Күн жылып, оқу жылы аяқталған соң ойынға құмартатын балалар саны артады. Олар, әсіресе, қолжетімді, көшеде тұрған үрмелі батуттарды таңдайды. Бірақ бұл аттракционның қауіпсіздігіне қаншалықты сенуге болады? Осыған дейін бірнеше қайғылы оқиға тіркелді. Қарағандыда үрмелі батут қатты желден аударылып, соңы бала өліміне әкелді. Мұндай жағдай Маңғыстауда да бірнеше рет қайталанды.
«Ваш личный юрист» Telegram-каналының авторы, заңгер Әділет Шуақбаевтың айтуынша, батут аттракционы заң жүзінде мүлдем тексерілмейді.
Ұлттық заңнама жүзінде билік өкілдері, өкілетті органдар көшедегі үрмелі батутты мүлдем тексеріп, қадағаламайды. Батутты орнатып, одан ақша табудан жеңіл кәсіп жоқ. Жергілікті әкімдіктің кәсіпкерлік бөлімінен кәсіпке рұқсат алып, белгіленген жерде батутты оп-оңай орнатуға болады. Ол қауіпсіздік ережелеріне сай ма, қалай орнатылады, қандай қысым болуы керек, тазалық жағдайы қандай – мұның бәрін ешбір өкілетті орган тексермейді. Менің ойымша, батутқа қатысты белгілі бір ережелер шығарылуы керек. Оған әр көппәтерлі үйдің ауласындағы балаларға арналған ойын алаңын мысалға келтіруге болады. Кез келген ойын алаңы орнатылмас бұрын жергілікті әкімдік өкілдері, төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерінің алдынан тексерістен өтеді. Сол сияқты батуттардың тек қауіпсіздік жағдайын емес, санитарлық тазалығын да реттейтін норма қажет, — дейді заңгер.
Маманның айтуынша, мұндай аттракционда келеңсіз оқиға болса, жәбірленуші келтірілген залал мен моральдық шығынды заң жүзінде өндіріп ала алады.
Батутта келеңсіз жағдай болса, бірден жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін шақыру қажет. Сол жерде батут иесі анықталып, оның үстінен арыз жазу — міндетті рәсім. Балаңыздың жарақатын және моральдық шығынды ескеріп, азаматтық тәртіппен сотта өндіріп алуыңызға толық мүмкіндігіңіз бар. ҚР Азаматтық кодексінің 951-бабының 1-тармақшасына сәйкес, азаматтың өміріне жоғары қауіп көзі арқылы зиян келтірілсе, моральдық шығын зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан өтеледі. Ол үшін арызға балаңыздың алған жарақатын растайтын емхана анықтамасының көшірмесін бекіту қажет. Болған жағдайдың себебін анықтау үшін сотта сараптама тағайындалады. Жергілікті салық комитетіне батут иесінің кәсіппен айналысуына рұқсаты бар-жоғын білу үшін шағым жазсаңыз, артық етпейді, — дейді Әділет Шуақбаев.
Baribar.kz Алматыдағы Орталық демалыс паркінің аттракциондар администраторы Сергей Николаевичтен батуттағы басты қауіпсіздік ережесі туралы сұрап білді. Маман ата-ананың баланы батутқа жіберерде нені ескеруі керек екенін де айтып берді.
Қарағандыда болған қайғылы оқиғада үрмелі батуттың жерге дұрыс бекітілмегені анықталды. Бұл жағдайға қазықтың дұрыс қағылмауы, батут лентасының берік байланбауы, жан-жағы бекітусіз қалғаны себеп болды. Сондықтан ата-ана баласын батутқа жіберерде ең алдымен оның қаншалықты мықты бекітілгеніне назар аударуы керек. Баланың физикалық күшін аңдап, оны үнемі қадағалағыны да абзал, — дейді ол.
Маманның айтуынша, ойынға баланы жібермес бұрын әр аттракционның алдындағы нұсқаулыққа мән беріп, қауіпсіздік шараларымен алдын ала таныс болу керек.
Әрине, қатты жел соққан кезде үрмелі батут жұмысын тоқтатып тұрса, қауіпті емес. Біздегі батут тор сияқты жасалған, жан-жағы қоршалған, орнықты. Оның әр торында бір баладан ғана секіреді, одан артық баланы кіргізбейміз. Себебі балалар маңдайымен соғысып, жарақат алуы мүмкін. Ал үрмелі батуттың өзіндік ережелері бар. Бастысы, балалардың бір жерде үйіліп қалмауы маңызды. Сондықтан да батуттың ішінде кем дегенде бір ересек бақылаушы болғаны дұрыс, — дейді Сергей Николаевич.