— Ми жұмысын қалай жақсартқан дұрыс? «Мимен нәтижелі жұмыс істеу» деген не?

— Ми да жүрек сияқты тоқтаусыз қызмет етеді. Сол себепті миға көбірек салмақ түсірген дұрыс. Егер оған салмақ түсірмесеңіз, түрлі ауру пайда болуы мүмкін. Миымыз ағзадағы өте күрделі әрі басты мүше екенін білсек те, оны қалай қолдануды, мүмкіндігін тиімді пайдалануды білмей, көптеген жақсы дүниеден қалыс қалып жатырмыз. Сондықтан «мен жас емеспін», «оның қажеті қанша?» деген ойдан арылу керек. Мидың сіз ойлағаннан да артық қабілеті бар. Көп адам ақпараттың аздығынан «есте сақтау қабілетім нашар» деген тәрізді жаңсақ пікірде. Мимен нәтижелі жұмыс істеудің бір жолы — кітап оқу, оқыған нәрсені елестете отырып есте сақтау. Көбірек кітап оқыған сайын мидың қызметі де арта түседі. Кітап оқу миға ғана емес, ойлау, сөйлеу қабілетіңізге де әсер етеді. Ойлау жүйеңіз кеңи түседі. Бірақ кез келген кітапты алып оқи беруге болмайды. Қазір біз ақпараттың толассыз кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Оның барлығы қажет бола бермейді. Өзіңізге пайдасы жоқ ақпаратты оқу сізге жағымсыз әсер беруі мүмкін. Не оқыдыңыз, не көрдіңіз, не ойладыңыз, дәл қазір санаңызда не бар — бәрінің миыңызға толық әсер ететінін ескеру қажет. Сізге қажет кітапты дұрыс ажырата алмау уақытыңызды босқа құртады. Егер кітаптан пайда алғым келеді десеңіз, әуелі «бұл кітапты не үшін оқып жатырмын?», «қандай ақпарат алғым келеді?», «оны қалай қолданамын?» деген сұрақтарға жауап беріп алыңыз.

— Кітапты жылдам оқудың қандай пайдасы бар? Мұндай техниканы меңгеруді неден бастау қажет?

— «Жылдам оқу тек балаларға керек» деген пікір бар. Негізінде бұл қабілет ақпаратты қабылдау мен ойлау мүмкіндігіңізді арттырғанда қалыптасады. Ол мидың қабылдау деңгейі мен көздің дұрыс жұмыс істеуіне байланысты. Көбіміз бір сөзден бастап, әрқайсын рет-ретімен, сырғытып оқимыз. Негізі мидың мүмкіндігі біз ойлағаннан да жоғары. Адам бір сәтте сөзді ғана емес, мәтінді де оқи алады. Бұл жерде көздің шеткі көру қабілетін көбірек қолданып үйрену маңызды.

Асылзат Мүлкібаева
Асылзат Мүлкібаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Inteli ақыл-ой дағдысы орталығын ашу идеясы қалай пайда болды?

Бұл салаға күтпеген жерден келдім. Басында логистика, тасымалдау, сатып алу сияқты салалармен айналысып, Procter&Gamble компаниясында қызмет етіп жүрдім. Бастапқыда бизнесім жақсы жүрмеген соң «келесі жобам міндетті түрде пайдалы, денсаулығыма кері әсер етпейтін, керісінше, оны жақсартатын, жұмсаған уақытым барынша пайдалы болуы керек» деген мақсат қойдым. Бір күні электрон поштама арнайы ұсыныс хат келді. Онда жады саласында тренер болуды оқытатын курс жайлы ақпарат болды. Сол кездің өзінде ми туралы деректерге ерекше қызығушылық танытып жүрген едім. Осы салаға байланысты Дэниел Аменнің «Миыңды өзгертсең, тәнің де өзгереді!» кітабын оқыдым. Содан 2015 жылы Англияда Тони Бьюзонның өзінен «Жылдам оқу», «Жадыны жаттықтыру», «Интеллект карт» тәсілдерін үйрендім. Тренингтен кейін Inteli.kz жобасын бастадым. Басында орталықты ересектерге арнап ашқан едім. Уақыт өте келе халықтың сұранысы артқан соң бір жылдың ішінде мұғалімдерді дайындап, балаларға арнап Intelikids-ті аштық. Қатысушылардың курстан кейінгі өмірінде айтарлықтай өзгеріс болды. Жылдам оқу техникасын үйренгеннен кейін үш айдың ішінде 17 кітап оқып, жаңа мақсат қойып, жақсы қызметке орналасқан қатысушылар да бар. Әрине, бұл адамның мақсатына байланысты. Табанды дайындықтың нәтижесі соған лайық болады.

Асылзат Мүлкібаева
Асылзат Мүлкібаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Осы сала төңірегінде қандай жобаларды атқару жоспарда бар?

— Бұл әдістерді мектеп бағдарламасына міндетті түрде енгізу керек. Бала оқушы кезінен ақпаратпен дұрыс жұмыс істеуді, көбірек есте сақтауды білсе, оқуға ынтасы артар еді. Осы тәсілдерді білмеген соң көбіміз мимен дұрыс жұмыс істей алмай жатамыз.

Қазір мұғалімдерді оқыту бағдарламаларын бастадық. Бүкіл Қазақстанды қамту жоспарымызда бар. Өкінішке қарай, көбі бұл салаға ақша табу үшін келіп жатады. Толыққанды жүйе құрмай орталық ашқандар біздің салаға айтарлықтай кері ықпал етіп жатыр. Бұл салада мұғалімнің мәртебесін көтеру, кәсіби біліктілігін арттыру да маңызды. Мектепте ақпаратты қалыптасқан, бірізді бағдарламамен қызықсыз береді. Сол себепті бала ақпарат қабылдаудан мектеп жасынан-ақ тез жалығады. Бұдан кейін ол қалай кітап оқиды, қалай өзін-өзі дамытады? Ал қазіргі таңда өзін-өзі дамыту, өз бетімен білім алу, жаңа қабілеттерді үйрену — ең басты өзгешеліктің бірі.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!