Сәуле Бөлегенова жақында ғана ұзату тойын жасады. Ол үнемдеу мақсатында кейбір заттарды базардан іздеген. Сәуле бізге 1-2 кеңесін бөлісті.
Базарға демалыста емес, жұмыс күні барыңыз. Бірнеше зат алатын болсаңыз, бәрін бір сатушыдан алыңыз. Ол сізге жеңілдік жасайды. Тойға дайындық кезінде байқағанымыз — көбі білетін үлкен сауда орталықтары киімді Алматының барахолкасынан әкеліп, қымбатқа сатады екен. Сондықтан қымбат бағаға ұрынбай, алатыныңызды әуелі базардан іздеген дұрыс. Қыздардың тұрмыс құратыны біраз уақыт бұрын белгілі болса, қысқы киімін жазда арзанырақ бағамен алғаны жақсы.
Тойбастарды қолдан жасап, мейрамхананы өзіңіз сәндеген тиімді. Оған қажеттінің бәрін базардан алып, қалауыңызға қарай ұйымдастыра аласыз. Осылайша дайын тойбастар мен мейрамхананы сәндеуге жұмсалатын қаражатты екі есе үнемдеуге болады.
Мейрамханаға төрт ай бұрын барып, келісіп қойдық. Сөйтіп 10 мың теңгелік орынды 9 мың теңгеге түсірдік. Той күнін ерте белгілеп, мейрамханаға да біраз уақыт бұрын бронь жасаған өте тиімді. Мейрамхана қызметкерлері той тақалғанда барған клиентке жоғары баға ұсынуы мүмкін. Біз тойды 150 адамға жасадық. Тойдан түскен ақша шығынды өтеді.
«Алматы той» той ұйымдастыру орталығының жетекшісі Ақылбек Жаңабаевтың айтуынша, бұл сервистің бағасы белгілі бір шамамен шектелмейді. Баға клиенттің жағдайына қарай реттеледі.
Орталыққа хабарласатындардың көбі — сауатты, жақсы қызметтегі адамдар. Арасында қалтасы қалың той иелері де бар. Олар тойдың у-шу, қарапайым болып өткенін қаламайды, асабаның сөзі түзу болуын талап етеді. Қазір халық тойды жөнімен жасауды үйреніп келеді. Мұғалімдер де жиі хабарласады. Ал олардың жалақысы көп емес екенін жақсы білеміз. Қатып қалған баға жоқ, жеңілдік жасауға, арзан бағамен қызмет көрсетуге әрдайым дайынбыз. Бәрі мейрамның қанша адамға арнап жасалып жатқанына байланысты. 300 адамдық тойды 100 адамдық тойдың бағасымен өткермейміз ғой.
Той иесінің толық комплектті алуға қаражаты жетпесе, тек асаба мен музыкантты жалдайды. Алматының халқы тойды орта деңгейде тойлайды. Асып-тасып той жасайтындарды жиі кездестірмейміз. Тапсырыс көбіне үйлену тойына жасалады. Қазір үлкен той жасамай, қызды үйден ұзатуға да болады.
Егер той дүйсенбі-бейсенбі аралығына түсіп тұрса, қызмет құнын аздап төмендетеміз. Жұма, сенбі, жексенбі өз бағасы сақталады. Доллардың көтерілуіне, тойдың қызған шағына байланысты баға өзгеріп тұрады. Әр адамның материалдық жағдайына қарай қызмет көрсетуге, көмектесуге тырысамыз. Несие алып, той жасаудың қажеті жоқ. Бұл той иесіне де, екі жасқа да абырой емес. Үйлену тойын дүркіретіп өткізуді ойлаған адам алдын ала қаражат жинағаны дұрыс.
(«Алматы той» ұйымдастыру орталығының байланыс нөмірлері: +7 702 697 39 23, +7 747 666 39 23)
Қаржыгер Күнекей Нұрлан үйлену тойын жасамас бұрын әркім өз бюджетіне қарай әрекет етуі керек деген пікірде.
Той жасауды ойлаған адам бірінші өзіне «Той жасауға жинаған ақшам бар ма?» деген сұрақты қойсын. Егер жинаған қосымша қаражаты болмаса, тойды шағын етіп жасап, рәсуаға жол бермеуі керек. Тіпті, тойды жасамай-ақ қоюға болады. Себебі әркім шығынына, ақшасының қайда жұмсалып жатқанына саналы түрде қарауы керек. Бұл өте маңызды. Той жасау үшін несие алған клиенттерім де болды. Көп ұзамай жастар ажырасып кетті. Олар несиені екіге бөліп, әркім өзіне тиесілі соманы төледі. Той үшін несие алу жақсылыққа апармайды.
Тойды арнайы қаражат жинамай, аз уақыттың ішінде ұйымдастыруыңыз керек болса, кішкентай отырыспен шектеліңіз. Қуанышты үлкен етіп тойлау, басқалардан көрген нәрсенің бәрін істей беру міндетті емес. Үйленуді, үлкен той жасауды бұрыннан жоспарлап жүрсеңіз, келетін қонақтың санына мән беріңіз. Қанша адамға арнап отырыс ұйымдастыратыныңызды алдын ала анықтаңыз. Содан кейін адам санына қарай қаражат жинай бастаңыз.
Неден ақша үнемдеуге болады?
Тойға музыкантты таңдағанда студенттерге жүгінуіңізге болады. Олардың қызметі бұрыннан тойға шығып жүрген, танымал музыканттардан арзан. Әншілерді шақырмай-ақ, туыстарыңыздан көмек сұрауға да болады. Туыстар мен достардың арасынан ән айтатын, аспапта ойнай алатын адам табылады. Қазақстанда тойды 50-60 адамға арнап жасап жүргендерді көп кездестірдім. Бұл өте орынды. Тойды жұмыс күндері жасауға кеңес беремін. Себебі демалыс күндері бәрі қымбатырақ.
Адамдардың көбі қаражатының қанша бөлігін не нәрсеге жұмсап жатқанын есептемейді. Салдарынан үлкен шығынға тап болады. Айлық табысының сол шығынды өтеуге жетер-жетпесін анықтамай, мүмкіндігіне қарамай қарызға батады. Той үшін несие алуға бел бусаңыз, ай сайынғы төлем сіздің табысыңыздың 50%-ынан аспағаны дұрыс. Сонда несиені қиналмай төлеуге мүмкіндік болады.