«Үркер» ұлттық сыйлығына өтінім қабылдау басталды

25 мамырда еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасындағы "Үркер" ұлттық сыйлығына қатысуға өтінім қабылдау басталды.

Фото: Bnews.kz

www.urker-awards.kz ресми сайтында орналастырылған үлгі бойынша өтінім қабылдау 20 маусымға дейін жалғасады.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұлттық сыйлық баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктер үшін беріледі. Ол өңірлердегі мультимедиа журналистикасын дамытуға ықпал ету, журналистика мәртебесін арттыру, кәсіби стандарттар мен критерийлерді бекіту, қоғамның азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған.

Ұлттық сыйлықтың негізгі мақсаты — талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарын анықтау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлесін тану және журналист шығармашылығына қоғамның назарын аудару.

Сыйлықтың құрылтайшысы және ұйымдастырушысы — Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Өтінім мына номинациялар бойынша қабылданады:

1) Жыл фотографиясы;

2) Жыл репортажы;

3) Жыл аналитикалық материалы;

4) Жыл журналистік зерттеуі;

5) Жыл сұхбаты;

6) Қазақстан туралы жылдың танымдық материалы;

7) Жыл радиостанциясы;

8) Жыл ақпараттық порталы;

9) Жыл газеті;

10) Жыл журналы;

11) Жыл new media-сы (Тelegram-канал, әлеуметтік желілердегі үздік ақпараттық паблик).

Соңғы номинация биыл тұңғыш рет тағайындалып отыр. Үздіктерді арнайы құрылған комиссия айқындайды. Комиссия құрамына еліміздің БАҚ саласының дамуына елеулі үлес қосқан танымал медиаменеджерлер, журналистер, қоғам қайраткерлері кіреді. Жеңімпаздарға 1 000 000 теңге және сыйлықтың арнайы естелік мүсіні табысталады.

Еске сала кетейік, баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» ұлттық сыйлығы 2017 жылы тағайындалған. Екі жыл ішінде еліміздегі басылымдар, интернет-порталдар мен журналистерге жалпы саны 26 сыйлық табысталды.