Димаш Құдайберген «Ақтөбенің 150 жылдығы» медалімен марапатталды

Димаш Құдайберген «Ақтөбенің 150 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды. 28 мамыр күні Ақтөбенің 150 жылдығына арналған мереке барысында медальді әншіге облыс әкімі Оңдасын Оразалин табыс етті.

Мерейтой күні Ақтөбеде әуелі Стритбол орталығы ашылды. Жастар арасында ерекше дамыған көше спорт түрлерінен фестиваль болды. Өңір басшысы қала тұрғындары мен қонақтарын қала мерейтойымен құттықтап, спорт саласының дамуына үлес қосқан  үздіктерге мерекелік медаль табыс етті.

Бұл күні Тұңғыш Президент атындағы саябақта мерекелік кеш өтті. Облыс басшысы жергілікті жұртшылықты айтулы мерейтоймен құттықтады.

Қаланың іргетасы 1869 жылы ақ төбенің басындағы бекіністің негізінде қаланған. Биыл сүйікті қаламызға 150 жыл толып отыр. Ақтөбенің әлеуметтік-экономикалық жағынан өсіп-өркендеуіне қосқан қомақты үлестеріңізге, ерен еңбектеріңізге, азаматтық қоғам құруға белсене қатысқандарыңызға, бейбітшілік пен келісімді сақтауға атсалысқандарыңызға алғысымды білдіремін, — деді Оңдасын Оразалин.

Оңдасын Оразалин өңірге есімі белгілі, түрлі салада еңбегімен көзге түскен 6 азаматқа мерекелік медальді табыс етті. «Ақтөбенің 150 жылдығы» медалі кешке арнайы қатысқан Димаш Құдайбергенге де берілді.

Димаш Құдайберген
Димаш Құдайберген. Фото: Назым Жанғазинова