Айдос Сарым, саясаттанушы:
Мен міндетті түрде дауыс беруге барамын. Сайлауға қатысу — көзі ашық азаматтың борышы. Егер менің қолымда болса, сайлау заңына өзгеріс енгізер едім. Заңда әр азамат сайлауға қатысып, дауыс беруге міндетті деп көрсетер едім. Австралия, Жаңа Зеландия, Австрия, Бельгия сияқты елдерде сайлауға қатысу — әскерге бару сияқты міндет. Кейбір елде сайлауға қатыспасаң, айыппұл төлейсің. Авраам Линкольннің «Бюллетень оқтан да мықты» деген сөзі бар. Сайлау — елде жүргізілетін ең үлкен әлеуметтік зерттеу. Бұл — Нұрсұлтан Назарбаев қатыспайтын тұңғыш сайлау. Мұның өзі біраз мүмкіндік ашады.
Сайлаудың шамамен қандай болатынына болжамым бар. Сайлау нәтижесі шыққанда биліктің өзі «Мына қалада немесе ауылда билік неге аз дауыс алды?», «Билікке қарсы кандидат неге көп дауыс жинап кетті?» деген зерттеу жүргізуі керек. Оның соңы халықты «Неге қарсы дауыс бердің?» деген бопсалауға емес, керісінше, «Біз неден қателестік?», «Неге сөзіміз бұл ауылдың, ауданның, қаланың учаскесіне өтпеді?», «Болашақта өткізу үшін не істей аламыз?» деген зерттеуге негіз болуы керек.
Бұл сайлаудың ерекшелігі көп. «Менің дауысым ештеңені шешпейді» деп жайбарақат отыру жалған пессимизм дер едім. Себебі менің түсінігімде кез келген сайлау қоғамды есейтеді, оны өзгертеді. Шәкәрімше айтсақ, бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек.
Биылғы сайлауға екі миллионға жуық адам тұңғыш рет қатыспақшы. Олардың дауысы маңызды. Егер сайлау ойдағыдай өтіп, оның нәтижесін Қазақстан халқы, сосын әлем мойындайтын болса, түбегейлі өзгеріс болады. 2001 жылдан бері қоғамның ішінде пайда болған түрлі жік азайып, жаңа саяси өмір, реформа мен бағыт жасауға негіз болады. Егер сайлау баяғы тәсілмен өтетін болса, жаңағы жік одан ары тереңдей береді.
Бэлла Орынбетова, журналист, блогер:
9 маусымда сайлауға барамын. Сайлауға бойкот жарияламас бұрын ойланып көріңізші. 2015 жылы Президент сайлауына Қазақстан халқының 95,11%-ы қатысқан. Сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев электораттың 97,7% қолдауына ие болды. Ал сіз сол сайлауға барып па едіңіз? Айналаңыздағы адамдардан сұрап көріңізші: «Олар сайлауға қатысты ма?», «Қолдап дауыс берді ме?» Егер сайлауға бармасаңыз, билік сіз үшін шешім қабылдайды. Біз, қазақстандықтар, осы уақытқа дейін бұған жол беріп келдік.
Сізге қазіргі жүйе ұнамай ма? Онда сайлауға барыңыз, дауыс беріңіз. Сайлаудың әділ өтуіне үлес қосып, бақылаушы болыңыз. Дәл қазір сайлауға түсе алмай қалған адамдардың жеке басының өкпесіне бола қолжаулыққа айналмаңыз. Себебі бойкот дәл қазіргі жағдайда ешқандай нәтиже бермейді. Сөз бостандығы, әділ соты жоқ мемлекет аз топтың «еркелігіне» басын да қатырмайды. Біздің мемлекетте біреулер бойкот жасады деп сайлауды шегеретініне үміт арту — абсурд.
Бақытжан Бұқарбай, жазушы, AmalBooks баспасының жетекшісі:
Сайлауға қатысамын. Өйткені өзгеріс өзімізден басталады. Ол ешқашан басқа жақтан келмейді. Егер «менің дауысым еш нәрсеге ықпал етпейді» деп үйде отыра берсеңіз, онда ештеңе өзгермейді.
Өзгеріс болсын десек, онда мына үш шартты орындауымыз керек: біріншісі — сайлауға қатысып, дауыс беру; екіншісі — мүмкіндігіңіз болса, сайлау учаскесінде бақылаушы болу; үшіншісі — сайлауда Exit poll-дан «кімге дауыс бердіңіз?» деп сұраса, қорықпай жауап беру. Егер осы шарттар орындалса, билікке сайлаудың қорытындысын фальсификациялау қиын болады.