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды, бірақ оның жазасын «жеңілдететін ерекше жағдайына» байланысты шартты жазаға ауыстырды. Сот Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырды. Судья Динара Құйқабаева БҰҰ балалар құқығы конвенциясына сай Сауытбайды екі баласынан, отбасынан ажыратпау үшін осындай шешім шығарғанын айтты.
Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Ісләм мен оның кәмелетке толмаған екі баласы 2016 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Қазақстан азаматтығын алған. Алматы облысы көші-қон қызметінің жанынан құрылған Босқын мәртебесін беру жөніндегі комиссия 2018 жылы қазанда Сайрагүл Сауытбайдың өтінішін қарап, оны қанағаттандырудан бас тартты.
Бұдан кейін Сайрагүл Сауытбай Талдықорған сотына талап-арыз түсіріп, комиссия шешімін заңсыз деп тануды сұрады. Мамырдың 29-ы күні Алматы облыстық соты қалалық соттың ұйғарымын заңсыз деп тауып, істі қайта қарауға жіберген. Сот әлі жалғасып жатыр. Адвокат Айман Омарова ол сотқа өзіне сенімхат қалдырып кеткен Сайрагүл Сауытбайдың мүддесін қорғап қатысатынын айтты.